25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Зекет кімдерге парыз?

Зекет

Зекеттің белгілі бір адамға парыз болуы үшін төмендегі шарттардың толық болуы тиіс. Олар:

  1. Мұсылман болу;
  2. Азат болу;
  3. Нисап мөлшері;
  4. Толық иелік ету;
  5. Зекет малының өсімді болуы;
  6. Негізгі қажеттерінен артық болуы;
  7. Нисапқа толған дүние-мүлікке бір жыл толу;
  8. Қарыз болмау

Бұларды жеке-жеке түсіндірейік:

1.Мұсылман болу

Ғұламалар бір ауыздан басқа ғибадаттар секілдізекетте де кісінің мұсылман болуын шарт деп есептейді. Сондықтан кәпір зекет бере алмайды. Бұған қоса, Ислам дінінің негізгі шарты болып табылатын бңр Аллаға иман келтірмейтіндерге де зекет жүктелмейді. Өйткені зекет–Алла разылығы үшін ғана жасалатын ғибадат.

2.Азат болу

Себебі, құлдықтағы адам бас бостандығы болмағандықтан малға иелік ете алмайды. Зекет беруі үшін азат болуы шарт.

«Ақыл-есі дұрыс емес адам мен балиғат жасына толмаған баланың малынан зекет беріле ме?»–деген сұрақ туындағанда, ханафи мазхабының ғұламалары оларға зекеттің парыз еместігін айтқан. Дәлелі төмендегідей:

а) Парыз ғибадаттар орындалу үшін ниет керек. Ақыл-есі дұрыс емес, балиғат жасына жетпеген адам ниет етуді білмейді.

ә) Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

رفع القلم عن ثلاث عن النائم حتى ينتبه و عن المجنون  حتى يفيق و عن الصبي حتى يحتلم

«Үш адамға қалам (күнә) жазылмайды: Ақылынан адасқан адам айыққанға дейін, ұйқыда жатқан адам оянғанға дейін және балиғат жасына жетпеген балаға,»[1]–деген

б) Алла Тағала Құран Кәрімде:

خُذْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِم بِهَا

«Күнәларынан тазарып, малдары көбейіп берекеттенуі үшін олардың (мұсылмандардың) малдарынан садақа (зекет) ал...»[2]–деп зекет арқылы күнәдан тазару мақсат етілгенін білдіреді. Алайда ақыл-есі дұрыс емес, балиғат жасына жетпеген адамдарға күнә жазылмайды.

Басқа мазхабтарда балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл есі дұрыс еместерге де малының зекетін беру парыз делінген. Мұндай жандардың малдарының зекетін уәлилері береді деген. Бұның дәлелі:

а) Құран Кәрімде:

خُذْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِم بِهَا

«Күнәларынан тазарып, малдары көбейіп берекеттенуі үшін олардың (мұсылмандардың) малдарынан садақа (зекет) ал...»[3]–деп үлкен-кіші, ақыл есі дұрыс немесе балиғат жасына жетпегендер деп нақты, бөліп-жарып айтпаған. Сондықтан барлық мұсылман зекет арқылы тазаруға мұқтаж дейді.

ә) Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Муазды (р.а) Йеменге жіберерде былай деді:

أعلمهم أن الله افترض عليهم صدقة في أموالهم تؤخذ من أغنيائهم و ترد على فقرائهم

«Байларының малынан зекет алып, кедейлерге беруді Алла Тағаланың парыз еткенін сен оларға үйрет.»[4]. Балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместер зекеттен алуға лайықты болса, бай болған кезінде де малының зекетін беруге міндетті дейді. Әнәс ибн Мәлик (р.а) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім малы бар жетімге бас-көз болса, зекет малын кемітпеуі үшін, оның малымен сауда істесін,»[5]–деген.

Ханафи ғұламалары жоғарыдағы ақыл-есі дұрыс емес және балиғат жасына жетпеген баланың мал-мүлкінің зекетін, соларға қарасып жүрген жауапты адамдар бере алады деген хадисті әлсіз деп есептейді. Сонымен қатар парыз ғибадаттарда ниет шарт деген. Ал ақыл-есі дұрыс емес адам мен балиғат жасына жетпеген бала үшін ниет ету шарт емес. Сондықтан бұларға зекет беру парыз емес деп қарастырған.

3.Нисап мөлшері

«Нисап» сөзінің тілдік мағынасы–«шегара, мөлшер» дегенді білдіреді. Терминдік мағынасы «Зекеттің парыздығын көрсететін белгілі бір мөлшер» дегенді білдіреді.

Қандай да бір адамның күнделікті тіршілікте қолданылатын қажеттіліктері мен қарызынан тыс, нисап мөлшерінде немесе одан да көп байлығы болса, зекет беру парыз. Мал-мүліктің нисабы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) баяндауымен белгіленген. Төрт түлік малмен қоса басқа да байлық түрлеріне қатысты нисап мөлшерлерін төменде қысқаша баяндаймыз:

Түйеде: бес бас;

Сиырда: отыз бас;

Қой мен ешкіде: қырық тұяқ;

Алтында: жиырма динар, яғни, 85  грамм;

Күмісте: екі жүз дирхам, яғни, 595 грамм;

Сауда-саттық заттарының ортақ бағасы нисап көлеміндегі алтын немесе күмістің құнына тең болуы қажет;

Егістік пен бау-бақшадан әр өнім алған сайын егістікті суғару жағдайына қарай өлшенеді.

Егер егіс құдық суымен немесе қандайда бір сутартқыш еңбек күшін жұмсап суарылса 5 пайыз, жаңбыр суы немесе өзен суымен суарылса 10 пайызы беріледі.

4.Толық иелік ету

Ханафи мазхабында толық иелігінде болу дегеніміз:

а) Қолына тимеген, басқаға берген қарызын қайтарып алу мүмкіндігі аз болса, біреу тартып алған, жоғалған, теңізге түсіп кеткен, сахараға көміліп немесе көмген жерін ұмытып қалған және т.б. жағдайларды дүние-мүлік өз иесінің қолына қайта оралғанға дейін зекеті берілмейді. Өйткені бұл мал оның толық иелігінде болмағандықтан зекет берілмейді.

ә)Әбу Ханифа мазхабында әйел адам өз ерінің уәде еткен мәһірін алмайынша, сол мәһірден зекет беруге жауапты емес. Ал ер адам зекетін бермей тұрып алдымен әйелінің мәһірін (неке қиылған заматта немесе кешіктіріп беруге уәделессе де) беруге жауапты. Себебі мәһір де қарызғак жатады. Егер қалған дүние-мүлкінің мөлшері нисапқа жетсе зекетін береді.[6]

б) Біреуге кепіл болып, алып берген немесе өзі кепілдікке алған дүние-мүлкінен зекет бермейді. Өйткені бұл дүние-мүлік өз иелігіне жатпайды.

в) Сатып алған дүние-мүлкі қолына тимесе де, ол малдан зекет береді. Өйткені затты сатып алғаннан бастап толық иелігіне өтеді.

5.Зекет малының өсімді болуы

Иелігіндегі дүние-мүліктен зекет берудің бір шарты: кіріс кіріп, дүние-мүлік көбейіп тұрған болуы керек. Сондай-ақ пайда мен кіріс келтірмейтін, айналымға кірмейтін күнделікті қолданыстағы қажетті заттардан зекет алынбайды. Зекет малының көбеюі екі түрде жүреді.

Табиғи көбею: сауда-саттық арқылы келетін кіріс, мал- мүлік пен егістік өнімдерінен келетінкірістер ай сайын, жыл сайын көбейіп, өсіп отыратын табыс көзі болып саналады.

Құнын жоғалтпауы: алтын мен күміс секілді бағалы заттар ешқашан құнын жоймайтын бұйымдарға жатады. Себебі алтын мен күміс қоғам өмірінде сауда және тауар айналымының басты құралы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ақша және әр түрлі сауда заттарының зекетін алтын мен күміс арқылы бағалап, қияметке дейін құнын жоймайтынын білдірген. Содан бері күнделікті қажетті заттардың құны алтын, күміспен бағаланып келеді. Ал басқа заттар уақыттың өтуіне байланысты құнын жойып, жаңаланып тұрады. Мыцсалы, өткен ғасырдағы бақыр ақша қазіргі заманда қолданылмайды. Бірақ күнделікті өмірдегі ақшаның үкімі алтын, күміспен бірдей. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) және төрт халифаның ұйғаруына қарап фиқх ғұламалары алтын, күміс және ақша айналымға түспей сандықта жатса да құнын жоймайтындықтан  көбею, өсу ерекшелігін сақтайтынын айтқан. Сондықтан бұлардан зекет беру парыз деп есептелген.

6.Негізгі қажеттерінен артық болуы

Ислам діні мұсылман адамға шамасы жететін ғана жүкті жүктеген. Мұсылман отбасына күнделікті қажеттіліктерінен тыс дүние-мүлкі нисап мөлшеріне жетсе, зекет беруі парыз болады. Құранда:

يَسْأَلُونَكَ مَاذَا يُنفِقُونَ

«Алла жолында не беретіндіктерін сұрайды...»[6] деген. Бұл аятта ислам ғұламалары: «Өзі және әйел-бала шағасының күнделікті қажеттіліктерінен артылған дүние-мүліктен Алла жолында жұмсаңдар,»–деп түсіндіреді. Олай болса негізгі қажеттіліктен зекет алынбайды.

Күнделікті өмірде қолданылатын негізгі қажеттіліктерге мыналар жатады:

Өзіне, әйеліне, балаларына жететін бір айлық (бсқа бір риуаятта бір жылдық) азық-түлік, киім-кешектер;

Тұрғылықты үйі, үй жихаздары және отбасына қажетті құрал-саймандар;

Ғалымдардың кітаптары мен өнер адамдарының аспаптары;

Ауруға ем немесе денсаулықты күту мақсатында қажетті дәрі-дәрмек және т.б. заттар;

Мініс көлігі, егістік және шаруашылықпен айналысатын адамдардың трактор, комбайн т.б. техникалары. Бірақ бұл құралдармен, басқаларға жұмыс істетіп ақша табатын болса, тапқан ақшадан зекет беріледі;

7.Нисапқа жеткен дүние-мүлікке бір жыл толуы

Ханафи ғалымдарының көзқарасына сүйенсек, зекеті берілетін байлықтың жыл басы мен жыл соңында нисабы толық болуы шарт. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл турасында:

لا زكاة في المال حتى يحول عليه الحول

«Бір (хижри) жыл болмай байлыққа зекет берілмейді,»[7]деген. Олай болса зекеті берілетін дүние-мүліктің көбейіп, өсетін уақыты бір жыл. Зекет малының мөлшері жыл ортасында көбейіп немесе азаюы зекет беруге әсерін тигізбейді. Маңыздысы, жылдың басы мен жыл соңында зекет малы толық болса, зекет беріледі. Бірақ егістік өнімдерінің бір жылда бірнеше рет өнім алуға болатындықтан, оның зекеті сол өнімді жинаған уақытта беріледі. Сол секілді қазбалы кен байлықтарының зекеті де қолға тиісімен берілетіндіктен, оған да бір жылдың өтуі талап етілмейді.

8.Қарыз болмауы

Мұсылманның қарыздары болса, сол қарыздарын шегергеннен кейін қалған мал-мүлкі нисап мөлшеріне жетсе ғана зекет парыз болады. Егер жетпесе, тек қарызына кетсе, онда оған зекет парыз емес.

Ханафи мазхабында қарызды үш түрге бөліп қарастырған:

а) Кісідегі қарыз.

ә) Алланың парыз амалынан туындайтын қарыз. Мысалы, зекет т.б.

б) Кісі істеген күнәларын жуып-шаю үшін немесе берген уәделерін орындай алмағаны үшін қарыз болуы. Мысалы, нәзір, кәффарат т.б.

бірінші және екінші жағдайда зекет берушінің кісідегі қарызы нисап көлеміндегі дүние-мүлкін (85 грамм алтыннан немесе 595 грамм күмістен) азайтқан жағдайда зекет парыз емес. Алайда үшінші жағдайда, яғни күнәларын жуып-шаю үшін қарыз болса, мұндай жағдайда ол зекет міндетінен босатылмайды.

 

 

[1] Бухари «Талақ 11»; Тирмизи «Худуд 1»

[2] Тәубе 103

[3]Тәубе 103

[4] Бухари «Зекет 1395; 1496»; Ибн Мажә «Зекет 1»

[5] Тирмизи «Зекет 15»

[5] Сарахси «Әл-Мухи»

[6] Бақара 215

[7] Әбу Дауд «Зекет 5»; Дәруқутни «Зекет 1887»

(Бұл материялдар оқырман назарына Н. Анарбаев және Е. Қарақұловтың жазған  «Ислам ғылымхалы (Әбу Ханифа мазхабы бойынша)» кітабынан ұсынылды. «Алматы» баспасы 2015ж.)

Бөлісу: