24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

БАТЫРЖАН МАНСҰРОВ: «Имамдық қызмет – академиялық мектеп»

БАТЫРЖАН МАНСҰРОВ: «Имамдық қызмет – академиялық мектеп»

Сұхбат
Жарнама

Назарларыңызға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұровпен сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

– Батыржан Берденұлы, әлемді дүрліктірген пандемия діни қызметке де әсер етпей қоймады. Мешітте айтылатын уағыз-насихаттар да онлайн режимге көшті. Осы онлайн дәрістердің артықшылығы мен кемшілігі неде?

– Ғасыр сынағы дейміз бе, әлемге жайылған індет діни қызметке де кері әсерін тигізбей қоймады. Баршамызға белгілі мешіттерде жамағат намаздары мен мінберлерде айтылатын имамдарымыздың уағыз-насихаттары уақытша тоқтатылды. Әрине, мұндай қадамға сақтық үшін, елдің денсаулығы, адам өмірінің қауіпсіздігін сақтау үшін баруға тура келді.

Алайда жамағаттың рухани иммунитетін түсіріп алмау үшін өзге де салалар секілді мешіт қызметі де, дін қызметкерлері де онлайн режимде жұмыс істеуге көшті. Соның ішінде мешітте атқарылатын уағыз, сұхбат жұмыстары онлайн форматқа ауысты. Өйткені көптің жүрегіне иман ұялататын, көңілін көтеріп, еңсесін тіктеуге әсер ететін нәрсе – көркем насихат. Аталарымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Көркем насихат, әсерлі уағыз тыңдаушының жанына жылу, бағытына бағдар береді.

Осыған орай мешіт жамағатының рухани сұранысына пандемия кезінде де жауап беру ниетімен онлайн уағыздарды Діни басқармадан бастадық. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен насихат топтамасы және оларды жүргізетін өзіміздің білімді ұстаздарымыз бекітілді, бірте-бірте өкілдіктердің имамдары да онлайн форматта дәріс жүргізуге кірісті. Бүгінде республика бойынша аптасына бес күн, кей өңірлерде алты күн күндізгі және кешкі уақыттарда тұрақты онлайн уағыз-насихаттар, сұхбаттар ұйымдастырылып келеді.

Дегенмен уағыздарды жамағаттың алдында мінберде отырып жүргізген кездерімізбен салыстыру қиын. Өйткені уағыздың бір ерекшелігі – қарсы алдыңда тыңдаушы жамағаттың болуы. Сонда ғана уағыз айтушы имамға да, тыңдаушыға өзгеше әсер етеді. Ал онлайн форматқа көшкен кезде көптеген имамдарымыз моральдық жағынан қиналды. Себебі техника болғаннан кейін тікелей эфирде уағыз айтып отырып телефонның қуаты таусылуы мүмкін немесе оған біреу хабарласып, эфирді бөліп жіберуі мүмкін. Болмаса интернет жөнді ұстамай айтушының да, тыңдаушының да берекесі қашатыны анық. Бұл мінберде отырып, жиналған аудиторияның екпінімен арқаланып, шабыттанып уағыз айтып үйренген имамдарымызға әжептәуір ауыр тиді. Бірақ мұның да өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, Арқада отырып айтқан уағызымызды Алматының да қазағы көреді, Атыраудың да қазағы тыңдай алады. Яғни, әлеуметтік желідегі уағыздарды Алтай мен Атыраудың, Оңтүстік пен Солтүстіктің жамағаты тыңдай алады.

ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІ ПӘРМЕНДІ ИНСТИТУТҚА АЙНАЛДЫ

– Былтыр Діни басқармаға жаңа қызметке ауысқан кезіңізде бөлімнің атауы «Насихат және қоғаммен байланыс бөлімі» аталатын. Кейін атау өзгерді, бөлімнің атқаратын міндеттері мен негізгі функциясы да біршама өзгерген болар?

– Иә, киелі Атырау аймағынан ауысып осы қызметке келгенімізде бөлімнің атауы басқа болды және функциясы да қазіргіден өзгеше еді. Мәселен, «Хикмет» студиясының және қоғаммен байланыс жұмыстарына біздің бөлім жауапты болатын. Кейін араға төрт айдай салып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі» жаңадан ашылып, біздің бөлімнің міндеттемелеріне біршама өзгерістер енді.

Жаңа бөлімнің ашылуы өте орынды болды әрі біздің бөлімнің де негізгі қызметіне өзгерістер еніп, таза уағыз-насихат жұмыстарына басымдық берілді. Оның үстіне біздің бөлімде ауқымды істер атқарып отырған «Әйел-қыздар» секторы мен «Жастар ісі» секторы бар. Екі сектордың да әр өңірде жауапты мамандары бар, олар бекітілген жоспарға сәйкес нақты бағыттар бойынша жұмыс істейді.

– Бөлім басшылығынан бөлек, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің хатшысысыз. Өзіңізге жүктелген қосымша міндеттің жүгі қаншалықты ауыр?

– Бүгінде ҚМДБ жанынан құрылған Ғұламалар кеңесі қоғам арасында пәрменді институтқа айналып отыр. Бұл кеңесте Діни басқарманың тиісті құжаттары талқыланады, сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пәтуалар дайындалады. Сондықтан қосымша міндеттің жүгі жеңіл деп айта алмаймын. Шамамыз келгенше Бас мүфтидің, ғалым-ұстаздарымыздың сенімін ақтауға тырысамыз.

Ғұламалар кеңесінде бүгінгі ғасырда өзекті болып отырған пәтуалар қаралады. Тіпті кейбір мәселелер халықаралық деңгейде шешіледі. Ал қоғамдағы түйткілді сұрақтарға «Шариғат және пәтуа бөлімі» күнделікті жауап беріп отыр. Бірақ үлкен мәселелер осы Ғұламалар кеңесінде қаралады.

ИМАМЫН ҚҰРМЕТТЕГЕН ЕЛМІЗ

– Әлеуметтік желілерде сіз туралы жылы пікірлерді жиі көзім шалады. Көпшілік «Батыржан имамның» уағыздарын қайта көргісі келеді. Имамдық қызметті сағынған шығарсыз?

–2013 жылы Алланың қалауымен киелі топырақ, мұнайлы Атырау өңіріне бас имам болып ауысып бара жатқанымда Алматыда ұзақ жылдардан бері имамдық қызметте жүрген бір ағамыз: «Имамдық қызмет деген – үлкен академиялық мектеп» деп айтып еді. Шынында, имамдық қызметте жүріп осыны байқадым. Өйткені имамдық қызметтің аясы көпшілік ойлағаннан да кең әрі бүгінгі таңда оларға қойылатын талап та жоғары болып тұр. Оның үстіне біз еліміздің батыс аймағына бардық. Сол жылдары Атырау өңірінде жат ағым өкілдерінің мәселесі күтіп тұрды. Олармен сұхбаттасу, дәстүрлі жолға қайтару деген миссиямыз болды.

Енді имамдық қызметті сағындыңыз ба дедіңіз, әрине, имамдық қызметті сағынамыз. Себебі имам болудың ерекше қырлары бар. Мәселен дәл қазір сізбен әңгімелесіп отырмын, тағы да телеарна, радиоларға сұхбат береміз дегендей. Алайда мінберде отырып уағыз айту, жамағатпен сұхбат құрудың жөні, әсері мүлдем бөлек. Михрабтың уағызы кейде жалпақ тілмен жеткізіледі, кейде сол өңірдің менталитетіне сай сөйлейтін кездер болады. Себебі Алла үйіне келген адамдардың білімі және тұрмыс деңгейі, маманданған кәсібі әркелкі. Атырау облысының бас имамы болған алғашқы уақытта жәй айтқан уағыздарым онша өте қоймады, кейін сол өңірдің менталитетіне сай қаттырақ, батыңқырап айтып едім, көптің көңілінен шықты. Сөйтіп жамағатқа солайша батыңқырап айтқанның өтімді болатынын түсіндім.

Имамдықтың тағы да бірден-бір қыры – әр күні сан алуан жағдайға куә болу. Мысалы, бір үйде кісі қайтып, жаназасын шығаруға барамыз, көңіл айтып, сабырға шақырамыз, былай айтқанда солардың күйіне енеміз. Ол жердің шараларын атқарып мешітке келсеңіз, алдыңызда көңілі жадырап жас-жұбайлар тұрады «Бөпелі болып едік, азан айтып, ат қойып берсеңіз» деп немесе «Үйленейік деп едік, некемізді қиып берсеңіз» деп. Қайғылы жерден келіп, қуанышты күйге ауысып, бірден әлгі жастардың қуанышына ортақтасып, діни рәсімді жалғастыра береміз. Немесе ажырасатын едік деп көңілі түсіп тағы бір отбасы келеді.

Қысқасы, имамдар бір күнде бірнеше жайтты басынан өткеріп, көмегіне жүгінген халықтың көңіл-күйіне өтіп, солардың жағдайын өзінің жұмыр жүрегінен өткізеді әрі соған дайын жүруі керек. Одан бөлек имамдардың қыруар жұмысы бар, қайырымдылық шаралары, мешіттің шаруашылық жұмыстары, т.б. игі істер дегендей. Осының бәрін жиып келгенде Алматыдағы имам ағамыздың «Имамдық қызмет – академиялық мектеп» деп айтқанына дөп келеді.

Ал Атырау облысында имам болған алты жылда халықтың жүрегіне жол тауып, рухани шөлін басуға шама келгенше атсалыстық. Содан болар Атырау жамағатының ықыласы әлі күнге ерекше,  хабарласып жағдай сұрап тұрады. Әлеуметтік желілерде де қашан келесіз, уағызыңыз қашан болады дегендей пікірлерді, сағыныш хабарламаларды көріп қалам. Алла қаласа пандемиядан аман-есен құтылып, тіршілігіміз қалыпты жағдайға түскеннен кейін РАНТ-ның жоспарына сәйкес дәм бұйырып тұрса, киелі Атырау жамағатымен жүздесерміз. Әрине еліміздің әр аймағы керемет, өзіндік ерекшеліктерге ие. Дәстүрге бай халықпыз ғой. Дегенмен Атырау халқы қазақи дәстүрге берік, сөзге тоқтай біледі. Әсіресе, имам-ұстаздарды жоғары құрметтейтінін байқадым. Әрине, имамын құрметтеген елге Алла Тағала берекетін береді.

– Сөзіңізді бөлейін, қазір имам-молдаларды қаралау, мазақ қылу, әйтеуір, дін қызметкерлері жайында негатив ақпарат кеңінен таралып кетті. Осы мәселеге сіздің көзқарасыңыз қалай?

– Қазақ халқы – әуелден имамын құрметтеген халық. Бұрынғы ахун-ишандардың батасын алып өскен елміз. Бір нәрсе айта кетейін, егер еліміз имамдарды бөле-жарып қараған болса, бізде мәзһаб мәселесінде түрлі көзқарас пайда болар еді. Аллаға шүкір бізде ондай мәселе жоқ. Себебі батыстың ахун-ишандары Ресей, татар медреселерінен тәлім алса, оңтүстіктің молдалары Бұхарадан білім алды. Шығыстың имамдары Уфада оқыды. Бірақ солардың дін қызметіндегі бірізділігі елді ұйыстыра білді, сөйтіп халық оларды құрметіне бөледі.

Ал тәуелсіздіктен бері қарай өзімізде имамдық мектеп қалыптасты. Медресе-колледждер, университет жұмыс істеп тұр. Солардан түлеп ұшқан азаматтардың баршасы – заманның ағымына бейімделген, қоғаммен санаса алатын білімді әрі білікті мамандар. Ал енді бірді-екілі имамның кемшін тұсын жұртқа жариялап, қаралағанмен, көпшілік барлық имам сондай екен деп түсінбеуі керек. Қаралап жатқан жағдайларға жеке мәселелер себеп болуы мүмкін, оны алдымен анықтау керек. «Бір құмалақ бір қарын майды» шірітеді деген ғой халқымыз. Мұндай мәселеде ақ сәлделі имамның баршасына күйе жағу дұрыс емес деп есептеймін. Керісінше, өсіріп отырған ұл-қыздарымызға имамдардың рухани ұстаз екенін түсіндіріп, жақсылықтарын мейлінше айтып отыруымыз қажет. Ал кем-кетігі болса оны жаһанға жарияламай, жасырғанымыз абзал болады.

– Әлеуметтік желілерге қаншалықты уақыт бөлесіз? Байқасам, Instagram-нан парақша ашыпсыз...

– Пандемия басталғалы онлайн уағыздарымыз Діни басқарманың ресми парақшаларына шығып жүр. Өкілдіктердің де ресми парақшаларына сұхбат беріп тұрамыз. Дегенмен бұрынғы шәкірттердің сағынышы шығар, осы жаз айларында бір шәкірттеріміз хабарласып, менің атымнан парақша жүргізуге рұқсат сұраған еді. Сөйтіп рұқсатымды беріп, Instagram әлеуметтік желісінен парақша ашылды. Шәкірттер өздері жүргізеді әрі сол парақшаның маңдайшасына «Бұл парақшаны ұстаздың өзі жүргізбейді» деп жазып қойған. Ара-тұра эфирге шығып тұрам. Дәл қазір уағыздарымыздан, дәрістерімізден үзінді алып, қысқа форматта жариялап жүр. Жекеге келген сұрақтар да жиналып қалды. Алла қаласа уақыт болғанда тағы бір тікелей эфирге шығып, соларға жауап беру ойда бар.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

 Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Бөлісу: