25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Зекекттің үкімі

Зекет

Зекет–Ислам дінінде намаздан кейін орын алатын бес парыздың бірі. Өйткені ол Құранның жиырма жеті жерінде намазбен қатар айтылған. Зекет хижраның екінші жылы Рамазан оразасынан кейін Шәууәл айында парыз болды. Зекттің парыздығы Құран, сүннет, ижмағбен дәлелденген.

1.Құран.Құран кәрімнің бірнеше аятында зекеттің парыздылығы жайында айтылған. Мысалы:

وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ

«Намаз оқыңдар, зекет беріңдер...»[1]

خُذْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِم بِهَا

«Күнәларынан тазарып, малдары көбейіп берекеленуі үшін олардың (мұсылмандардың) малдарынан садақа (зекет) ал...»[2] Және:

إِنَّمَا الصَّدَقَاتُ لِلْفُقَرَاءِ وَالْمَسَاكِينِ وَالْعَامِلِينَ عَلَيْهَا وَالْمُؤَلَّفَةِ قُلُوبُهُمْ وَفِي الرِّقَابِ وَالْغَارِمِينَ وَفِي سَبِيلِ اللَّهِ وَابْنِ السَّبِيلِ ۖ فَرِيضَةً مِّنَ اللَّهِ ۗ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ

«Шын мәнінде садақалар (зекеттер), кедей-кепшіктерге, түгі жоқ міскіндерге, зекетті жинауға тағайындалған адамдарға, көңілі жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға т.б.) құлдарды азат етуге, қарызға батқандарға, Алла жолында және қиналған жолаушыларға берілуі Алла тарапынан парыз етілді.»[3]

2.Сүннет. Бес парыздың бірі–зекет екені жайында Пайғамбарымыз (с.а.с) былый деген:

بني الإسلام على خمس : شهادة أن لا إله إلا الله ، وأن محمدا رسول الله ، وإقام الصلاة ، وإيتاء الزكاة ، وصوم رمضان ، وحج البيت

«Ислам діні бес негізден тұрады: Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммедтің (с.а.с) Алланың елшісі екендігіне куәлік келтіру, намаз оқу, зекет беру, рамазан оразасын ұстау, (шамасы келсе) қажылыққа бару.»[4]

Әбу Хурайра жеткізген бір хадисте:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رضي الله عنه أَنَّ أَعْرَابِيا جَاءَ إِلَى رَسُولُ اللّهِ صلى الله عليه وسلم فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللّهِ دُلَّنِي عَلَى عَمَلٍ إِذا عَمِلْتُهُ دَخَلْتُ الْجنَّةَ. قَالَ: «تَعْبُدُ اللّهَ لاَ تُشْرِكُ بِهِ شَيْئًا، وَتُقِيمُ الصَّلاَةَ الْمَكْتُوبَةَ. وَتُؤَدِّي الزَّكَاةَ الْمَفْرُوضَةَ. وَتَصُومُ رَمَضَانَ». قَالَ: وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لاَ أَزِيدُ عَلَى هٰذَا شَيْئا أَبدا، وَلاَ أَنْقُصُ مِنْهُ. فَلَمَّا وَلَّى، قَالَ النَّبِيُّ صلى الله عليه وسلم: مَنْ سَرَّهُ أَنْ يَنْظُرَ إِلَى رَجُلٍ مِنْ أَهْلِ الجنَّةِ، فَلْيَنْظُرْ إِلَى هٰذَا

Бір бәдәуи келіп: «Маған жаннатқа жетелейтін бір амал айтыңызшы,»–деп өтінгенде, Пайғамбарымыз (с.а.с): «Аллаға ешнәрсені серік қоспай құлшылық ет, парыз намаздарыңды оқы, парыз зекетті бер, рамазан оразасын ұста,»–дейді. Сонда бәдәуи: «Шыбын жанымды құдіретті уысында ұстаған Аллаға ант тетйін, бұған басқа артық еш нәрсе қоспаймын және ешнәрсені азайтпаймын,»–дейді. Ол кеткен соң, Пайғамбарымыз (с.а.с): «Кімді жаннаттық адамды көру қуантатын болса, мына кісіге қарасын,»[5]–дейді.

Бұл хадисте де Пайғамбарымыз (с.а.с)  зекеттің маңыздылығын ашық білдірген.

3.Ижмағ. Пайғамбарымыздың (с.а.с) дәуірінен біздің дәуірімізге дейін Ислам ғұламалары зекен ғибадатының парыздылығына қатысты ортақ пікірде болған. Тіпті алғашқы халифа Әбу Бәкір (р.а) зекет бермейміз деген араб тайпаларымен күрескен. Бұған қоса, зекет ғибадатының парыздығын қабылдамаған адамның діннен шығатыны да белгілі. Ал парыздығын қабылдап, бірақ орындамаса, күнәхар болады.

 

 

[1] Бақара 83

[2] Тәубе 103           

[3] Тәубе 60

[4] Бухари «Иман 1»; Муслим «Иман 217»

[5] Бухари «Зекет 1397»

Бөлісу: