Қиямет күні Құранды оқып, жаттап, әрі соған сай амал еткен адамға: «Оқы және жоғарыла, дүниеде қалай оқыған болсаң, дәл солай оқы. Расында, сенің орның – ең ақырғы оқылатын аятта», - делінеді екен. (Әбу Дәуд, Ахмад)
Демек, жүрегінде Құраны бар адам оның жемісін тек бұл дүниеде ғана көріп қоймай, Мәңгілік өмірде де абыройы асқақтап, жоғары дәрежеге ие болады. Құранның кереметі сол, адам өз өміріне керек дүниенің барлығын осы Кітаптан табады.
Сахабалардың бірі Уқба ибн Әмір (р.а) Алла Елшісінің (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізген: «Егер Құран адамның терісі болса және ол адамды отқа салса, өрт оған титтей де зиянын тигізе алмас еді» (Ахмад, әт-Тахауи)
Иә, күнделікті өмірде де ештеңесі қалмай түгелдей жанып кеткен алып ғимараттардың ішінде тек Құран кітаптың жанбай немесе жартылай ғана от шарпып аман шығатынын көріп жүрміз. Бұл – Жаратушы тарапынан адам баласына анық ескерту ғана. Алланың сөзіне ешкім зиян келтіре алмаса, ол бұрмаланбай, қате-кемшіліктен ада күйде сақталатын болса, демек, жүрегіне Құран ұялаған пенде де дәл солай тозақ отынан аман қалатынына еш күмән жоқ.
ummet.kz