26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Абай айтқан есті адам болудың жолы қандай?

Абай айтқан есті адам болудың жолы қандай?

Ақида
Жарнама

Ибраһим (Абай) Құнанбайұлы өзінің он бесінші қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» – деп, адамды өз-өзінен есеп алуға шақырады.

Дініміз Исламда өз-өзінен есеп алу мәселесі бар ма, болса, қалай аталады һәм өз-өзінен есеп алу қалайша жүзеге асады? Осы мәселеге аз-кем тоқталып өтсек…

Дініміздің «тасаууф» ілімінде адамның өз-өзінен есеп алуын «мухасаба», яғни «нәпсіні есепке тарту» деп атайды. Ғалымдар рухани асқақтап, кемелдікке жету үшін адам әуелі өз нәпсісін өзі есепке тартуы тиіс екенін айтады.

Тасаууф ғалымдары «мухасабаны» Құранның: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға шын көңілден тағзым етіңдер және Оған қарсы келіп асы болудан сақтаныңдар! Әркім ертеңгі ақыреті үшін (не істеп, о дүниеге) не жолдағанына көңіл аударсын. Аллаға шын көңілден тағзым етіңдер және Оған қарсы келіп асы болудан сақтаныңдар! Шүбәсіз, Алла не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар», – деген «Хашр» сүресінің 18-аятынан алады.

Мұндағы «Әркім ертеңгі ақыреті үшін (не істеп, о дүниеге) не жолдағанына көңіл аударсын» деген аятына Ибн Кәсир өзінің тәпсірінде: «Есепке тартылмастан бұрын өздеріңді есепке тартыңдар. Өлімнен кейінгі тірілетін және Раббыңыздың құзырына шығарылатын күн үшін өзіңнің пайдаларыңа қандай салиқалы амалдарыңыз бар екеніне бір қараңыз», – дейді.

Міне, бұл – адамның әрбір амалын, ертеңгі күнге не дайындағанына бір назар аудару керектігін ескерткен бір аят. Осы аятты негізге алған ғалымдар мен тақуа құлдар үнемі өздерін есепке тартып отырған.

Абайдың «есті кісілердің қатарында болғың келсе…» дегеніндей, Имам Ғазали де өз-өзін есепке тарту ақылды адамдардың ісі екенін айтады.

«Құлдың күннің басында ақиқат жолында болуы үшін нәпсісімен келісетін бір сағаты болатыны секілді күннің соңында да оны есепке тартатындай бір сағаты болуы тиіс. Тіпті, бұл дүниеде саудагерлер де өздерінің серіктестерімен жыл сайын немесе ай сайын, болмаса күн сайын осылайша есептеседі. Саудагерлер дүниеге ынтық болғандықтан және өздеріне құнды болған дүниенің қолдарынан шығып кетуінен қорыққандықтары үшін осылай жасайды. Алайда, дүние-мүлік қолдарында уақытша ғана болады.

Ал ақылды адамдар мәңгілік бақыт пен жаман жолға түсудің қаупіне қатысты мәселелерде нәпсісін қалайша есепке тартпасын?» – деп есепке тарту ақылды, есті адамның ісі екенін айтады.

Демек, өте шығар уақытша дүние үшін әркіммен есептесіп, мәңгілік өмір үшін нәпсімізді есепке тартпау ақымақтық емей немене?

Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінен насихат сұраған адамға: «Бір істі көздеген уақытыңда соңын жақсылап ойлан. Дұрыс болса, оған кіріс, ал бұрыс болса, одан бас тарт», – деп өсиет еткен.

ummet.kz

Бөлісу: