24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

САНСЫЗБАЙ ҚҰРБАНҰЛЫ: Шариғи үкім немесе пәтуа беруге уәкілетті тұлғаның бойынан табылуы міндетті қасиеттер бар

САНСЫЗБАЙ ҚҰРБАНҰЛЫ: Шариғи үкім немесе пәтуа беруге уәкілетті тұлғаның бойынан табылуы міндетті қасиеттер бар

Сұхбат
Жарнама

Назарларыңызға ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, белгілі исламтанушы-ғалым Сансызбай Құрбанұлымен өткен сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

– Әңгімемізді ҚМДБ «Ғұламалар кеңесінен» бастасақ. Ғұламалар кеңесінің негізгі міндеті қандай?

– Әрине кез-келген кеңес құрылғанда өзіндік алға қойған мақсаттары мен міндеттемелері болады. Сол секілді «Ғұламалар кеңесінің» де өз мақсат-міндеті бар.

Ең алдымен бұл кеңес Ислам негіздеріне сүйене отырып, қоғам өмірінде мұсылмандық ұстанымға қатысты туындап отырған өзекті мәселелерге қатысты пәтуалар талқылайды. ҚМДБ-ның жалпы қызмет жүйесі және оның имамдары қызметінің негізгі бағыттарын зерттейді. Уағыз тақырыптары мен жұма уағыздары мәтіндерін бекітеді.

ҚМДБ жанындағы Республикалық имамдардың біліктілігін арттыру институты, Жоғары оқу орындарын жетілдіруге ұсыныстар енгізеді. ҚМДБ имамдарына мұсылмандықтың дәстүрлі жолы бойынша мақсатты түсініктемелер береді.

Ал міндеттеріне келер болсақ, Исламның негіздерін, шариғаттың ережелерін бұрмалауға, дінаралық араздыққа, ұлтаралық кикілжіңдерге алып келетін пікірлер және шақыруларды болдырмау мақсатында елдегі мұсылмандық ұстаным жағдайына алдын ала талдау жасап, ұсыныстар енгізу; Қазақстан мұсылмандарына ақпараттық және кеңестік көмек беру; Мұсылман жамағатының қажеттілігіне байланысты облыс, қала, аудан, елдімекендерде салынатын мешіттер бойынша пікір білдіру; Мұсылмандардың діни жоралғыларының бірізділікке түсірілуі  мәселелеріне талдау жасау және ұсыныстар енгізу; ҚМДБ-ның басқа діндер мен конфессиялардың өкілдерімен қарым-қатынасының бағыттарына талдау жасау; Мұсылмандардың ішіндегі ахуалдың дамуының негізгі үрдістерін қадағалап, ұсыныстар дайындау; Шет мемлекеттердің мұсылмандық тиісті ұйымдарымен халықаралық байланыстарды жолға қою секілді өзге де жүктелген міндеттемелері бар. 

– Пәтуа шығарарда ең алдымен неге сүйенесіздер?

– «Шариғат және пәтуа» бөлімі пәтуа шығаратын кезде ең алдымен Құран, хадис, ғұламалардың сөздері мен ойларын негізге ала отырып жоғарыда айтып өткен «Ғұламалар кеңесінің» жіті талқылауымен қабылданған фиқһи зерттеу жүргізу, нақли зерттеу жүргізу әдістемелері секілді ережелерге сүйене отырып үкім шығарады.

– Еліміздің заңдарына қайшы келмейтін, алайда шариғат талаптарына сай емес сұрақтар туындағанда қандай пәтуа шығарасыздар?

– Әрине, мемлекетіміз зайырлы елдер қатарынан болғандықтан тартысты мәселелер кездесіп тұрады. Мысалы, суррогат ана мәселесі. Еліміздің заңнамасына сәйкес өзге адамды суррогат ана ретінде келісіп, балалы болуға рұқсат етілген. Ал Ислам діні бойынша ерлi-зайыптылардың аталық ұрығы мен аналық жұмыртқа жасушасын арнайы түтiкшелерде сырттай ұрықтандырып, оны құрсақ ана қызметін атқаруға ризашылығын білдірген бөтен әйелдің жатырына салуға тыйым салынады. Асыл дінімізде әйел жатыры өзгеге жалға да, ақысыз да берілмейді.

Алайда бұдан басқа ЭКО тәсілімен сәби сүюге болады. Ол емделу жолдарының бірі болып саналады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Уа, Алланың құлдары! Емделіңдер. Расында Алла әрбір дертті дауасымен қоса жаратты» (Әбу Дауыт риуаяты). Тек емделудің бұл жолы шариғат аясында болуы тиіс. Яғни, жүкті болуға қажетті «шәует, әйелдің жұмыртқа клеткасы және жатыр» бәрі бірдей бір ерлі-зайыптылардікі болу керек. Сол кезде ғана рұқсат етіледі. Егер бұл шарттары орындалмай, бөгде әйелдің жұмыртқа клеткасы немесе өзге ер кісінің шәуеті немесе жұмыртқа клетканы өзге әйелдің жатырына қондыру арқылы іске асса, онда ол шариғат бойынша харам болады. Бұл жолдардың кез-келгені зинаның бір түріне жатады.

– Кейінгі шыққан пәтуаларға қысқаша тоқталып өтсеңіз...

– «Кремацияның дініміздегі үкімі», «Импорт арқылы әкелетін ет», «Спирт қосылған тағамдардың, тәттілердің үкімі», «Жүлделі жарыстарға қатысты шариғат үкімі» секілді пәтуалар қабылданды. Бұлардың арасында ең жиі қойылатын сұрақтар – кремация мен жүлделі жарыстардың үкімі. Аталған пәтуаларды fatua.kz сайтынан оқып, танысуға болады.

– Әлеуметтік желіде бір оқырманымыз қызық сұрақ қойған болатын. Батыс өңірлерде жазды күндері жергілікті уақыт бойынша құптан намазы түнгі 12-де кіріп, ал таң намазы түнгі 3-те немесе одан да ерте кіріп жатады. Ал оңтүстік пен солтүстікте уақыт басқаша. Осының себебі неде?

– Барлығымызға белгілі – жер шары шеңбер тәріздес. Яғни күн бір жағына ерте сәулесін шашса, басқа жағына күн сәулесі кештеу жетеді. Демек жер шарында уақыт белдеулері бар. Осы тәріздес физикалық ерекшеліктердің себеп-салдарын зерттей отырып, ҚМДБ-ның мамандары республикамыздың уақыт белдеулерінің ерекшеліктеріне сәйкес әр өңірге өзіндік намаз уақыттарын бекіткен болатын. Сіз айтып отырған намаз уақытының ерекшеліктері де осы себепті әрқилы болып келеді.

– Көптің көкейінде жүрген тағы бір сұрақ: Өзге елдерде санитарлық талаптар сақтала отырып жұма намазы оқылып жатыр. Бізде де неге солай оқымасқа?

– Қазақстан аймағында қазіргі дүниежүзілік індеттің қалай тарағанына өздеріңіз куә болдыңыздар. Бұл дерт қазақстандықтарға өте күрделі сынақтың бірі болды. Көпшіліктің бір жерде шоғырланбауы аса маңызды мәселелердің бірі болып тұрғаны баршамызға мәлім. Осы індет себепті тойшыл қазақтың қуаныштарына да біраз шектеулер қойылды. Бұл шектеулер мұсылман жамағатының құлшылық жасайтын мешіттерін де айналып өтпеді.

Осы орайда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен ҚМДБ-ның мамандары мешіттеріміздің санитарлық талаптарды сақтай отырып толық ашылуына әрекет жасап жатқанын баса айта кеткен жөн.

– Қазір діни білімі болмаса да, «Қул һуалланы» білетін екі адамның бірі көз алдымызда пәтуа шығарғыш, бір мәселелерге жауап айтқыш болып кетті. Қарапайым ел тұрғындары діни маңызды мәселемен бетпе-бет келгенде неге мән беруі керек деп есептейсіз?

– Айтып жатқан мәселеңіз, өкінішке қарай, мұсылмандар арасында жиі болатын жайт. Пәтуа беру өте үлкен жауапкершілік екендігін білген жөн. Тарихқа көз салсақ, тіпті үлкен ғұламалардың өздері кейбір мәселелерде бірден пәтуа бермегенін көреміз. Сондықтан да пәтуаны тек қана пәтуа беруге тағайындалған арнайы адамдардан сұрағаны жөн.

Шариғи үкім немесе пәтуа беруге уәкілетті тұлғаның бойынан табылуы міндетті қасиеттер мен ерекшеліктер әрі үлкен мән берілетін қағидалар мен негіздер бар. Пәтуа сұрамас бұрын пәтуа сұралатын адам әуелі ҚМДБ-ның бұйрығымен жұмыс істеп жатқан адам ба, пәтуаға жауапты маман ба, сол жағын біліп барып сұрау керек.

Айта кетерлігі ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің Қазақстанның әр өңірінде жауапты мамандары бекітілген. Нұр-Сұлтан қаласына жеке келіп, Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандарымен кездесе алмайтын кісілер өңірлердегі жауапты мамандарға барып, пәтуа сұраса болады.

– Жеке келіп, сұрағын қойып, мәселесін айтатындар бар ма?

– Иә, жеке келіп, сұрақ қоятындар жоқ емес. Негізінен интернет арқылы сұрақ қоюшылардың саны басым. Өткен қыркүйек айының өзінде ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөліміне немесе өңірлердегі жауапты мамандарға жүгінген тұрғындар саны 797 болса, 2193 адам сауалына телефон арқылы жауап алған. Ал әлеуметтік желілер арқылы 1386 сұраққа жауап берген. Осылар бар және республикалық діни ақпарат беру CALL-орталығына тұрғындар хабарласып, көкейде жүрген сұрағын қойды. Бір айдың ішінде пәтуа мамандары барлығы 4826 діни сұраққа жауап берді.

Әрине қазіргі кезең – ақпарат уақыты. Ақпарат алатын неше түрлі құралдар, неше түрлі жолдар бар. Интернеттің пайдасымен қоса, зиянының да барын жақсы білеміз. Әсіресе дін саласында да бұл мәселе өзектілігін жоймақ емес. Діни өзекті сұрақтардың жауабын шама келгенше толық қамтумен бірге мүфтияттың ресми парақшасына жариялап, әлеуметтік желілерде де таратып келеміз. Осы орайда қалың көпшіліктен діни өзекті ақпараттарды muftyat.kzfatua.kz және ҚМДБ өкілдіктерінің сайтынан оқуға кеңес береміз.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет! 

Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Бөлісу: