25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Программист қари: «Құран жаттау қиын емес»

Программист қари: «Құран жаттау қиын емес»

Сұхбат
Жарнама

ІХ республикалық «Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу» байқауының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша іріктеу кезеңінде жүлделі үшінші орынды иеленген Болат Кенебаевтың қарилығын әріптестерінің өзі жуырда білді. Ол – ҚМДБ Ғаламтор секторының техникалық қызметкері. Болат қаримен сәті түскен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Болат, Құран Кәрімді неше жасыңыздан бастап жаттап едіңіз?

–Құран оқуға, оны жаттауға деген қызығушылық бала кезден бар десем болады. Өйткені кішкентай күнімде үйге келіп Құран оқыған молдалардың әдемі қырағаты өзіме қатты ұнайтын. Ішімнен «не деген керемет сөздер» деп тамсанып жүрдім. Құранға деген қызығушылық осылай пайда болды.

Одан кейін 2011 жылы елордадағы Еуразия Ұлттық университетіне программист мамандығы бойынша оқуға түстім. Сөйтіп, 2012 жылы «Әзірет Сұлтан» мешіті ашылып, Құран оқып үйрену, яғни, сауат ашу курсына шәкірттер қабылдады. Алғашқылардан болып мен де осы курсқа жазылдым. Оған дейін ағамнан үйренгенім бар, Құранды ежелеп оқи алатынмын. Сөйтіп елімізге белгілі қари, ғалым ұстазымыз Ғазиз Ахметтен дәріс алдым, Құран оқудың ережелерін, тәжуидті үйрендім. Одан кейін ұстазымыз араб тілін үйретті. Ол кісіге қарап бой түзеп, қарилығына қызығып мен де Құран жаттай бастадым.

– Көбінесе қарилар бала кезінен Құран жаттап өссе, сіз керісінше есейген шағыңызда сүре жаттаған екенсіз ғой?

– Иә, Құран үйренудің ерте-кеші жоқ. Мен 18 жасымнан бастап Құранға түстім.

– Құранды үйрену қаншалықты қиын?

– Құран үйрену соншалық қиын деп айта алмаймын. Оны меңгерудегі ең маңыздысы – адамның бойында Құранға деген махаббат болуы керек. Себебі 90 жасқа келіп те Құран үйренген ата-әжелеріміз бар. Демек, адам өзі талпынса, ынтасы болып, ерік-жігері күшті болса, Құранды үйрену, жаттау қиын болмайды.

Одан кейін ескеретіні, Құранды тұрақты түрде жаттау керек. Бір күн жаттап, екі күн қалдырып қоюға немесе екі күн жаттап, бір күн жаттамай қоюға болмайды. Құранды жаттау күнделікті тұрақты түрде жүріп отыруы қажет. Хадисте де «Амалдардың ең жақсысы – аз да болса тұрақты істелгені» дейді ғой Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Сол секілді Құранға ден қойдың ба, бір уақытты белгілеп, сол мезгілде күн сайын отырып жаттау керек. Демалыс, мереке күндері деген жүрмейді (күліп).

qari1

– Жаттаудың түрлі техникасы бар ғой. Сіз қандай әдіспен жаттадыңыз?

– Құран жаттаудың тәжірибеден өткен неше түрлі әдістері бар. Бұхара әдісі, арабша, түрікше және т.б. әдістер бар. Біз «Әзірет Сұлтан» мешіті ұстаздарының әдісімен жаттап үйрендік. Маған сол әдіс ұнады, сол арқылы жаттап шықтым.

– Құпия болмаса, әдіс туралы тарқатып айтсаңыз...

– Бұл әдістің басқадан ерекшелігі – бір айналымда әр параның бір бетін жаттайсыз. Яғни, қазір 30-шы параның соңғы бетін жаттадыңыз ба, содан 29-шы параның соңғы бетін, сөйтіп, 1-ші параға дейін кете береді. Бір айналым бітеді де, екінші айналымды 30-шы параның соңынан есептегенде екінші бетінен бастап жаттайсыз, одан кейін 29-шы, 28-ші деп кете береді. Менің Құран жаттауыма осы әдіс өте тиімді болды.

– Іріктеу кезеңіне 10 пара бойынша қатыстыңыз. Сонда әзірге 10 параны ғана жатқа білесіз бе және жарыста қандай қателіктер кетті?

– Жоқ, Құранның 30 парасын толық жатқа білем. Бірақ жарысқа 10 пара бойынша қатысуға дайын болдым. Келешекте Алла қаласа 30 пара бойынша қатысам деген мақсатым бар.

Ал қателікке келсек, көбінің жарыстағы кемшілігі – беттерді, аяттарды еске түсіре алмай, шатасып жатады. Мысалы, Құранда бірнеше жерде қайталанып келетін муташаббих аяттар бар. Бір жерде «уә» деп келсе, бір жерде «фә» деп келеді. Бір тұста «уаллаһи» деп тұрса, басқа тұсында басқаша келеді дегендей. Менде де осы жарыста сондай қателіктер, шатасулар болды. 

– Жаттағанды ұмытып қалмау үшін не істеу керек?

– Құранның бір ерекшелігі – күнделікті тұрақты түрде қайталап отырмасаң, естен шығып кетеді. Енді қайталау жағын әркімнің өзінің күш-жігеріне қарай ыңғайлайды. Біреулер күніне жарты парадан қайталауы мүмкін, енді біреулер бес пара дегендей.

– Уақытты қалай ыңғайлаған жөн?

– Мен өзім жұмыс істеп жүріп Құран жаттадым. Кешкі сағат 6-да босай салысымен үйіме барып, тамағымды ішіп, мешітке асығатынмын. Содан ақшам мен құптан намазы аралығында жаттап, кейде құптаннан кейін қайталап жүрдім. Ал жұмыс уақытында, көшеде жүргенде немесе автобусқа мінгенде үнемі құлаққаппен тыңдап жүрген өте пайдалы.

– Құран жаттап, қари болу үшін медресе оқу міндетті ме?

– Бұлай ойлау ақылға сыймайды. Себебі Құран – бүкіл адамзатқа түскен кітап. Оны жаттау бәрінің қолынан келеді. Отыз параны хатым етіп, жатқа соғу үшін медресе оқу міндетті емес. Ең бастысы, Құранды өмірімізге сіңіріп, басшылыққа алуымыз, соған амал етуіміз керек.

qari2

– Қазіргі қызметіңіз жайлы айтып өтсеңіз...

– Негізгі мамандығыма сай жұмыс істеймін. Яғни, қазіргі таңда Діни басқармада Ғаламтор секторының техникалық қызметкерімін. Мүфтияттың ресми сайтының ішкі құрылымы мен аппараттағы интернет желісіне қатысты жұмыстарға жауаптымын.

Діни басқарманың www.muftyat.kz сайтының қазіргі кезде күнделікті тұрақты оқырмандарының саны 10 мыңға жетті. Еліміздің мұсылмандары үшін басты ресми ақпарат алаңы болғандықтан, діни мерекелерде немесе Бас мүфтидің мәлімдемесі, үндеуі жарияланған күндері қолданушылар саны 50 мыңнан асып кетеді. Бір мезетте сайтта 2-3 мың адам кіре алады. Сайттың қауіпсіздігіне жауапты болғандықтан үнемі қадағалап отырамын.

Қазір интернетте ақпараттың түр-түрі болғандықтан, әсіресе, діни ақпаратты Мүфтияттың ресми сайтынан және өкілдіктердің сайтынан алуға шақырамын. Сондай-ақ қазіргі пандемия жағдайына байланысты kuran.muftyat.kz сайты арқылы күнделікті Құран жаттап отыруға кеңес беремін.

– Алла ісіңізге береке берсін! Жаттаған Құраныңыздың екі дүниеде де шарапаты тисін!

Сұхбаттасқан Ермұрат Назарұлы

Бөлісу: