25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Зекет пен садақа берудің де әдебі бар

Зекет пен садақа берудің де әдебі бар

Зекет

Зекет беруде және садақа таратуда әдепті болу өте маңызды. Мәселен, садақа беруші кісі садақа берерінде алған кісіге алғаны үшін рақмет айтатындай сезімде болу керек. Өйткені, алған кісі берген кісінің парызын өтеуіне себепші болып, сауапқа жеткізіп отыр. Сонымен қатар, берілген садақалар берген кісіге аурудан және пәлекет келуіне бөгет болады.

1) Міндетсінбеу. Қайырымды іс істер кезде назар аудару керек күй Құран Кәрімде былай баяндалады:

«Әй мүміндер! Аллаға, ақирет күніне сенбесе де адамдарға көрсету үшін мал сарып қылатын кісіше, садақаларыңды міндет қылып, ренжітумен жойып жібермеңдер...». (Бақара сүресі, 264-аят).

Осы аятта қайырымдылық жасау керектігін ескерте отырып, оны іске асырар кезде ескерілу керек әдептілік айқын түрде баяндалуда. Яғни, кедейді ренжітіп, кекетіп әрі міндет ете отырып істелген қайырдың Алла алдында ешқандай мәні, құны болмайды екен.

Хазірет Пайғамбар (с.а.у.) былай дейді:

«Үш кісі бар. Қиямет күні Алла олармен сөйлеспейді. Оларға қарамайды әрі оларды ақтамайды. Олар үшін күйзелтуші азап бар». Пайғамбардың (с.а.у.) осы сөздерді үш рет қайталап айтқанын естіп тұрған Әбу Зәр (р.а.): "Бұлар қандай адамдар, уа, Расулуллаһ?» - деп сұрады. Пайғамбар (с.а.у.): «Киімін тәкаппарлығынан сүйретіп, кеудесін көтеріп жүрген адам, бергенін міндетсініп берген адам және жалған ант етіп затын сатқан саудагер!..» - деп айтты. (Мүслим, «Иман» 171)

2) Лаж болса жасырын беру. Зекет, садақа сияқты қайыр істеріндегі маңызды жағдайлардың енді бірі жасырын болмағына назар аудару.

Бірақ, садақа бергендердің және қайыр істеушілердің мұндай ізгі істерінің елге жариялануы да пайдалы болуы мүмкін. Сол арқылы, халық арасында кедей-кепшікке жәрдем беру ісі де етек алары сөзсіз. Құран Кәрімде Хақ Тағала былай айтқан:

«Садақаларды жария берсеңдер бұл жақсы бір іс. Бірақ, оларды пақырларға жасырын түрде берсеңдер, бұл сендер үшін одан да қайырлы» (Бақара сүресі, 271-аят).

Діннің негізгі мақсаты – әуелі адамдарға Алланың барлығын және бірлігін қабылдатып, жүректеріне бекіткеннен соң, оларды игі, салиқалы адам етіп тәрбиелеу және сол арқылы, қоғамда тыныштық орнату. Бұған көңілдерде мейірім мен қамқорлық сезімін аятатын зекет пен садақаның арқасында қол жеткізуге болады... 

3) Зекет пен садақа берерде ең басты маңыз аудару керек нәрсе – риясыз, ықыласпен Алланың ризалығын көздеу.

Қайырымдылық жасайтын кісілердің жасаған қайырларына мақтанулары, біреуден рақмет күтулері және міндет қылулары мүлде дұрыс емес. Осындай ойлар, істеген қайырларының барлық сауабын жойып тастайды. Әсілінде, берген кісі алған кісіге рақмет айтуы тиіс.

4) Алланың ризалығынан басқа мақсаты болмау. Өйткені Алланың құзырында қабылданатыны да осы. Алла Тағала Құранда былай айтқан:

«Олар өздері жақсы көріп тұрса да тамақтарын кедейге, жетімге және тұтқынға береді де оларға: "Мынаны сендерге Алла ризалығы үшін беріп тұрмыз. Сендерден (бұл ісіміз үшін) сый-құрмет және рақмет күтпейміз. Біз Раббымыздың қорқынышты азабынан адамдардың беттері тырысып, бүрісіп қалатын күнінен қорқамыз" дейді. Алла да оларды сол күннің жамандығынан сақтайды. Олардың жүздеріне жарық, көңілдеріне қуаныш сыйлайды» (Инсан сүресі, 8-11 аяттар).

Міне, осылайша инфақ (қайыр-садақа беру, сауапты іске ақша жұмсау) ісін риясыз түрде орындап, шынайы жомарттық қасиетіне жете алсақ, нендей бақыттымыз!

материал «Ораза, зекет, садақа» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: