26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Нағыз ғалым араға іріткі салмайды

Ақида
Жарнама

Исламда:

إذاتغيرالأزمانيتغيرالأحكام

«Заман өзгерумен үкім де өзгереді»-деген қағида бар.

Сондықтан да Ислам бағзы біреулер ойлағандай қатып қалған, догматикалық дін емес. Керісінше, Ислам заман талабына сай ғылым және техника жаңалықтарын дін талаптарына сәйкестендіретін дін.

«مشكات المصابيح» (Мишакул-масобих) хадистер жинағының «كتاب الفتن» (Китабул-фитан) бөлімінде имам Термизи Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) риуаят еткен хадисте былай деп айтылған:

وَلَعَنَ آخِرُ هَذِهِ الأُمّةِ أَوّلَهَا

«Бұл үмметтің соңғы (яғни, Ақыр заманда болатындары) әуелгілерді (әуеліде өткендерді) лағнеттейді».

Міне, дәл осы хадис осыдан 1400 жыл бұрын өткен Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) хақ пайғамбар екеніне анық дәлелдердің бірі. Расында да, уақыт өте, әсіресе қазіргі уақытта, түрлі шала сауаттылар пайда болды. Олар өз арамызда жүр. Міне дәл солар өткен ғалымдарды менсінбестен өзбетінше түрлі мәселеге пәтуа беріп, өздерінше түрлі топ құрған.

Ал негізіне келер болсақ Аллаһ Тағала үмметтің үлгеріде болған бөлігін:

وَالسَّابِقُونَالسَّابِقُونَ أُوْلَئِكَالْمُقَرَّبُونَ فِيجَنَّاتِالنَّعِيمِ

«Игі амал істеуде озушылар жәннат нығметтеріне қол жеткізуде өзгелерден озады. Міне солар Аллаһ Тағалаға жақын болғандар. Жұмақта нығметке бөленеді»-деп мақтаған. («Уақиға», 10-12 аят)

Дін үшін жан-малын, бүкіл ғұмырын құрбан еткен үмметтің ілгеріде болған бөлігін кемсітуге ешкімнің де ақысы жоқ. Бұл – Хақ Тағаланың әмірі. Сондықтан да қазіргі күні ілгеріде болған ғалымдарды менсінбеген «ғалым» тұлғалардың өмір бойы істегендері дәл сол ғалымдардың бірінің бір күндік амалына да тең келмейді.

Жаратушы Иенің таңдаулы пенделеріне қарсылық етіп, тіл тигізгендер өздерін Аллаһ Тағаланың дұшпанына айналдырады. Бұл мәселеге қатысты имам Бухари риуаят еткен құдси хадисте Хақ Тағала:

مَنْ عَادَى لِي وَلِيًّا فَقَدْ آذَنْتُهُ بِالْحَرْبِ

«Менің уали (жақын) пендеме қастық еткенге мен соғыс жариялаймын»-деген. («Сахихүл-Бухари», 6137)

Егер ілгеріде өткен ғалымдарды менсінбестен жаңа ойлап тауып жатқандар ақиқат ілімге ие болса еді, сөз жоқ, ғалымдарды менсінбеу қылығына жол бермес еді. Дәл сол бүйректен сирақ шығарғандардың ілімсіз екеніне көптеген дәлел бар. Бірақ бұл орында біз бір мысал келтірумен шектелеміз. Мәселен, кезінде Омар, Осман, Әлиді (родиял-лаһу ъанһум) өлтіргендер Құран оқитын. Алайда, оқығанымен оның мағынасын терең түсінбейтін. Осылай бола тұрып олар үмметтің ғалымдары болған Омар, Осман, Әлиді (родиял-лаһу ъанһум) ілімсіз деп, өздерін дана санайтын. Қазіргі уақытта мұсылмандарды топ-топқа бөліп, өздерін джәннаты, ал өзгелерді тозақы етіп жатқандар, өздерін дұрыс, өзгелердің бәрін бұрыс есептегендер, 14 ғасыр бұрын қалыптасқан Ислам шариғатын шетке сырып қойып, жаңа дін ойлап тауып жатқандар дәл сол Омар, Осман, Әлиді (родиял-лаһу ъанһум) өлтіргендер алыс кетпеді. Бұл айтылғанға дәлел олардың: «Біз – «әһл Құран»-быз. Бізге мазһаб керек емес. Біз тек Құран және хадиспен жүреміз»-деген сөзі. Міне, дәл осы – қате ұғым.

Ислам тарихына үңілер болсақ өмірден өзінше ижтиһад ететін көптеген ғалымдар өткенін білеміз. Ілімдері дария бола тұрып дәл сол ғалымдар мұсылмандардан бөлектеніп өзгеше топ құрмады. Тек өзін «дұрыс жолдамын» деп өзгелерді «адасқандар, кәпірлер, мушриктер, бидғатшылар» демеді.

Келесі мәселе: сол ғалымдардың әрбірі әһлүс-сунна уәл-жамаға қатарындағы мазһабтың бірін ұстанып, мұсылмандардың бір болуына барынша күш салды. Неге? Себебі, мұсылмандар бірлігі жеке тұлғаның қалауынан қашанда жоғары тұрады.

Бір күні Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) әйгілі сахабасы Жәбир ибн Абдуллаһ (родиял-лаһу ъанһу) таң намазын ұзақ етіп оқиды. Сонда жамағаттағы бір бақташы жамағаттан бөлектеніп, намазды жалғыз оқып мешіттен шығып кетеді. Бұл жайында біген Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) әлгі бақташыны шақыртып алып, болған жағдай жайында сұрағанда ол былай дейді: «Уа Расулуллаһ! Мадинада жыртқыш көп. Ал мен мал үшін жауаптымын. Имам намазды тым ұзақ оқу себебінен өзім қысқартып оқыдым». Сонда Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) Жәбирді (родиял-лаһу ъанһу) шақырып алып: «Уа Жәбир! Сен фитнашысың ба, фитнашысың ба?»-деді.

Демек, ғалым көпшіліктің жағдайын түсіне білуі тиіс. Ондай болмаған жағдайда адамдарды топ-топқа бөлуі ғажап емес.

Аллаһ Тағала баршамызды дүмше ғалым болудан сақтасын! Әмин!

Абдуссамад МАХАТ,

«Нұр Астана» орталық

мешітінің наиб имамы

Бөлісу: