25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ерсін Әміре: Қазақтың танымы исламмен үндес

Сұхбат
Жарнама

Қазақ мәдениеті дін исламмен қатар дамып, өркениет көшінен өз арнасын тауып, биігін бағындырды. Халықтың табиғаты мен таным-түсінігіне сай түскен хақ дін қазақ топырағында түлеп, Түркістан жұртынан көптеген ғалым-ғұламалар да шықты. Тарихи үндестік тапқан асыл дініміздің бүгінгі қоғамдағы рөлі, ұлт иммунитетін қалыптастырудағы исламның маңыздылығы мен дін атын жамылған ағымдарға қарсы күрес жүргізудің әдіс-тәсілдері турасында белгілі исламтанушы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Ерсін Әміремен әңгімелескен едік.

 

– Діни басқарма бірнеше жылды қатарынан «Дін мен дәстүр» жылы деп атап өтті. Жалпы, дін мен дәстүрдің байланысын, дәстүрлі дін ұғымын түсіндіріп берсеңіз...

– Кейбір адамдар дінді жете ұғынбауы себепті «дін ұстану арабтану, араб болу, салт-дәстүріңді ұмыту» деп түсінеді, енді біреулері дінді айтсаң, «араб болуымыз керек пе» дегендей пікірді айтып жатады. Дін мен дәстүр ұғымы, мүфтияттың қолға алған мәселесі негізі дін мен дәстүрдің бір-біріне жат ұғым еместігін, ислам шариғатқа қайшы келмейтін дәстүрді жоққа шығармайтынын, сондай-ақ қазақ халқы сан ғасырлар мұсылман болғандықтан, салт-дәстүрлеріміздің басым көпшілігі асыл шариғатымыздан бастау алатынын, тіптен біте қайнасқандығын жалпы жұртқа жеткізу, сол арқылы халықтың мұсылманшылығын ояту еді. Себебі, қазіргі таңда қай көзқарастағы тараптан болса да дін мен дәстүрді қарама-қайшы қою әрекеттері байқалады. Осы негізсіз пікірді жоққа шығару және халықтың сенімін күшейту үшін әлмисақтан мұсылманшылықты ұстанғанын жеткізу мақсатында «Дін мен дәстүр» жылы аясында ауқымды шаралар өткізілгенінен хабардарсыздар. Дінімізді дәріптеп, дәстүрімізді ұлықтаған құнды кітаптар да жарық көрді.

Жалпы, ислам діні, Құранда Алла Тағала айтқандай, ұлттық ерекшеліктерді мойындайтын дін болып табылады. Себебі, дін Алла тарапынан түсті, ал адамдарды ұлт пен ұлыстар етіп жаратқан – Алланың өзі. Алла Тағала бұл жайында «Сендердің түрлеріңнің, түстеріңнің әртүрлі болуы, түрлі ұлттардан тұруларың Алланың құдіретінің белгілерінен» дейді. Жаратқан Иеміз өзінің құдіретінің белгілері еткен нәрселерді жоюға, әлбетте, шақырмайды. Ислам діні кең таралып, көптеген елдерге жетті. Бірақ ислам ол елдердің ұлттық ерекшеліктерін жойған жоқ. Мәселен, қайсыбір халықты алсақ, әр мұсылман халқының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері көрініс табады, киім үлгісінде, салт-дәстүрінде өзіндік бояу-болмыс бар. Дініміз шариғатқа қайшы келмейтін салт-дәстүрлерге қарсы емес, керісінше, фиқһқа қарасақ, белгілі бір мәселеде әуелі Құран, хадис, қияс, ижмағ дәлелдері негізге алынады, онан кейінгі дәлелдің бірі ретінде әдет-ғұрыпқа да орын беріледі.

Яғни, шариғатта салт-дәстүрлерге мынадай екі жағдайда орын берілген: нақты бір мәселені анықтап, айшықтамаған жерде шариғатқа қайшы келмейтін әдет-ғұрыптарға жүгінеміз деген ереже бар. Сондай-ақ, исламда анықталған, ай­қын көтерілген мәселе бойынша жалпы мін­деттер бекітіліп, ал оның іске асырылу жолдары халықтың еркіне қалдырылады (Мәселен, әйел адамның әуре­тін жауып киюге қатысты талап-шарт­тар шариғатта бекітілгенімен, киім­нің түр-түсі мен басқа да сипаттары ұлттардың өз әдет-ғұрып, салтына сай болуына еркіндік берілген). Міне, ислам діні осы тұрғыдан қазіргі таң­да кең тараған жаһандану үрдісінен ерек­шеленеді. Жаһандану мәселесіне қарасақ, бұл адамдардың ой-пікірін, санасын біріктіру екенін білеміз. Жақсылық-жамандық, сұлулық өлшемдеріне қатысты алып қарайық. Олар бірнәрсені шығарып береді, «міне, мынау сұлу болудың шарттары мен өлшемі, кім осыған сәйкес келсе сұлу, сай келмесе, сұлу емес». (дене бітімі, әсемдігі, бойы, т.б.) Осылайша, көптеген қыз-келіншектердің, әпке-қарындастарымыздың басы осы өлшеммен қатып жүреді. Яғни, жоғарыда жаһандық сипат алған талаптарға өздерін қораш сезінгеннен кейін, «бұл шарттарға сай емеспін, демек менде проблема бар» дегендей ойларға түседі. Жалпы қарап отырсақ, адамдардың түрі-түсі әртүрлі болғанымен, ойлау жүйесін бір нәрсеге байлап қою ұлттық ерекшелік, халықтық өлшемдерді жойып жіберуге алып келетін құбылыстар екенін байқаймыз. Ал ислам мұндай көзқарастарды құптамайды. Сол үшін де дін – баршаға ортақ, онда баршаға ортақ, сондай-ақ халықтардың қалауларына қалдырылған мәселелер де бар. Дінімізде халықтың салт-дәстүр ерекшеліктеріне арналған кеңістік бар.

Ал дәстүрлі ислам деген атауға келер болсақ, діни басқарма ұстанған, Орта Азиядағы ислам үлгісі, салт-дәстүрлерімізді мойындайтын, қазақтың таным-түсінігіне жат емес ислам дегенді ұғындыру мағынасында енгізілген. Дәстүрлі ислам дегеніміз Әбу Ханифа мәзһабы, Матуруди мектебіне негізделген ислам болып табылады. Жалпы, бұл термин мәселесінде талас-тартыс жасаудың қажеті жоқ.

– Көпшіліктен жиі еститініміз, ағайынды адамдар діннің парыздарын ұстанбай тұрған уақытта «бір-бірімізге деген бауырлық, жанашырлық сезім мол еді. Діни ұстанымға байланысты келіспеушіліктен туып, мейірім жоғалды» деп жатады. Діни сенім елді бөлінушілікке алып келе ме?

– Құранда Алла Тағала пайғамбарымызға (с.ғ.с.) «Біз сені әлемге мейірім, рахым етіп жібердік» дейді. Ислам – мейірімділікті, рахымдылықты күшейту үшін келген дін. Дінімізде туыстық қатынасты үзбеуге арнайы бұйрықтар бар және оның жазасы жайында да анық айтылған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде «Туысқандық қатынасты үзбеңдер» деп өсиет етті. Туыстық қатынас бір отбасының ортасында, ұлттың ішінде және халықтық бауырлық деген де болады. Құранда «Нұх қауымы пайғамбарын жоққа шығарды. Оларға бауыры Нұх былай деген кезде», «Ад қауымы өз пайғамбарын теріске шығарды. Олардың бауыры Худ келіп былай деген кезде» деп келетін аяттар бар. Байқасаңыз, бұл жерде бауыр деген сөз жиі айтылады. Ғұламаларымыз  мұны ұлттық бауырластық деп түсіндіреді. Ислам туысқандардың арасында, адамзаттың арасында мейірімділіктің болуын, қарым-қатынастың дұрыс болуын құптайды әрі бауырмалдылықты күшейтуге шақырады.

Адамдар діндегі дұрыс ұстанымнан алыстаған кезде, жат ағымдардың ықпалымен санасы уланған уақытта осындай әрекеттерге, туыстық байланыс­ты үзуге барады. Қазіргі күнде елімізде тыйым салына қоймаған ағымдар әлі де бар. Олардың тағылымдарын қарайтын болсақ, туысқандық қарым-қатынасты, әке мен баланың, ана мен қыздың арасын алшақтатып, бұзуға алып келетінін көруге болады. Басқа дін былай тұрсын, мұсылмандардың өзін бір-бірін жек көруге итермелейді. Намаз оқымағанның бәрін кәпір санап, өз ұстанымдарына сәйкес болмағанның бәрін бидғатшы деп атап, осыдан кейін «бидғатшымен мәмілеміз қандай болуы керек, бидғатшыға бірінші болып сәлем бермеуіміз керек», тіптен, қазіргі кезде «бидғатшының сәлемін де алмауымыз керек» деген әңгімелерді шығарып жүр. Мәселен, дәстүрлі исламды ұстанатын, Ханафи мәзһабындағы бір бауырымыз олармен «Ассаламу алейкум» деп амандасса, «Уа алейкум» деп қысқа жауап беріп жатқандары бар.

Бұл, ең алдымен, ашығын айтайық, діннен туындап жатқан жағдай емес. Бұл жат ағымдардың мұсылмандар арасында тарауынан пайда болған құбылыстар. Яғни, туыстық байланыстың салқындап, бауырлық қатынастың әлсіреуі дінді теріс ұғынушылар тарапынан туындайтын келеңсіздіктер болып табылады. Ел мұсылмандарының қара шаңырағы Діни басқармаға бағынып, Ханафи мәзһабын ұстанған бауырларымыздың отбасында, Аллаға шүкір, мұндай проблема жоқ. Бұл мәселе жат ағымды ұстанған адамдардың арасында, солардың отбасында орын алуда. Біз дінге бүгін бет бұрған, исламды енді қабылдаған халық емеспіз. Кейбіреулер бізге дұрыс дін тәуелсіздіктен кейін келді деген пікірді айтады. Ислам діні әу баста таралып, қазақ топырағына жеткен уақытта шынайы діннің ұрығы себіліп, ғасырлар бойы дамып, өркендеген. Сол уақыттан бері халқымыз, Аллаға шүкір, мұсылманшылықты ұстанып келеді. Ағайын-туысқан арасындағы бауырластық, туыстық қатынас ол уақытта бүгінгі күннен әлдеқайда күшті болды демесек, әлсіз болған емес. Керісінше, қазіргі таңда, жат ағымдардың енуімен әрі біздің қазақы болмысымызға сіңген дәстүрлі дінімізден алшақтауымыз себепті осындай мәселелер туындап жатыр. Ал кейбір адамдар Батысқа бас ұрып, санасы жат мәдениетпен уланып жатқаны да жасырын емес. Қазақ менталитетіне, халқымыздың табиғатына мүлде жат дүниелерді жастарымыз еш талғамсыз сіңіріп, ұлттық сипатынан алыстап кеткені көңіл қынжылтады. Дәстүрлі исламға, қазақы болмысымызға қайтатын болсақ, иншаАлла, бұл жағдайлар түзелер деп ойлаймын. Сондықтан, туыстық байланыстың ажырап, ұлттық болмыстың жоғалуын діннен деп түсінбеуіміз керек.

– Бүгінгі қоғамда жиі байқалатын құбылыс, біз қандай мәселе болса да оның себебімен емес, салдарымен күресетін сияқтымыз. Исламды желеу еткен ағымға қарсы күрестегі себеп пен салдар туралы айтсаңыз...

– Біз айтып отырған мәселе жат ағымның, әсіресе, соның ішіндегі сәләфилік бағыттың тағылымына қатысты болып отыр. Басқа да ағымдар бар, бірақ олардың біразына заңмен тыйым салынды. Тыйым салынуға тиісті ағымдар тізіміне әлі енбегені осы – сәләфилік бағыт. Ашып айту керек, сәләфилік тағылымында діни проблемалардың, радикалданудың негізі жатыр. Негізгі ақидасынан, сенім жүйесінен бастап қарайтын болсақ, осы құбылыстарды көреміз. Радикалдану қайдан шығады? Ол Құран-хадисті дұрыс түсінбеуден шығады. Кейбір аят-хадистерді басқа аят-хадистерден бөлек, кесіп алып, әлгі «буквализм» ауруымен, тікелей түсінуден, яғни қате түсінуден шығып жатқан нәрсе. Бұның бәрі сол ақида тақырыбынан бастау алады. «Алланы тану мәселесінде барлығын тікелей қабылдауымыз керек» деп, қол, аяқ, жүз деген сөздерді тікелей түсініп, Алла Тағалаға ағза мүше бекітеді. Құран аяты мен хадистерді астарлы мағынасында, оны басқа да дәлелдермен салыстырып тәпсірлеуді бұрмалау деп оқытқандықтан, олардың ортасында кез келген нәрсені тікелей қабылдау жүйесі қалыптасады.

Мәселен, «намаз оқымаған адам – кәпір» деген мәселе көптеген жайттарға себеп болады. Қазіргі таңда біздің елімізде мадхалидтер деген сәләфиттік ұстаным иелері бар. Олар өздерін «мадхалитпіз» деп, әлбетте, атамайды. Әу бастағы көсемдерінің бірі Раби әл-Мадхали болғандықтан, осы бағыттағы топ осылай аталды. Бұл жерде «мадхалит» деген жамандау мағынасында емес, Мәселен, Имам Ағзам Әбу Ханифа, имам Шафиғи мәзһабы түсіндіруі бойынша дін ұстанушылар ханафи немесе шафиғи деп аталғаны секілді дүние. Сол үшін бұл атауды мазақтау немесе жамандау мағынасында емес, анықтау үшін айтылған деп түсіну керек. Енді бізде кей адамдар бұл топты «байсалды, олар басшыға бағынады» деп, әртүрлі себеп-сылтауларды алға тартады. Сол мадхалидтік топтың уағызшыларының бірі, қазіргі күнде Мәдина қаласында жүрген өзбек жігіт өз уағызында мынадай мәселені айтты. «Бір жігіттер шейх Абдул Мухсин Аббадқа барды. Ол – Мәдинадағы осы ағымдағылардың ұстаздарының бірі. Жігіттердің бірі мадхалидтік, екіншісі такфирлік көзқараста болған. Біріншісі шейхқа келіп айтады: «Мына бауырым намаз оқымаған адам кәпір деп айтып жүр. Осыған не дейсіз?» деп еді, сонда шейх Аббад: «Иә, кәпір, бірақ сен онымен айналыспай-ақ қой» деп жауап береді». Міне, осы ағымның абырой тұтқан шейхы Абдул Мухсин Аббад осылай деді.

Жалпы, кәпір деген сөз ислам дінін мойындамайтын адамға айтылады. Бірақ, кәпір деген «оны өлтір, қанын төк» деген сөз емес. Керісінше, ислам басқа дін өкілдерімен де жақсы мәміледе болуға бұйырады. Шарттары сақталып жатса, тіптен, үйленуге де рұқсат береді. Яғни, кітап иелерінің (өзге дін) қызын алуға шариғатта рұқсат бар.

Енді бұл жердегі мәселе, намаз оқымайтын адам олар үшін кітап иелерінен бе, әлде басқа ма? Жоқ, кітап иесі емес. Шариғат бойынша кітап иелері бауыздаған малдың етін жеуге болады. Кәпір деп айыптап отырған адамдары кітап иесі болмағандықтан, оның бауыздаған малының етін жеуге болмайды. Намаз оқымай жүрген адам кітап иелерінен емес. Онда оның қызына үйленуге болмайды. Намаз оқымай жүрген адамға қыз беруге болмайды. Міне, осындай көптеген мәселелер туындайды. Яғни, «Намаз оқымайтын адам кәпір, бірақ онымен айналыспай-ақ қой» деген сөз бос сөз болып табылады. Сен кәпір дедің бе, одан шығатын нәтижелер, салдары бар.  Кәпір деп алғаннан кейін, сенің ол адамға деген мәмілең бұрынғыдай, мұсылманға жасағандай болмайды. Сол себепті байсалды деген топтарының өзі осындай қоғамды, жастарды радикалдандыратын көзқарасты ұстанып жатыр. Олардың ұстаздарын алып қарайық. Барлығы бірауыздан мойындайтын шейхтары Мұхаммед ибн Абдул Уаһабтың «Кәшфу әш-шубуһәт», «Науақиду әл-Ислам», «Таухид» кітаптарын оқыған адамның радикалданатыны анық. Бұл мәселеде жеке көзқарасым, бізге тәлім берген ұстаздарымыздың да пікірі десем болады, Мұхаммед ибн Абдул Уаһабтың кітабын тікелей оқыған адам тәкфирге айналады. Оның және шейх Фаузанның кітаптарын оқыған адам сурурит, мадхалит болып шығады. Барлығы «Үш негізді», «Төрт ережені», «Кәшфу әш-шубуһәт», «Науақиду әл-Исламды» оқытады. Соңғы кітапта адамды кәпір ететін, мұсылмандығын жоятын амалдар туралы жазылған. Сол кітапта М.Абдулуаһаб «адамды кәпір ететін амалдардың бірі – діннен бас тарту» дейді. Діннен бас тарту қалай болады? Діннен бас тарту – оны үйренбеу, амал қылмау. Ал енді адамды кәпір ететін осы шартты немесе ережені алып біздің қоғамға салып көрейік. Білместікпен намаз оқымай, дінге амал етпей, дінді үйренбей жүрген қаншама адамдар бар айналамызда. Бұл кітаптағы шартқа сүйенсек, онда осы адамдардың барлығын кәпірге шығару керек. Олардың кәпір екендігін әлгі біз байсалды деп жүрген шейх Фаузанның өзі де «Науақиду әл-Ислам» кітабына жазған түсініктемесінде айтып кеткен. Енді, намаз оқымайтын бір адамды сәләфит ағымындағы жігіт кәпір деп айтса, сен «ол кәпір емес ғой, білместікпен, қателікпен амал етпей жүрген мұсылмандар, құлшылық етпегені үшін күнә жазылады, бірақ кәпір болмайды ғой» десең, олар саған екінші ережені алға тартады. Ол ережеде «Кім кәпірді кәпір демесе немесе кәпір екендігіне күмән келтірсе, онда ол адамның өзі – кәпір» деп, сені кәпірге шығарады. Себебі, сен әлгі адамның кәпір екенін мойындап тұрған жоқсың. Ал негізі мұндай ереже қандай жерде, қандай қоғамда қолданылу керек?! Мысалы, намаз оқымайтын бір адам«Құран Алланың сөзі емес, ол адамның сөзі, Мұхаммед ойынан жазған» десе, міне, осылай Құранды жоққа шығарған адам мұсылман болмайды. Екінші бір адам келіп, «жоқ, бұл адам мұсылман» дейтін болса, онда бұл адамға қатысты жоғарыдағы үкімді айтуға болады. Ал бірақ, өзін мұсылман санайтын, «Алланы – бір, пайғамбар, Құранды – хақ» деп мойындайтын, аптасына, айына болса да мешітке барып, Құран оқытып, садақасын беріп жүрген адамды қалайша кәпір дейміз? Жаман түс көрсе, ол шіркеуге емес, мешітке келеді. Үйінде құдайы ас жасап, дастархан жайса, мешіттен имамды шақырды. Құран оқылса, отыра қалып, қолын жайып, дұға етеді. Яғни, өзін мұсылманмын деп есептейді. Енді осындай адамдардың кәпір еместігіне дәлел айта бастасаң, олар саған «сен кәпірдің кәпір екендігіне күмән келтірдің» деп, өзіңді кәпір етеді. Байқасаңыз, бар мәселе бұлардың негізгі тағылымынан туындайды. Қазіргі уақытта әлгі кітаптарды насихаттап жүрген адамдарға қатысты ешқандай шара қолданылып жатқан жоқ. Сол кітаптарды таратып, осы бойынша сабақ беріп жатқандары да бар. Оларды байсалды деп қарастыра саламыз. Сол кітаптарды оқып, ең соңында радикалданудың түбіне жеткен кезде ғана шара қолданады. Яғни, негізгі себебі – тағылымдарында болса, осы тағылымды іске асырылғанда ғана дабыл қағып, күреске шығамыз. Былайша айтқанда, салдарымен күресіп, себебіне үңілмей келеміз. Керісінше, мәселенің мәнісіне толықтай, тереңдей үңіліп, себебімен күрес жүргізуіміз керек. Бұл сәләфилік бағыттағы адамдардың бәрін қамап тастау керек деген сөз емес. Мәселе осы көзқарасты насихаттайтын қандай да бір кітаптардың барлығына, пікірлерге, оны насихаттаушыларға тыйым салып, экстремизм мен терроризмнің алдын алуымызда. Теріс көзқарастағы кітаптар мен пікірлерді таратушы, насихаттаушы адам заңмен жазалануы керек. Өз басым бұл қиын мәселе деп ойламаймын. Кейбіреулер ушықтырып, одан бетер радикалданып кетуі мүмкін деген сияқты сөздерді айтады. Жуырда «Azan.кз» сайтында «Умеренный радикализм» деген мақала шықты. Сол жерде осы мәселе жан-жақты тарқатылып, олар байсалды болса, ендеше неге осы ағымның тағылымын алғандар радикалдануда деген мәселелер көтерілді.

Сәләфиттерді «байсалды» немесе «радикалды» деп бөлуге болмайды. Ақтөбе оқиғасы мұны нақты дәлелдеп берді.

– Сыртқы әсер етуші, ықпал жасаушы күштерге төтеп беру үшін бізге өзіміздің ішкі иммунитетіміз мықты болуы қажет, төл руханиятымызды көтеруіміз керек деп жатамыз. Осы имани иммунитетті қалыптастырудың, дінімізді дұрыс жеткізудің жолдары қандай?

– Бұл да негізі елімізде жат ағымның таралуына тосқауыл қоюдың, алдын алудың жолы ғой. Әлбетте, бұны түсіндіру жұмыстары, алдын алу шаралары деп те атаймыз. Халықты ақпараттандырып, дін туралы дұрыс мәлімет жеткізіп, олардың имани иммунитетін күшейту. Бұл да, жоғарыда айтып өткендей, себептерімен күресу әрекеттері саналады. Дегенмен, біз қанша түсіндіру жұмысын жүргізіп жатсақ та, мына жақта жат ағым да қарап қалмай, өз әрекеттерін іске асырады. Жалпы, адам­ның табиғаты әркелкі ғой, қоғамда біреу бір нәрсені насихаттап шықса, оны қолдап-қолпаштап кететін топ, әйтеуір, табыла­ды. Сондықтан, әртүрлі ой-пікір мен сана сезімдердің сан алуан болуы себеп­ті тек қана түсіндіру жұмысымен ештеңе шешілмейді. Ендеше, халқы­мыздың діни иммунитетін қалай күшей­теміз? Жолдары, әдіс-тәсілдері қандай?

Ең алдымен, маңызды міндет – халық­тың ұлттық сезімін ояту. Яғни, «мен – қа­зақпын» деген сөз. Қазақпын деген – мен мұсылманмын деген сөз. Себебі, қазақ пен мұсылман сөзін ешқашан бөліп-жарып қарауға келмейді. Оған жол беретін болсақ, біз өткен тарихымызға қарсы шыққанымыз, мәдениетімізді мансұқтап, салт-дәстүрімізді терістегеніміз болып табылады. Бір мысал: Қазір Түркияда бір телесериал жүріп жатыр. «Ертұғрыл» (Эртуғрул) деп аталатын туындыда Осман империясы кезіндегі бүтін бір ұлттың тарихы насихатталады. Осы киноны көріп отырып, түйген ойым, бұл туынды арнайы тапсырыспен, түрік халқының ұлт ретінде патриоттығын ояту үшін «Міне, сенің ата-бабаң осындай болған, мұсылман болған, салт-дәстүрін сақтаған. Сондықтан қаншама ғасырлар бойы әлемнің жартысына жуық жерді басқарды, биледі. Біз осындай болсақ жетістіктерге жетеміз» деген түсінікті халыққа жеткізу үшін түсірілген. Бізге де осы сынды жолдармен халықтың патриоттық сезімдерін ояту өте маңызды деп білемін. Өкінішке қарай, қоғамда кез келген нәрседен исламды бөле қарау басым секілді көрінеді. Исламды, мұсылманшылықты қазақ мәдениетінен ажыратып қарағысы келеді. Біз мұсылмандықты, дәстүрлі исламды халықтың санасына дұрыстап сіңірмей діни сауаттылықты арттырып, имани иммунитетімізді күшейтеміз деп ойламаймын. Айтпағым, дәстүрлі исламды ұлт тарихымен байланыстыра отырып насихаттау қажет. Сан ғасырлар дініне бекем, салт-дәстүріне мығым болған халықтың ұрпағы екенімізді, кеше ғана мұсылман болмағанымызды, кеше ғана елімізге таза таухид келмегенін, ата-бабамыз бірнеше ғасырлардан бері таухид жолын ұстанғанын халыққа жеткізетін болсақ, осы ұлттық сезім мен сенім нығаятын болса, жат ағымға жастарымызды жіберіп қойып отырмасымыз анық. Бұның негізі сол балабақшадан бастау алады, ата-анаға келер болсақ, отбасын құрмастан бұрын қолға алу керек. Ал мемлекет осы жүйені балабақша, мектептен бастап балалардың санасына сіңіруге, дәстүрлі жолымызды көрсетуге мүмкіндік беруі керек деп ойлаймын. Бұл келеңсіздіктердің алдын алудың әдіс-тәсілдері көп қой. Бірақ, Американы қайта ашудың қажеті жоқ, ең негізгісі ұлттық, патриоттық сезімдерімізді күшейтетін жоғарыда атап өткендей шараларды қолға алар болсақ, мәселе шешіледі деген үміт басым.

– Дінді бетперде еткен топтармен күрес жүргізу өте өзекті екені белгілі. Дегенмен, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, өз мәдениетімізден алыс жастарды қалай тәрбиелемек керек? Бұл жағы көлеңкеде қалып қойып жатқан секілді. Кешкілік клуб жағалаған жастарға, көрер көзге ұят киім киген, қадағалаусыз жүрген ұл-қыздарымызға кім жауапты? Біз бүгін тастанды бала, қорланған қыз тағдыры туралы, оны шешу жолдарына алаңдап дабыл қағамыз, ал осыған алып келген себептер, әу бастағы тәрбие, бағыт-бағдар, рұқсат пен тыйым жайында айтуға неге құлықсызбыз?

– Иә, жыл сайын «осынша бала тас­танды болды, мынанша қыз оң босағада отырып, жүкті болды» деп дабыл қағып жататынымыз рас. Себепсіз нәрсе жоқ қой. Мұның негізгі себебі, сол діннен алыс болған ата-анасы, арақ-шараппен өткен тойлар... Осы харам суды ішіп, жұбайлық қатынасқа түсу, бойында осы арақ болып, сонымен жүкті болу... тексіздік, қатыгездік осы сәттен бастап баланың бойына егіледі. Бала дүниеге келгеннен кейін не нәрсені көріп өседі? Теледидардағы қызылды-жасылды жартылай жалаңаш, өнегесі жоқ бейнеклиптерді, хит арналарды көрді, соларды үлгі тұтады. Мектепке барғанда, балалардың сәл есейіп, ұлдың, қыздың өзіне тән ерекшеліктері, бой жеткені сезіле бастағанда бір-біріне көз тастауы, сөз салу, қазіргі тілмен айтсақ, «қыз-жігіт» болып жүру әрекеттері орын алатыны өтірік емес. Осының барлығы келешектен көрініс табатын келеңсіз тірліктердің басты себептері ғой. Тастанды балаға кінәлі кім? «Ата-ананың көзінен таса, кешқұрым болатын кештерде ұл-қыздардың жеке оңаша қалуы, оның салдары, нәтижесі қандай болатынын өздеріңіз де білесіздер. Қыздардың қысқа етек киюі, ешқандай шарт-талаптар қойылмастан, жігіт пен қыздардың еш қадағалаусыз араласып кетуінің соңы қайда апаратынына бүгінгі қоғам куә. Осындай әрекеттердің соңы зинаға әкеліп соқтырады. Теледидардағы бағдарламаларды қарасаңыз, осы мәселе ушығып, қаншама қаракөз қыздарымыздың, қарындастарымыздың тағдыры ойыншыққа айналғанын байқайсыз. Сол себептен, халқымызда айтылғандай, «тәрбие – тал бесіктен» басталып, дәні ақ неке қиылған кезде, ананың құрсағына адал егіліп, мұсылманшылық тәрбие берілсе, біз болашаққа сау да салиқалы ұрпақ қалдырамыз. Басты жолы осы ғана.

Біз «қызға қырық үйден тыйым» деген халық өсиетін тек тілмен айтып қоя саламыз. Ата-ана тарапынан қатаң тәрбие, дұрыс өнеге іс жүзінде жүргізілсе осындай жайттар орын алмас еді ғой. Қазақ халқының өмірлік өлшем, ұстанымдары ислам дінімен біте қайнасады деуіміздің астарында осы мұсылманшылық тәрбие жатыр. Ненің адал, ненің арам, не нәрсе дұрыс, не нәрсе бұрыс екенін әке баласына, шеше қызына үйретіп, бағыт-бағдар беріп өсірсе, ол ұрпақ қателікке ұрынбайды. Өкінішке қарай, бүгінде мұндай тағылым-өсиет өткен тарихымызбен бірге қалып бара жатқандай. Бұрын келін түсіргенде ақ мата жаю дәстүрі болғанын білесіздер. Қыздың адалдығын жеңгелері осы жолмен анықтайтын еді. Қазіргі таңда, елдің ішінде жүргендіктен, біраз жайттан хабардармыз. Көптеген жастарымыздың, ұл-қыздарымыздың үйленгенге дейін зина жасап қоятыны өте алаңдатарлық жағдай. Зинаның таралуы – асыл дінімізде ең біріншіден үлкен күнә, екіншіден қазақ халқының танымына, салт-дәстүріне жат қылық. Бұл нәрседен сақтандыру, аулақ болу туралы имам-молдалар тарапынан айтылып-ақ жатыр. «Зинаның зардабы» жайында арнайы уағыздар да жүргізіледі. Жалпы, ер мен әйелдің арасындағы қатынас қандай болуы керек, үйленуге дейін, некеден кейін қандай болуы керек, т.б. барлық мәселе жан-жақты түсіндіріліп жатыр. Бірақ оны кім тыңдайды? Оны мешітке келетін, имамның уағызына құлақ түретін, ата дініміз исламға мойынсұнған, мұсылманшылықты ұстанатын ұл-қыздарымыз тыңдайды. Ал мешітке келмеген, кірмейтін адамдар бұл насихаттан тыс қалып жатыр. Осы орайда айта кетер мәселе, орта мектептерде «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні енгізілуде.

Бұл пәннің енгізілу мақсаты не? Мақсат – жат ағымдарға қарсы күрес, жастарды сақтандыру. Жат ағым мәселесі негізінен исламға қатысты көтерілгендіктен, бұл пәнде шынайы ислам жайында көбірек айтылып, басымдық берілсе нұр үстіне нұр болар еді. Жастар тәрбиесі, қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпы, жалпы имандылық тақырыбы кеңірек насихатталса. Ресей мектептеріне қарасаңыз, «Основы православия» деген секілді пәндер оқытылады. Сол сияқты осы «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінде имандылық тақырыптарын ұштастырса деген өтініш-тілек бар. Жастар тәрбиесі – өте өзекті, алаңдайтын тақырып. Діннің ішінде жастар түрлі ағымға кетіп жатса, сыртында мынадай жайттар тағы орын алады. Қоғам болып, қолға алып, күрес жүргізу керек. Осыған байланысты жаңа бар ұстаным, бағыт-бағдар қабылдап, саясат жүргізу керек деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Жайық НАҒЫМАШ

Бөлісу: