26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алланың атынан үкім бере аламыз ба?

Алланың атынан үкім бере аламыз ба?

Ақида
Жарнама

Мұсылман өзгелерге Исламды үйреткенде оларды шошытпауы, үркітпеуі шарт. Ислам – бейбітшілік, рақым-шапағат, кеңпейілділікті қамтыған Хақтың діні.

Пайғамбарымыз: «Қиындатпаңдар - жеңілдетіңдер. Үркітпеңдер - сүйдіріңдер» дейді. Сіз біреуді қорқытып, күшпен тұқыртып намаз оқыта алмайсыз. Егер оған Хақ Тағаланы сүйдірсеңіз, ол өзі-ақ Оның бұйрығын терең сүйіспеншілікпен орындай бастайды. Діннің мақсатын танымаған бір адамның жағасынан алып, «сен неге бұлай істейсің, сен Тозаққа барасың, біттің, құрыдың» деу мүлдем дұрыс емес. Бұл - Рақымды Алла Тағаланың рақымдылығын жоққа шығару һәм Оның атынан үкім беру деген сөз.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірде былай дейді: «Израйыл ұрпақтарының арасында бір-біріне мүлдем кереғар екі түрлі адам болған еді. Бірі - күнәкар, енді бірі - терең ғибадат ететін жан еді. Бірде сол құлшылық қылушы әлгі айтқан күнәкар пенденің күнә істеп жатқан сәтінде үстінен түсіп:

«Бұныңды доғар!»,- дейді.

Тағы бірде және көріп қалып:

 «Бұныңды доғар!»,- дейді.

Әлгі адам: «Сен менің тексерушім бе едің? Менің жөнімді Құдай ғана біледі»,- дейді.

Құлшылық қылушы күйініп: «Алла Тағаланың атымен ант етейін!  Сені Алла Тағала кешірмейді. Ол саған Жәннатты нәсіп етпейді»,- деп салады.

Іле  Алла Тағала екеуінің де жанын алды. Екеуі де Құдай Тағаланың құзырында тұр.

 Хақ Тағала құлшылық қылушыға: «Сен Менің қолымдағыға иелік етуші ме едің?»,- дейді.

 Ал күнәкар құлына қарап: «Бар, рақымдылығымды төктім, Жәннатқа кір!»,- дейді.

Құлшылық қылушыны нұсқап: «Ал мынаны жәһаннамға апарыңдар!»,- дейді».

Бұл хадисті бізге жеткізген сахаба Әбу Һурайра: «Ғибадат атқарған әлгі байғұс Алла  Тағаланың ашуына тиер бар-жоғы бір-ақ ауыз сөз айтты. Алайда сол сөзінің өзі оның екі дүниесін де: бұл дүниесі мен ақыретін қараң қалдырды»,- дейді.

Иә, мұны қазақта «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дейді. Кейде адам өзінің бірнеше күн құлшылық қылғанын көтере алмай өзін тақуа санап, нәпсі мен шайтанға еріп әлгідей сөз сөйлеуі мүмкін. Бұған негізі шайтанның адамға «оң жағынан жақындауы» делінеді. Шайтан қашан да тақуа жанның тақуалығын мақтап,  осындай тұзаққа түсіруге даяр тұрады.

Иә, ендеше мұсылман баласына қашан да шайтанның құрығынан сақтанып, Алла Тағалаға сиынып жүрген абзал.

материал «Пейішке жетелер пейіл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: