25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Наурызбай қажы Тағанұлы: Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің

Наурызбай қажы Тағанұлы: Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің

Сұхбат
Жарнама

Мүфтияттың жамағатқа діни терең мәселелер бойынша пәтуа беруден кейінгі бірінші мақсаты – сауатты, рухани дүниесі бай қоғам қалыптастыруға зор үлес қосу. Бұл орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атқарып жатқан жұмыстарының ауқымды екенін байқаймыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлынан алған сұхбатта осы жұмыстардың маңызы жайында айтылады.

– Құрметті Наурызбай қажы Тағанұлы, 2021 жылдың 7 ақпанында бас мүфти болып сайланғаныңызға 1 жыл толды. Бас мүфти болу қандай жауапкершілік жүктейді?

– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Расында, діни қызмет – сауабы көп, соған сәйкес жауапкершілігі де жоғары жұмыс. Алла Тағала ер-азаматқа көп аманат жүктеген. Ол әуелі отбасына, өзі жетекшілік ететін ұжымға, тіпті өзіне міндеттелген сала бойынша барлық өңірге жауапты. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрқайсыларың бақташысыңдар және (барлықтарың) қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар. Ел билеуші бір бақташы және қоластындағылары (халқы) үшін жауапты. Ер адам жанұясының бақташысы және солар үшін жауапты…» деген. Біз бұл хадистен ер-азаматқа жүктелген міндет пен жауапкершіліктің жоғары екенін аңғарамыз. Адамның халық алдындағы қызметі артқан сайын жауапкершілігі де ұлғая түседі. Міне, қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағы 100-ге жуық қызметкерге, сонымен қатар еліміздегі 2716 мешіттегі 4 мыңнан астам ұстаз, имам-молдаға жауаптымыз. Кейде Діни басқармадағы ұжымға «Сіздер сенбі, жексенбі күндері алаңсыз тынығуларыңыз мүмкін, ал мен үшін сенбі-жексенбі жоқ» деймін. Қайда жүрсем де, тәуліктің қай сәті болса да діни қызметтегі жауапкершілігіме, жыл басында бекітілген жоспарлардың уақытылы жүзеге асуына алаңдап отырамын. Жауапкершілікті сәт сайын сезінсең, ол босаңсуға жол бермейді.

– Қандай ауқымды жобалар жүзеге асты?

– Біз өткеннен өнеге алған, келер күннен үміт күткен халықпыз, дін мен дәстүрді көркем түрде үйлестіріп, өнегелі өмір сүруге ұмтылған ұлтпыз. Дін мен дәстүрімізде қалыптасқан игі амалдың бірі – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, өмірден озған жандарға дұға жасау, т. б. Халық даналығында «Жүйрік бестіден шығар, кеңес естіден шығар» деген нақыл бар. Алғашқы жұмыс күннен бастап ұстазым Рәтбек қажы Нысанбайұлының батасын алып, мүфтиятты әр жылдары басқарған Әбсаттар қажы Дербісәлімен кеңестім, Ержан қажы Малғажыұлымен, Серікбай қажы Оразбен дін қызметкерінің тұлғалық келбетін қалыптастыру, діни қызметті жандандыру жайлы сұхбаттастым. Жыл соңында бас мүфтилердің басын қосып, алда атқаратын ортақ ізгі істерімізді пысықтап алдық. Еліміздің киелі орындарына барып, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Досжан хазірет сынды ағартушы ғұлама-ғалымдардың рухына Құран бағыштап, дұға жасадым. Сондай-ақ Өзбекстанға жасаған сапарымда имам Матуриди мен имам Бұхари зиратында болып, ұлық имамдардың рухына қасиетті Құран аятын бағыштап, Жаратқаннан жарылқау тіледім. Бұл игі амалдар жамағатқа, әсіресе жастарға жақсы ой салды деп ойлаймын.

– Карантин кезінде де халықты сабырға шақырдыңыз­дар, осы кезде тағы қандай шаралар қолға алынды?

– Жер бетіне жұқпалы індет жайылғанда, әлемнің дін көшбасшыларына «Біз біргеміз, тілегіміз ортақ» деген игі ниетпен үндеу жолдап, жұма күні бір мезетте дұға жасауға шақырдым. Үндеуге Түркияның, Ресейдің, Өзбекстанның, Қырғызстанның, т. б. мұсылман мемлекеттерінің мүфтилері қолдау білдіріп, дұға жасау рәсіміне қатысты. Өздеріңіз жақсы білесіздер, жұқпалы індетке байланысты елде төтенше жағдай жарияланған сәтте жедел түрде онлайн-дәрістерді қолға алдық. Діни басқарма жанынан діни ақпарат орталығын (call center) аштық. Қазір сол орталықта ғалымдарымыз, имамдарымыз қазақ және орыс тілінде халықтың сұрағына тәулік бойы жауап беруде. Бүгінде әлеуметтік желілерде елге белгілі ұстаздардың, ғалымдардың дәрісі мен уағызы тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мысалы, осы кезеңде республика және облыстық деңгейде имам-ұстаздардың 11137 онлайн-дәрісі ұйымдастырылды. Осы онлайн-дәрісті 15678238 адам тыңдаған екен. Бұл – үлкен көрсеткіш.

– Қайырымдылық шаралары туралы айтсаңыз.

– Қамыққан жанға қамқор болу – дін қызметкері үшін міндет болып кеткен жұмыстың бірі. Ел басына күн туған кезде еліміздегі барлық имамдарға қайырымдылық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға пәрмен бердім. Пандемия кезінде «Жүрек жылуы» шарасы аясында 17 мың отбасыға қайырымдылық жасадық. 67 ауруханаға ем-домға қажетті құрал-жабдықтар жеткіздік. Сындарлы сәтте қайырымдылық жұмыстарды жандандыру мақсатында «Өмірге үміт сыйла» шарасын өткіздік. Акция аясында демеуші азаматтардың көмегімен 18 дана өкпені жасанды тыныстандыру аппараттарын, 891 оттегі құрылғыларын, обаға қарсы 20 киім, 255 монометр, 528 пульсометр, 60 термометр, 136701 бетперде, 15000 қолғап және 32 млн теңгені құрайтын дәрі-дәрмекті тиісті орындарға жеткіздік.

Күрделі кезеңде мұқтаж жандарға қол ұшын беру әрі санитарлық талаптарды сақтау мақсатында www.qurban2020.kz онлайн-құрбан шалу жобасын іске қостық. Жоба аясында құрылған арнайы жұмыс тобы күшейтілген режимде қызмет етіп, 81301 мұқтаж отбасыға құрбандық етін таратты. Сонымен қатар құрбандық еті қарттар, жетімдер, балалар үйлері мен ауруханаларға жеткізілді. Осы жобаға дін қызметкерлерімен қосқанда 3924 ерікті, 872 көлік жұмылдырылды. Мерекелік қуанышқа бөленген жандар айрықша алғыстарын айтты. Олардың арасында өзге ұлт өкілдері де ақжарма тілегін жаудырып, игі ниеттерін жеткізді. Мақтаарал ауданында болған ауыр жағдай кезінде осы өңірге арнайы бардым. Үйлерін су шайып кеткен мақтааралдық азаматтармен кездесіп, оларға қажетті азық-түлік пен киім-кешек бердік. 10 млн теңге қаражат аудардық. Сонымен қатар тұрмысқа қажетті заттар тиелген 50-ден астам ауыр жүк көліктерін жібердік. Өткен жылы «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 142 мұқтаж отбасыға пәтер кілтін табыстадық. ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай 73 құдық, 43 көпір салынып, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар 19 студенттің оқу ақысы төленді.

– Бір сұхбатыңызда Діни басқарма қазіргі заманның даму үдерісін ескеріп, жаңа жұмыс форматына көшкенін, осы бағытта «Е-мүфтият» жобасын іске қосқаныңызды айтыпсыз. Осы жоба туралы толығырақ мәлімет бере кетсеңіз.

– Иә, қазір заман басқа, жаңа үдерістер кезінде өмір сүріп отыр­мыз. Өйткені ХХІ ғасыр – электронды технологияның дамыған заманы. Әлем электронды жүйеге көшу үдерісінде. Мүфтият бұл тенденциядан қалыс қалмауы қажет. Осы жағдайды ескеріп, «е-мүфтият» ақпарат жүйесін іске қостық. Осылайша жаңа жұмыс форматына көштік. Бұл жоба жұмыс тиімділігін арттырып, ҚМДБ орталық аппаратының кадр қызметін оңтайландыруға оң ықпал етуде. Бүгінде Діни басқармаға қажетті камералар мен техникалық құралдар алынды. Қазір 19 облыс-өңір бас имамдарымен онлайн-мәжіліс өткіземін. Осы форматта жұмыс жүргізу бұрыннан ойда жүрген, бірақ жүзеге аспай келе жатқан мәселе еді. Қазір бас имамдар апта сайын онлайн режимде есеп беруде.

Расында, қазір технологиямен қатар ақпарат саласы да жедел дамып жатыр. Ақпарат халқымыздың күнделікті өмірінде маңызды рөлге айналды. Орта буын, жас буын күн сайынғы ақпаратты әлеуметтік желіден алады. Біз осы тенденцияны ескеріп, мүфтияттың ақпарат саласындағы жұмысын жандандыра түсу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімін аштық. Бұл – ҚМДБ орталық аппаратында ең ауқымды бөлім. Аталған бөлім «Ғаламтормен жұмыс» секторын, «Хикмет ТВ» телерадиостудиясын, muftyat.kz және өңірлік 21 сайттың жұмысын жүйелеп, қадағалап отырады.

– Ақпарат демекші, өзіңіздің бастамаңызбен «Халық арнасы» көрерменге жол тартты. Ел арасында оған деген сұраныс қандай? Бұған мониторинг жасала ма?

– Діни басқарманың ақпарат алаңындағы жұмысын жандандыру мақсатында «Халық арнасын» аштық. Арна «ОтауТВ» және ІD цифрлық телеарнасы арқылы хабар таратуда. «Халық арнасы» ашылған соң зиялы қауым, қарапайым халық, ауыл тұрғындары өздерінің жылы пікірлерін жолдап, игі ниеттерін білдіріп жатыр. Әрине, халық қашанда дұрыс әрі сенімді діни ақпаратқа, хабарлар мен бағдарламаларға мұқтаж. Телеарна – үлкен тәрбие, насихат құралы. Сондықтан оны дұрыс бағытта қолданып, эфир уақытын ізгілік пен имандылыққа ұйытатын телеөнімдерге толтыру керек. Осыған байланысты арна ұжымына халыққа ұнамды, жаңаша форматта хабар дайындауды тапсырдым. Арна эфирінен тарих, мәдениет, дәстүр, отаншылдық, отбасы құндылығы, әділеттілік, бала тәрбиесі, ер мен әйелдің қарым-қатынасы, т. б. қоғамға жақын тақырыптарды беріп жатырмыз. Халық тарапынан түскен ұсыныстар мен өтініш-тілектерді де ескеріп, соған сәйкес бағдарлама әзірленуде. Жамағат көп жағдайда көкейінде жүрген сұрақтардың жауабын, сол мәселенің шариғат бойынша үкімін білгісі келеді. Осыған орай, арнадан пәтуа, сұрақ-жауап сағатын беріп отырмыз. Мақсат – арна жұмысын жетілдіру, халыққа қажет дүниені көрсету.

– Діни басқарма дәстүрлі имамдар форумында бірнеше құжат қабылдады. Осы құжаттардың өңірлерде жүзеге асу барысы қалай болуда? Мысалы, құдайы ас, садақа беру, жерлеуге қатысты.

– Имамдар форумында «Ас беру мәдениеті» құжаты қабылданды. Бұл құжат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің бірнеше мәжілісінде талқыланып, бекітілді. Құжатты қабылдаудағы негізгі мақсат – еліміздің барлық аймағы бойынша құдайы асты шариғат шеңберінде, салт-дәстүр аясында өткізу, сонымен қатар, кейбір отбасылардың әлеуметтік жағдайына салмақ салмайтын, ысырапқа жол бермейтін ас беру мәдениетін қалыптастыру және оны насихаттау. Құдайы астың негізгі мәні – жарлы-жақыбайларды тамақтандыру, сол арқылы сауап алу. «Ас беру мәдениеті» деп аталатын құжатта: «Ас дастарханында қарапайымдылық таныту – әдептіліктің белгісі, мәдениеттіліктің көрінісі. Дастарханға мейлінше тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған жандарды көбірек қатыстырған абзал. Оның сауабы молырақ болады» деп жаздық.

Расында, халқымызда «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деген сөз бар. Жағдайы жоқ жандарға ас беру – үлкен қайырымдылықтың бірі. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Олардың (ізгі жандардың) мал-мүлік дүниелерінде, көмек сұрау­шының да (жоқшылыққа сабыр етіп, алақан жаюды ар көретін), пақырдың да тиесілі ақысы (сыбағасы) бар» («Зәрият» сүресі, 19-аят) деп ескерткен. Халыққа жолдаған осы үндеуімізге құлақ асып жатқан жандар қайтыс болған марқұм анасы не әкесі атынан жер-жерде мұқтаж жандарға азық-түлік таратып, жетім мен жесір аналарға қаржылай қолдау көрсетіп, алғысын алуда. Бұл – үлкен нәтиже.

Екінші қабылдаған құжатымыз «Зират және зиярат мәдениеті» деп аталады. Ел арасында өткізіліп жатқан діни рәсімдердің шариғат нормаларына сәйкес келмейтін тұстарын көріп жүрміз. Қабір басына құлпытас ретінде зәулім ескерткіштер мен үлкен қоршаулардың орнатылып жатқаны жасырын емес. Аталған құжатымыз осы рәсімдердің шариғатқа сай орындалуын тәртіпке келтіріп, қайтқан кісіге зират тұрғызу мен марқұмдарға зиярат жасаудың, кесене салудың жалпыға ортақ бірыңғай мәдениетін қалыптастыру және осы бастаманы еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асыру мақсатында әзірленді. Жасыратыны жоқ, еліміздің әр аймағында қабір зияраты мен әруақ құрметтеудің әркелкі салт-жоралғылары көрініс табуда. Сондықтан бүгінгі заманның талаптарына сай қабір басына зиярат жасауды бір тәртіпке келтіріп, жалпыға ортақ мәдениетті қалыптастыру – аса маңызды істің бірі. Осы бағытта барлық облыстағы имамдарымыз халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жергілікті жамағат, зиялы қауым өкілдері бұл бастамаға үлкен қолдау көрсетуде.

Еліміздегі жерлеу рәсімдерін бір жүйеге келтіру мақсатында ҚМДБ жанынан «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығын ашу туралы шешім қабылдадым. Қазір салттық қызмет көрсету орталығы өз жұмысын бастап кетті. Мақсатымыз – жерлеу рәсімдерінде халықтың әлеуметтік жағдайын ескеру, шариғат талаптарын сақтау.

– Діни басқарма тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Мүфтият қандай іс-шараларды жүзеге асырмақ?

– Халқымызда «Егеменді ел көрікті, бетегелі бел көрікті» деген нақыл сөз бар. Аллаға шүкір, тәуелсіздігіміздің арқасында мешіттеріміз ашылып, медреселеріміз бой көтерді. Құрбан айт құрметіне демалыс жарияланып, құлшылық жасау­ға еркіндік алдық. «Тәубенің зоры – тәуелсіздік» деген тәлімді сөздің тағылымы осында жатса керек. Ата-бабамыз «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес» деген. Құдайдың Қазақ еліне берген ұлы нығметі – тәуелсіздігімізді баянды ете түсу – түрлі салаға жауапты тұлғаның, әр азаматтың асыл борышы, мызғымас міндеті деп білеміз. Біз діни саладағы қызметімізде айтулы мерейтой қарсаңында 12 қайырымдылық іс-шара, 11 шығармашылық байқау, 10 форум мен конференция,

2 спорттық сайыс ұйымдастырып, 4 кітап шығаруды жоспарлап отырмыз.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, өткен жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойын атап өттік. Айтулы мерейтой мұсылман жамағатына рухани серпіліс беру үшін дін, ел қамында шейіт болған боздақтарымыздың, ағартушы ғалымдарымыздың есімін мешітке беру туралы шешім қабылдадым. Өткен жылы елімізде Қасым хан, Қазыбек би, Әйтеке би, Бұқар жырау, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Абай Құнанбайұлы, Әлихан Бөкейхан, Оспан батыр атындағы мешіт ашылды. Қара шаңырақ мүфтиятта «әл-Фараби залы» ашылды. Кітапханаға хакім Абайдың есімі берілді. Осынау тарихи шешім жас ұрпаққа, жалпы мұсылман жамағатына мәңгі өнеге болады деген сенімдемін. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі Мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында: «Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек. 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажет» деп атап өткен болатын. Мен осы ретте Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы аясында елі мен жері үшін шыбын жанын құрбан еткен, жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшыраған дін қайраткерлерін де ақтауды ұсынамын. Өйткені өткен ғасыр­дағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендерді ақтау – баршамыздың перзенттік борышымыз.

Ислам тарихында Мұса пайғамбардың алар орны ерекше. Дүние есігін ашқан сәттен бастап Перғауынның зұлымдығын көрген оның тәуелсіздікке қол жеткізген сәтте жасаған амалы – баршаға ғибрат боларлық іс. Тарихтан белгілі, Мұса пайғамбар Алланың жәрдемімен теңіз астынан ашылған жолмен өз қауымын аман алып өтеді. Ал Перғауын және оның әскері теңіз астында қалып, мерт болады. Осы кезде Мұса пайғамбар тәуелсіздікті нәсіп еткен Аллаға сансыз шүкір айтып, тәубе етіп, азаттықтың ақ таңы атқан мезетте ауыз бекітіп, Жаратқанға дұға жасайды.

Осы ретте еліміздегі барша жамағатты, дін қызметкерлерін Тәңірдің теңдессіз сыйы – тәуелсіздігімізге шүкір білдіру мақсатында жақсы амал жасауға, мүмкіндігінше садақа беріп, қамыққан жанға қайырымдылық жасауға, азаттық үшін опат болған боздақтар рухына Құран бағыштап, еліміз бен жеріміздің болашағы үшін арнайы дұға жасауға шақырамын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жадыра ШАМҰРАТОВА

Бөлісу: