25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Зекеттің дұрыс орындалуының қосымша шарттары

Зекет

Зекет беру үшін зекет берушінің жеке басы мен мал-мүлкіне қатысты жоғарыда аты аталған барлық шарттар орындалуы тиіс. Сонымен қатар зекеттің дұрыс орындалуы үшін мынадай қосымша шарттары бар:

1.Ниет

Амалдардаң дұрыс болуы үшін басты шарт–ниет. Зекетті басқа нәпіл садақалар мен күнделікті істерден ерекшелейтін де осы ниет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде былай дейді: «Амалдар тек қана ниетке байланысты»[1]. Сондықтан зекет берерде шартты түрде жүрегімен ниет етуге тиісті. Ал тілмен жария айту–мустахап. Алайда зекет алған адамның, алған мал-мүліктің зекет малы екендігін білу шарт емес. Зекетті дерген кезде алушының көңіліне ауыр тимес үшін: «Сізге деген сыйлғымыз,»–деп беруіне болады.зекет беруші, кедей кісіге жардем ретінде берген ақшасын, зеке есебіне жатқызуына болады, егер берілген ақша жұмсалмаған болса. Ал кедей адам алған ақшаны немесе дүниені қолданып, жұмсап қойса, қанша жерден ниет етсе де зекет болып саналмайды.

Зекет берерде төрт мазхабта да ниет ету шарт. Егер зекетін бөліп-бөліп беретін болса, бастапқы ниеті жеткілікті саналады.

Бір адам зекет бергенде, парыз зекет немесе нәзір, кәффарат сияқты уәжіп ғибадаттарды ниет етпестен, кембағалдарға бүкіл малын Алла ризалығы үшін садақа ретінде берсе, парыз зекеті мойнынан түседі. Өйткені ниет ету арқылы зекетті басқалай уәжіп пен нәпіл ғибадаттардан ара-жігін ажырату керек болатын. Ал бұл жағдайда ара-жігін ажыратудың қажеті жоқ.

2.Иелендіру (тамлик)

Иелендіру дегеніміз – байлықтың зекетін Құранда белгіленген адамдарға беру. Яғни, тиісті кісілерге зекетті қолдарына беріп, ары қарай қалай пайдалануды ол кісілердің өз еріктеріне қалдыру. Кедейлерді тамақтандырып тойдыру, көпір, жол сияқты қайырымдылық істер жасау иелендіру болып саналмайды. Өйткені мұндай жағдайда мұқтаж жандар ақшаны немесе дүние-мүлікті қалауынша жұмсай алмайды. Зекет алуға құқығы бар адамдар жайында Құран Кәрімге:

إِنَّمَا الصَّدَقَاتُ لِلْفُقَرَاءِ وَالْمَسَاكِينِ وَالْعَامِلِينَ عَلَيْهَا وَالْمُؤَلَّفَةِ قُلُوبُهُمْ وَفِي الرِّقَابِ وَالْغَارِمِينَ وَفِي سَبِيلِ اللَّهِ وَابْنِ السَّبِيلِ ۖ فَرِيضَةً مِّنَ اللَّهِ ۗ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ

«Шын мәнінде, садақалар (зекеттер) кедей-кепшіктерге, түгі жоқ міскіндерге , зекетті жинауға тағайындалған адамдарға, көңілдері жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға), құлдарды азат етуге, қарызға батқандарға, Алла жолына және қиналған жолаушыларға берілуіАлла тарапынан парыз етілді,»[2]–делінген.

Құранда аталған бұл сегіз топқа қатысты арнайы төменде түсініктеме жасайтын боламыз.

Зекетті беруге асығу

Төрт мазхаб ғұламалары әрбір мұсылманға дүние-мүлкінисап көлеміне жеткен жағдайда зекетін уақытында беруін парыз деген. Байлығының зекетін бермей, себепсіз кешіктіру дұрыс емес. Мүндай кісі күнәһар блады. Өйткені зекет–зекет алушының ақысы. Дінімізде кісі (пенде) ақысын бермеу немесе себепсіз кешіктіру аманатқа қиянат болып табылады. Уқба ибн Харис (р.а) былай дейді:

عن عقبة بن الحارث رضي الله عنه قال صليت وراء النبي صلى الله عليه وسلم بالمدينة العصر فسلم ثم قام مسرعا فتخطى رقاب الناس إلى بعض حجر نسائه ففزع الناس من سرعته فخرج عليهم فرأى أنهم قد عجبوا من سرعته فقال ذكرت شيئا من تبر عندنا فكرهت أن يحبسني فأمرت بقسمته

«Пайғамбарымызбен (с.а.с) бірге екінті намазын оқыдық. Алланың елшісі сәлемін беріп болды да, дереу орнынан тұрып, бөлмесіне қарай кіріп кетті. Көп өтпей сахабаларының жүзінен бұл әрекетіне таңғалғанын байқап былай деді: «Намазда тұрғанымда үйдегі алтын есіме түсті. Бұл алтынның түні бойы бізде болуын қаламадым. Дереу (пақыр-міскіндерге) таратылуын бұйырдым...»[3]–дейді.

Ғалымдардың көпшілігі кембағалдарға берілетін садақаны үйде сақтамауға, зекетті кешіктірмеуге кеңес береді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) аталған іс-әрекетін үммет үшін өнеге деп қараған.

Әрдайым жеңілдікті басты назарда ұстайтын дініміз зекет иесіне алушы таппай қалған жағдайда, немесе басқа да себептер туындағанда зекетін кешіктіріп беруіне рұқсат еткен. Бір риуаятта хазірет Омардың (р.а) құрғақшылық жылында мұсылмандарға малдарының зекетін кешіктіріп келесі жылы бергізгені айтылған.

Ислам ғұламалары парыз зекетті рақым айы болған Рамазан айында беруді әдетке айналдырған. Бірақ зекет парызын өтеу үшін белгілі бір ай немесе күн бекіту міндетті емес.

Ханафи мазхабында бір адам малының зекетін бөліп беруге дайындап қойғаннан кейін, әлі бермей тұрып жоғалса, ұрланса немесе т.б. себептермен қолынан шығып кетсе, орнына жаңадан басқалай зекет беруге жауапты емес. Ал, егер байлығының зекетін әлі бөлмей тұрып малы апатқа ұшыраса, қолында қалған малы нисап көлеміне жетпесе, зекет парыз болмайды. Егер де малының кейбірі апатқа ұшырап, қолында әлі нисап мөлшерінен көп байлығы қалса, тек қолындағы байлығының зекетін береді.

 

 

[1] Бухари «Бәдул-уахи 1»; Муслим «Имара 155»

[2] Тәубе 60

[3] Бухари

Бөлісу: