25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Келте ойдан сақтану

Ақида
Жарнама

Тарихтан дінде көптеген ағымдар мен топтар пайда болғаны белгілі. Алайда олардың көбі көп уақыт өтпестен-ақ жойылып тұрған. Ал әһлүс-сунна уәл-жамаға 14 ғасырдан бері өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келе жатыр.

Кезкелген парасатты діндар өз-өзінен: «Мен ұстанған жол қате болса, Ақыретте Аллаһ Тағаламен қалай жүздесемін?»-деп сұрайды. Бұл ойланатындай-ақ мәселе. Адамның көбі «білім болса болғаны» деп саналық мәселесіне немқұрайды қарайды. Ал ақиқатына келер болсақ, тек білімді болу жеткіліксіз. Себебі, бар мәселе тек білімділікте болса, онда лағнеті шайтан адаспас еді әрі жәннаттан қуылмас еді. Ол ғалым бола тұрып Адамның ғ.с. жаратылу мәнісін ұғынбады әрі Хақ Тағаланың әміріне бойсұнбады. Нәтижеде «әл-лағнатур-рожимге», яғни «қарғысқа ұшырап, Хақ Тағаланың рахметінен қуылған» болып шыға келді.

Дәл сол тәрізді хикметтен (даналықтан) мақұрым болған біреулер: «Осы жолым дұрыс. Тек менің ұстанымым қатесіз»-деп адасып басқалардан бөлініп жатады. Алайда біліммен қатар парасаттылықпен хикмет нәсіп болса еді олар ол қадамға бармас еді-ау.

Хақ Тағала «Әли Имран» сүресінің 103-ші аятында:

وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللهِ جَمِيعًا وَلاَ تَفَرَّقُوا

-«Барлығың Хақ Тағаланың Кітабы – Құранды ұстанып, өзара топ-топқа бөлінбеңдер»-деп, мұсылмандардың топ-топқа бөлінуіне тыйым салды.

«Егерт Аллаһ Тағала осылай бұйырса әрі бұйрығы анық болса, онда не себептен түрлі қате әрі теріс ағымдар пайда болады?»-деген сұрақ туындайды.

Мәселе аят-хадисті қате түсінуде. Оның себебі көп. Соның бірі, мәселен, хадистің зоһири (сыртқы) мағынасын негізге алу. Ал негізінде хадистің зоһири емес, бәлкім түпнегізгі мағынасына сүйену керек еді. Мысал ретінде имам Бухари Әбу Һурайрадан р.л.ғ. риуаят еткен:

ما أسفل من الكعبين من الإزار ففي النار

-«Балағаны тобығынан төмен түсіп тұрған адам – тозақы»-деген хадис.

Осы хадистің негізінде «балағы тобықтан төмен түскеннің бәрі – тозақы» дейтіндер бар. сол себептен олар үйде де, түзде де балағы қып-қысқа шалбар киіп жүреді. Дәл осы әрекеттері олардың шаласауатты екенін көрсетеді. Бұған дәлел имам Бухари және имам Муслим Ибн Омардан (родиял-лаһу ъанһу) риуаят еткен мына хадис:

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: "مَنْ جَرَّ ثَوْبَهُ خُيَلاَءَ لَمْ يَنْظُرِ اللهُ إِلَيْهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ"، فَقَالَ أَبُو بَكْرٍ: إِنَّ أَحَدَ جَانِبَيْ إِزَارِي يَسْتَرْخِي إِنِّي لأتَعَاهَدُ ذَلِكَ مِنْهُ. قَالَ: لَسْتَ مِمَّنْ يَفْعَلُهُ خُيَلاَءَ

«Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Қиямет күнi Аллаһ Тағала киiмiн тәкаппарланып сүйреткенге назарын салмайды»-дедi. Әбу Бәкр (родиял-лаһу ғанһу): «Кейде менiң изарым (изар – белге оралып, төменгi жақты жауып тұратын жапқыш) тарқатылып, жерге сүйретiлiп жүредi»-дедi. Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Сен оны тәкаппарланып сүйретпейсiң ғой»-деп жауап бердi».

Түсiнiктеме:

...киiмiн тәкаппарланып сүйреткенге – қымбат матадан тiгiлген киiм кисе менменсiгенге. Ислам қымбат киiм киюден қайтармайды. Адал еңбекпен табылған болса, неге кимеске? Ислам адам баласының қандай жағдайда болмасын, соның iшiнде киiм кигенде де менменсiнуiне қарсы. Мәселен, дәулеттiлiгiн көпшiлiкке паш етiп, киiмнiң етегiн жерге сүйреткеннiң кiм үшiн және қандай пайдасы бар?

Кейде менiң изарым тарқатылып, жерге сүйретiлiп жүредi – Әбу Бәкр (родиял-лаһу ғанһу) жүдеу адам болған. Осы себептен изары тарқатылып қалатын.

Сен оны тәкаппарланып сүйретпейсiң ғой - Әбу Бәкр (родиял-лаһу ғанһу) өзiнiң құдайшылдығы және тақуалығымен әйгiлi болған. Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) өз сөзiнде осыны меңзеген.

Ескерту: Шариғаттың мәнiсiнен мақрұм болғандардың арасында балағы тобықтан түсiп, аяқ киiмге жеткен шалбарды кию–күпiрлiк деп айтатындар бар. Еш бiр пенде шариғаттан жоғары бола алмайды. Яғни, шариғат рұқсат еткендi адам өздiгiнен жоққа шығара алмайды. Жоғарыда айтылғанға сәйкес, киiм киюдегi басты шарт – тәкаппарлықтың болмауы. Шариғатта адамның иманды не болмаса имансыз екенiн шүберек негiзiнде айқындаудың үкiмi жоқ! 

Осы хадистен барлық мәселе пенденің ниетіне байланысты екені анық көрініп тұр.

Абдуссамад МАХАТ,

«Нұр Астана» орталық

мешітінің наиб имамы

Бөлісу: