Ислам діні – тағат, құлшылық мәселелерімен ғана шектелмейтін өмірдің барлық саласы қамтылған кәміл дін. Ал, дінімізде айтылатын «құлшылық» сөзінің де мағынасы тереңде жатыр.
Ислам ақиқат діні болғандықтан да құлшылық жасауды намаз, ораза сияқты белгілі шариғи ғибадаттармен ғана шектемейді, ауқымы кең. Ислам діні ғибадат ретінде қарастырған істердің бірі – адалынан табыс табу үшін еңбектену.
Құран Кәрімде:
وَأَن لَّيْسَ لِلْإِنسَانِ إِلَّا مَا سَعَىٰ
«Шын мәнінде, адам үшін өз табысынан басқа ештеңе жоқ» делінген («Нәжім» сүресі, 39-аят). Кәсіпкерлік жолында еңбек етудің маңыздылығын айтумен қатар, адамның өз еңбегінің табысы ғана қайырлы екенін меңзейді.
Сахабалар Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге отырған кезде маңынан күшті, қажырлы, қайратты бір кісінің өтіп бара жатқанын байқайды.
Расулалланың (с.ғ.с.) сахабалары:
– Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Бұл кісі Алла жолында еңбектенсе еді..., - дейді.
Сонда Мұхаммед (с.ғ.с.):
– Егер бұл кісі үйінен бала-шағасына ризық табу ниетімен шыққан болса, онда ол Алланың жолында. Қарт ата-анасының қажеттілігін қамтамасыз ету үшін шықса да, Алла жолында. Өз нанын табу үшін шыққан болса да, Алла жолында. Алайда, сырт көзге көрсету мақсатында шыққан болса, онда Ібілістің жолында болған болады, - деп өз еңбегімен күн көруге насихаттайды («Әт-тәрғиб уәт-тәрһиб», ІІ том, 524 бет).
Дана халқымыздың ой толғамдарында да адал еңбек етуді қуаттайтын фолкльорлық құндылықтар жеткілікті. Атап айтқанда, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Бейнет түбі – зейнет» деген мақалдарда еңбектеніп, кәсіп етудің адам баласының өмірі үшін маңызды екені баяндалады.
Нарықтық экономика үрдісіне сай, бүгінгі күнде ел арасында кәсіпкерлікке деген құлшыныс күн санап артып келеді. Бұл құптарлық жайт.
Асыл дініміздің бес шартының ішіндегі «зекет» пен «қажылық» ғибадаттарын орындау үшін бай болуы тиіс. Осы тұрғыдан кәсіп істеудің қаншалықты маңызды екенін аңғарамыз. Алайда, Ислам дінінде байлыққа тек адал еңбектену арқылы ғана қол жеткізу аса маңызды. Осыған байланысты қасиетті Құран Кәрімде:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ كُلُوا مِمَّا فِي الْأَرْضِ حَلَالًا طَيِّبًا
«Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің адал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 168-аят). Бұл аятта табылған ризық-несібенің келу қайнары адал еңбекпен болуы керектігі меңзеліп, әрбір адам баласына тиісті өлшем ретінде айтылған.
Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде де еңбек етіп табыс табудағы көңіл бөлуге тиісті мәселеге баса назар аударылған. Әбу Һұрайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Мұхаммед (с.ғ.с.) бір күні сахабаларына былай деді: «Әй, адамдар! Алла тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабыл алмайды. Алла Пайғамбарларға бұйырғанын мүміндерге де бұйырған. Мәселен, Пайғамбарларға:
يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا ۖ إِنِّي بِمَا تَعْمَلُونَ عَلِيمٌ
«Әй, Пайғамбарлар! Таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер» («Мүминун» сүресі, 51-аяты) десе, ал, мүміндерге:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُلُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ وَاشْكُرُوا لِلَّهِ إِن كُنتُمْ إِيَّاهُ تَعْبُدُونَ
«Әй, мүміндер! Сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172-аяты) деп әмір еткен», - деді де, әңгімесін жалғап: «Қасиетті сапарға шыққанмен үсті-басы ретсіз, шашы ұйпа-тұйпа, бірақ қолын жайып: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға оқып отырған біреу туралы «Бұл кісінің ішкені – харам, жегені де – харам, кигені де – харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?», - деді» (Мүсілім, зекет, 65). Аталмыш хадистен дұға тілектің қабыл болуы үшін де адамның ішкен-жегені, кигені адалынан болуы керек екенін түсінеміз.
Міне, осы аяттар мен хадистер адал табыс табудың мәні мен маңызын ұғындыра түседі. Сондықтан, мұсылман адам күнделікті жасап жүрген істерінің, тапқан табысының қайырлы болуы үшін адал еңбек етуі тиіс.
Қорыта айтқанда, кәсіп ету ғибадатында да адал еңбектенудің маңызы ерекше.
Мамлюк Мусаев,
«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы