25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Құдай жолымен жүрсең, жыламайсың…»

Сұхбат
Жарнама

Жасаған Ием, Жаратушы Құдірет – Алла Тағаланың 99 аты бар. Таспих моншақтары – 99.

***

Біреулерге Құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан – бәрі бар. Төрт құбыласы сай.

Бірақ Иман жоқ.

Ең сорлы адам – сол.

Бір кем дүние.

***

Жалған дүниеден өтер алдында жарты әлемді жаулаған Әмір Темір жанындағыларға аманат айтты:

– Мен өлген соң жылап-сықтап, дауыс көтермеңдер. Оның түкке қажеті жоқ. Ажалды біреу айқалап, қорқытып қуады ма екен? Киімдеріңді жыртып, жынды адамша жүгіргеннен гөрі Алладан «Аллаһу акбар» деп маған мейірім тілеңдер. Жүрегімді жылыту үшін «Фатиханы» оқыңдар.

Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір де мейірімге мұқтаж.

Бір кем дүние…

***

Тәңірдің құдіретіне таң қаласың. Құдірет әлемді әділ, сағат тетігіндей мінсіз жаратты.

Бәрі тәртіпті: Күн де, Ай да, Жер де тек өз жолымен жүреді. Сансыз жұлдыздар да бәрі тура жолмен жүреді.

Ал адамдар ше?

Пайғамбарлар, сахабалар, аса бір данышпандар болмаса, көбі қисалаңдай береді. Бұралаң жолдарға түседі. Адасады, сүрінеді, құлайды.

– Е, Құдай, не жаздым?! – деп жылайды.

Құдай жолымен жүрсең, жыламайсың.

Бірақ соны ұмыта береді.

Бір кем дүние.

***

Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады.

Адамды аздыратын жаман қылықтар да өзіңнен шығады. Ол да тат. Оны сабындап жуып кетіре алмайсың.

Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап.

Ең бірінші – Құран!

Екінші – хадистер!

Ұлы классиктер.

Қазақтың ұлы ақын-жазушылары.

Кітап жем, су сұрамайды. Кітап – ғажайып қазына.

Кітап – өмірсерік.

Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді.

Бір кем дүние.

***

Әкеміз Мұртаза марқұмның қызғылтым шырайлы, әдемі гүлдері жайнаған жап-жаңа жайнамазы бар еді.

Алдымен мешіт бұзылды. Оның үйінді болып қалған кірпіштерінің үстінде байғыз дейтін құс сұңқылдап, зарлап отыратынды шығарды.

Көп ұзамай Мұртаза рахметілік «халық жауы» ретінде ұсталды. Бұл 1937 жылдың, сірә, желтоқсан айы еді.

НКВД үйге тінту жасады. Мен ол кезде бес жасар баламын. Бәрі есімде. Тінткенде бәлендей байлық табылған жоқ. Тек бір милиционер төрде ілулі тұрған жайнамазды жазып көрді де: «Е, мынау шұлғау болуға жақсы екен. Аяғым тоңып жүр еді», – деп Алланың аты жазылған жайнамазды бүктеп-бүктеп, қойнына тыға салды…

Арада алпыс жыл өткенде жолым түсіп, Кереку қаласына барып, мешітіне кіріп, дұға оқығанда, Тәңірі жарылқағыр бас имам маған Қағбадағы мешіттің суреті салынған сұлу жайнамазды сыйлады. Сонда баяғы милиционерге шұлғау болып, қорланған жайнамаз ғайыптан құс болып келіп, қолыма қонғандай ғажайып хал кештім.

Бір кем дүние.

***

Самайға ақ кіріп еді, мұрт та ағара бастады. Ұялған ұрыдай болып қастың бір талы да ағарыпты.

Сөйте-сөйте… Сүйек те ағарады-ау…

Несіне тырбаңдаймыз?

Бәрі де өтеді.

Өтпейтін тек уақыт қана.

Адамдар: «Уақыт өтіп барады», – деп өкінеді. Шынында өтіп бара жатқан уақыт емес, өмір өтіп барады.

Ал уақыттың басы да, аяғы да жоқ.

Уақытты жылға, айға, сағатқа, минөтке, секөндке, ғасырға бөліп жүрген адамдар ғой.

Уақыт – мәңгілік. Мәңгілік басталмайды да, аяқталмайды да.

Бәрін бір Алла біледі.

Алла білімі шексіз.

Білімі шектеулі адамдар.

Бір кем дүние.

 

 

“Бір кем дүние” кітабынан

«Ел ана»

Бөлісу: