Умму Сәләмәдан (Алла оған разы болсын) Ол:
«Алла елшісі (с.а.с.): «Қайсыбір пенде басына қайғы-қасірет түскенде: «Иннә лилләһи уә иннә иләйһи ражиъун(а). Аллаһумма, ужурни фи мусибати, уахлиф ли хайран минһә! (Расында біз Аллаға тәнбіз, әрі Оған қайтушымыз. Уа, Алла! Маған қайғы-қасіретімде сауап бер және мен үшін орнына одан жақсыны бер!)» – десе, міндетті түрде Алла оған қайғы-қасіретінде сауап береді және ол үшін орнына одан жақсыны береді», – деп айтқанын естідім», – деген.
(Умму Сәләмә): «Әбу Сәләмә қайтыс болғанда, мен Алла елшісі (с.а.с.) өзіме бұйырғанды айттым. Сонда Алла маған орнына одан жақсыны – Алла елшісін (с.а.с.) нәсіп етті», – деп айтқан (918/3).
Хадиске түсініктеме:
Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) қайғыны былайша түсіндіреді: «Мүминге ауыртпалық түсіретін нәрсе қайғы болып есептеледі». Бір күні Хазіреті Пайғамбардың (с.а.у.) шамы өшіп қалғанда (иннә лилләһи уа иннә иләйһи ражиун) деген екен. Мұны естіген Айша: «Бұл жай ғана шам ғой» қайғыға қандай қатысы бар дегенде Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.): «Жамандық әкелген барша нәрсе мүминге қайғы болып есептеледі» деген. Қайғы келген сәтте «Бақара» сүресінің (иннә лилләһи уа иннә иләйһи ражиун) (156)-аятын оқуды «истиржа» деп айтамыз. Яғни «Біз Алладан келдік, қайтадан Оған қайтамыз» деген мағынаны береді. Бұл сөздер арқылы барлық нәрсенің тіпті жанымыздың да Алланыкі екенін айтқан боламыз. Сайд бин Жубәйр былай дейді: «Осы үмбетке берілген мұндай нығмет басқа үмбеттерге берілмеген. Егер осы нығмет Якуб пайғамбарға (ғ.с.) берілгенде жоғалтып алған баласы Жүсіпті (ғ.с.) қайғырып іздемей, осы аятты оқыған болар еді».
материал «Муслимнің сахих хадис жинақтары» кітабынан алынды,
ummet.kz