25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Зекеті берілетін мал-мүліктің түрлері

Зекет

Зекет–адамдар арасындағы теңдікті сақтау, кедей-кепшіктер мен байлар арасындағы қарым-қатынас пен бауырмалдықты күшейту үшін Алла тарапынан бекітілген үкім. Алайда зекетке қатысты үкімнің де өзіндік шарттары бар. Зекет адамның мал-мүлкіне қарай бірнеше топқа бөлінеді. Бұлар төмендегідей:

Ақшаның зекеті

Хазірет Пайғамбарымыз (с.ғ.с), төрт халифа мен Омаядтар дәуірінде динар (алтын ақша) мен дирхам (күміс ақша) қолданылған. Сол кездері қазіргідей қағаз ақша болмағандықтан мазхаб имамдары қағаз ақша жайлы ашық еш нәрсе айтпаған. Бірақ соңғы ғасырдың ғалымдары алтын мен күмістің орнына қазіргі қағаз ақша қолданылғандықтан, зекет нисабын белгілеуде алтын мен күмісті негізге ала отырып есептеген. Сол үшін 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең немесе одан да көп ақшасы бар адам байлығының қырықта бірін зекет ретінде беруі–парыз.

Бүгінгі таңда ақша орнына пайдаланылатын чек, акциялардың зекеті де ақшамен есептеледі.

Алтынның зекеті және нисап мөлшері

Ханафи мазхабында алтын өнделсе де өнделмесе де, тіпті әшекей үшін пайдаланылса да, барлығынан зекет беру–парыз.

Алтынның белгіленген нисап мөлшері–жиырма мисқал, яғни 85 грамм. Міне, осы 85 грамм алтыннын 2,125 грамм зекет ретінде беріледі. Бұл жалпы мал-мүліктің 2,5 пайызы болып саналады. Яғни 85 грамның қырық та бірі беріледі. Кісінің 85 грамм алтынға немесе одан да көп байлыққа ие болғанына бір жыл болуы шарт. Али (р.а) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) алтынның нисап мөлшерін былай деп білдірген:

«Алтын жиырма дирхамға жетпейінше зекет алынбайды. Сенің жиырма динар алтының болып, оған бір жыл толса, жарты динар зекет беруің керек.» [1]

Алтынның басқа затпен араласуы

Басқа металдармен араласқан таза емес алтынның зекеті жайында Ислам ғұламалары әр түрлі пікір білдірген. Ханафи мазхабында таза алтын басқа қоспа металдардан басым немесе тең болса, барлығы алтын деп есептеледі. Ал егер қоспа құрамы басым болса, онда сауда заттары сияқты өлшеніп, құны нисап мөлшеріне жетсе, зекеті беріледі.

Күмістің зекеті

Дінімізде күмістен зекет беруде алтындағы өлшем негіз болып саналады. Сондай-ақ Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) Әбу Саъид әл-Худри (р.а) жеткізген хадисте күмістің нисап мөлшерін былай баяндаған:

 «Бес ауақтан (200 дирхамнан) аз күмістен, бес заудтан (бес туйеден) аз түйеден, бес аусуқтан (бидай, арпа, жүгері, құрма жемісі т.б. алпыс уыстан) аз егістік өнімдерінен зекет алынбайды.»[2]Бұл хадистегі бес ауақ – 200 дирхамға тең.

Әнәс ибн Малик (р.а) өзіне хазірет Омардың 20 динардан жарым динар алуды әмір еткенін айтса, басқа бір риуаятта Ибн Омар (р.а) хазірет Алиге (р.а): «Сахабалардың күміс нисабының 200 дирхам екендігіне қарсы шыққан пенде болмады,»–күмістің нисап мөлшері – 200 дирхам, яғни 595 грамм екенін нақтылап айтқан. Осы мөлшердегі күміске бір жыл толған болса, оның қырықты бірін (25%) зекетке беруі парыз етілген.

Алтын мен күмістің нисап мөлшерінен артығы қалай есептеледі?

Әбу Ханифаның көзқарасында алтынның мөлшері нисап көлемінен, яғни 85 грамнан асса, бұл асқан алтынның мөлшері 4 мисқалға (17 грамм) жетпейінше бұл 4 мисқалдан(17 грамнан) зекет алынбайды. Тек 85 грамм алтыннан зекет алынады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Әрбір қырық дирхамнан бір дирхам зекет парыз,»[3]–деген сөзін дәлел ретінде келтіреді.

Күмістің нисап мөлшері 200 дирхам. Егер бір кісінің 239 күміс дирхамы болса, тек 200 дирхамнан ғана зекет береді. Ал қалған 39 дирхамы 40-қа жетпегендіктен зекет берілмейді.

Сондықтан әрбір нисап көлемінен асқан алтын немесе күмістің мөлшері, алтын болса 4 мисқалға, кұміс болса 40 дирхамға жетпесезекет бұл мөлшерінен берілмейді. Ал ханафи мазхабынын басқа имамдар бойынша алтын мен күміске қанша мөлшер қосылса, соның барлығын, толығымен есептеп екі жарым пайызынан зекет береді.

Егер нисап көлемінен асқан алтын 17 грамға жетпейтін болса, мұны басқа зекет малдарына, мысалы, ақшасына қосқан жағдайда нисап мөлшеріне жетсе, 2,5% зекетін береді. Бұл мәселеде Имам Мұхаммед, Әбу Юсуф және Әбу Ханифадан басқа имамдардың пікіріне сүйенсек, 85 грамнан асқан алтыннан 17 грамм мөлшеріне жетсін-жетпесін  қырықта бірінен зекет алынады.

Бір адамның қолында 10 динар (алтын) мен 100 дирхамы (күміс) болып, екеуі қосылғанда нисап мөлшеріне жететін болса, зекеттің қайсы түрінен берілсе де дұрыс. Егер біреуі көбірек болса, зекетті көбірек болғанынан бергені абзал.

Бір адамның алтын немесе күмістен жасалған заттар мен бұйымдары нисап көлеміне жетіп жатса, зекетін екі түрлі жолдың бірімен беруі тиіс. Егер алтындай берер болса, бұйымның салмағы өлшеніп, қырық та бірі беріледі. Ал басқа зекет малдарынан берілетін болса, бұйымның салмағына қарай емес, бағасына қарай өлшеніп беріледі.

Әшекей бұйымдар үшін пайдаланылған алтын мен күмістен зекет беріле ме?

Ханафи мазхабында әйел адамдардың алтын мен күмістен жасалған зергерлік бұйымдары, яғни, әшекей алқа, сырға, білезік-жүзік немесе отбасындағы ыдыс-аяқ т.б. бұйымдары нисап мөлшеріне жетіп, бір жыл толса, алтын мен күмістің әр елдегі құнына қарай есептеліп, қырық та бірі зекет ретінде алынады. Амр ибн Шұғайып жеткізген бір хадисте:

«Бір йемендік әйел әйел Пайғамбарымызға қызын ертіп келді. Қызының қос қолында да алтын білезік тағуды еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сен мына алтынның зекетін бересің бе?»–деп сұрайды. Қыз: «Жоқ,»–деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Саған қиямет күні Алла Тағаланың осы екі білезіктің орнына тозақ отынан екі білезік тағуын қалайсың ба?»–деп сұрайды. Сонда әлгі қыз екі білезікті шығарып: «Ол екеуі Алла мен Оның елшісінікі,» дейді[4].  Ал шафиғи мазхабында әшекей бұйымдар үшін зекет берілмейді. Өйткені әшекей бұйымдар әйел адамның бұйымдары қатарында қаралған. Бірақ шафиғи мазхабында егер әйелдің әшекей бұйымдары нисап мөлшеріне жететіндей көп болса, бұны ысырап санап, зекет беруі керек деген.

Егер әшекей бұйымдар нисап көлеміне жетсе, жоғарыдағы хадиске сүйене отырып ханафи мазхабын ұстану яғни зекетін беру мұқтаждарға көмектесудің жолын одан әрі кеңейте түспек.

Алтын мен күміс әшекей зат ретінде қолданылсын немесе сандықта сақталсын бәрібір нисапқа жетсе, зекеті беріледі. Өйткені алтын мен күмістің болмысы әрқашан құнын жоймайды, өсу негізі бар. Сондай-ақ, алтын мен күмістің өсіп, айналымда болуы шарт емес. Ал нисапқа жетпесе зекеті алынбайды.

Әйел адамның алтын мен күмістен басқа қымбат бағалы тастардан жасалған әшекей бұйымдарынан зекет алынбайды.

 

 

[1] Бухари «Манақибул-ансари 27»; Абу Дауд «Зекет 5»

[2] Бухари «Зекет 4»; Муслим 1/3

[3] Ибн Мажа «Зекет 1460»

[4] Әбу Дауд «Зекет 3»

Бөлісу: