25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Орамал тағу... мұсылман қыз-келіншектерге сын

Сұхбат
Жарнама

Бұл күні елдің аузында жүрген хижаб деген не? Әуелі, соның мән мағынасын біліп алсақ.

Хижаб  негізінде  Құран сөзі. Яғни, қасиетті сөз. Олай болса, өзін мұсылман санайтын адамның хижаб сөзін аузына алудан сақтанудың да  оған үрке қараудың  да еш жөні жоқ. Ал, оның  нақты мағынасына келсек, ол Құран кәрімдегі бірқатар сүрелерде айтылған. Мәселен, «Ағраф» сүресінде жұмақтықтар, тозақтықтар және екеуінің ортасында қайда барары белгісіз ортада қалған топтар туралы  сөз болады.  Олар  алыстан  тілдессе де бірін-бірі көре алмайды. Себебі, екі жақтың ортасында  хижаб барлығы айтылады.  Мұнда хижаб  перде, шымылдық  мағынасында қолданылған.

 

 

Ал, «Ахзаб» сүресінде: «Пайғамбардың (с.ғ.с.) әйелдерінен бір нәрсе сұрайтындар хижабтың артында тұрып сұраңдар»,– делінген. «Сад» сүресінде  Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбарға әкелген сәйгүлік аттардың шауып көзден ғайып болғанға дейінгі жүйріктігін тамашалап қарап тұрғанын, олардың лезде көзден ғайып болғанын баяндағанда, көзге көрінбей кетуді осы хижаб сөзімен суреттеген. Олай болса, мұнда «көрінбеу», «көзге шалынбау», «көзге түспеу»  мағыналары білдірілген. 

«Фуссилат» сүресінде Алла тағаланың бұйрығына қарсы болғандар жайлы баяндалады. Қарсы болғандар:  «Сенің айтқаныңа жүрегіміз жабық, құлағымыз керең.  Себебі, біздің арамызға бір хижаб түсірілген», – дейді. Мұнда, «байланысты үзетін бөгет», «қалың перде»  мағынасында  келеді. 

«Шура» сүресінде: «Аллаһ тағала қалаған адамына хижаб артынан тілдесіп, уаһи жібереді», делінген. Мұнда да тікелей көзге көрінбей, тілдесуді білдіреді. «Исра» сүресінде: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Құран оқыған кезде ақиретке сенбегендердің арасына хижаб түсіріледі», – дейді.

«Мәриям» сүресінде: «Тақуа Мәриямды бөгде адамдардың көзіне түсірмеу үшін олардың арасына бір хижаб түсірілді», – делінген. Бұл арада бөгде, жат көздерден қорғау үшін көрсетпейтін шымылдық, перде, қалқан мағынасында келеді.  Осы сүрелерден  хижабтың   жалпы мағынасын айқын түсінуге болады.

Енді, әйелдерге қатысты бастарын оранып жүретін жаулық, орамал, кимешек  ретіндегі хижаб сөзіне келсек, ол Құран кәрімде басқаша аталған.

«Нұр» сүресінде балиғатқа толған әйел адамдардың бөтен еркектің көзінен бет жүзінен басқа басының барлық жерін (құлағын, тамағын, шашын) және омырауын жауып жүретін орамалды, жаулықты «хумур» деп атаған. Бұл «жаулықтар» деген көпше түрінде, ал жеке түрде ол «химар» делінеді. Мағынасы «әйелдің басын жапқан нәрсе» дегенді білдіреді. (Бұл  сүрелерде қазақша түсіндірілген хижаб сөзінің тек ашық мағынасы ғана.  Оның тылсым терең мағыналары Құран кәрімнің арнаулы тәпсірлерінде талай кітаптарға жүк болатындығын да ұмытпаған жөн.) 

Хижаб  осы хумур  сөзінің синонимі деген сөз. Олай, болса Құран кәрімдегі бұл аяттың мағынасы:  «Балиғатқа толған мұсылман әйел бөтен еркектің көзінен бет жүзінен басқасын жауып жүру парыз» дегенді анық әрі ашық білдіреді. Ал, басын ашық көрсетіп жүру үйдегі өзінің ет жақын қандас туыстарына яғни әкесіне, атасына, аға, інісіне, қайын атасына, күйеуіне, балаларына, өгей балаларына қатысты рұқсат етілген. Осындағы екінші аяттың мағынасы: «Ей, Пайғамбар! Әйелдеріңе, қыздарыңа және мұсылман әйелдеріне айт! Олар үстеріне бүркеншіктерін оранып жүрсін. Бұл әйелдердің сырт көзге ибалы көрінуі үшін әрі арсыздардың сұқтанып қарауынан өздерін қорғауы үшін ең дұрысы. Аллаһ тағала аса кешірімді әрі рақымды»,– дейді. 

Осы аяттағы «бүркеншік» сөзі Құранда «жәләбиб» деп  берілген. Жекеше түрінде «жилбәб» болып жазылады. Олай болса, ибалы  қыздың белгісі ашық-шашық жүру емес, оранып  жүру екендігі мұнда айқын әрі анық ескертілген.  Демек,  жабық жүру оның ар-ұятты екенін  білдіреді. 

 Қазақ халқы  бұлдіршін  қыз  баладан  бастап ақжаулықты  әжеге дейінгі аралықтағы әйел адамның өзіне сай бас киім үлгісін жасаған дана халық.  Осылайша шариғат талабына сәйкес  әйел адамның бас киіміне қатысты теңдессіз киім үлгісін, мұсылманша киіну мәдениетін қалыптастырған. Мәселен, бүлдіршін  қыздарға әртүрлі теңге, моншақпен әшекейлеген, үкі, үлпілдек қауырсын қадаған тақия, бөрік  кигізген. Жалаңбас жүргізбеген. Жалаңбас жүрудің мұсылман шариғатында мәкрүһ екендігін осылайша жас кезінен  үйретіп,  игі  әдетті бойына қалыптастырған. 

Бойжетіп,  бәлиғатқа толған  бойжеткендер  әр түрлі зерлі  тақиялар, құндыз бөрік, кәмшат бөрік киген. Кейде моншақпен әшекейленген кестелі орамалды тағатындар да болған. 

Ал, бойжеткен қызға құда түсіп, қалыңдық атанған сәттен бастап оның басына  әсем сәукеле кигізілген.  Сәукеле  төбесі үшкір болып келетін түрлі меруерт, маржан, моншақтармен сәнделген бас киімнің  ерекше түрі. Сәукеленің төбесінен төмен  мол етіп түсірілген жаулық пердесі болған. Қалыңдық оны киген кезде басқа қыздан ерекшеленіп тұратын, әрі сәукеленің жаулық пердесі оның  шашын, құлақ, мойын секілді нәзік  көрікті жерлерін бөтен көзден жасыратындай  етіп тігілді. Бұл бөтен елге ұзатылатындығының белгісі саналған. 

Қалыңдық  барған жерінде желек деп аталатын қызыл жаулық  киген. Ол жаңа түскен жас келіншекті бөтен ауылда бет жүзінен басқа жерін көрсетпей  жүруіне қолайлы әрі сәнді, әрі шариғат талаптарына да  толық жауап беретін. Жас келіншек бұл киімімен  балалы болғанша  жүре беретін. 

Ал сәбилі болған сәтте келіншек кимешек киген. Келіншек кимешек әйелдің бет жүзінен басқа көз түсетін жерінің көрінуіне мүмкіндік  бермейтін ою өрнекпен  әшекейленген  бас киім. Кимешек  әйел адамның көкірек   тұсын  жасырып тұратындай етіп тігілгендіктен, сәбиін емізген кезде де омырауын көрсетпей отыруына өте ыңғайлы болған. Ал кимешек үстінен орайтын ақжаулық, шұлауыш деп аталатын кең мол ақ мата болса, өрілген шашын, арқа, бөксе тұстарын көзден жасырып тұруға сай жасалған. Осылайша, жаулық кимешек қазақ әйелдерінің мұсылмандық әрі әйелге тән сәндік киімі болып қалыптасты. 

Міне, біз қазақтар соңғы жүз жылға таяу дінсіздік заманында осындай мұсылмандык әрі ұлттық құндылығымыздан айырылып қалдық. Оның  соңы  бүгінгі хижабқа  қатысты  дау дамайға  әкеліп соқтырғаны өкінішті-ақ. 

Мұхиддин ИСАҰЛЫ,  

Исламтанушы 

Muftiyat.kz

Бөлісу: