26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Адам – ақырет жолаушысы

Адам – ақырет жолаушысы

Ақида
Жарнама

Өмірді танығысы келген бір жас жігіт дүниені аралап, саяхаттап жүрген елдерінің бірінде мәшһүр бір ғалымның үйіне қонаққа барады.  Саяхатшы ғалымның тұрған үйінің дуалдарының кітаптарға толы екендігін көреді. Қатты таң қалады әрине. Бірақ мұның мәнісіне бара алмайды. Үйде жерге төсеулі бір кілем, дуалдың түбінде бір төсек, ортада тұрған бір столмен орындықтан басқа ешнәрсе болмайды.

Таңданысын жасыра алмай сұрайды:

- Неліктен ешқандай заттарыңыз, жиһаздарыңыз жоқ?

Ғалым қолымен әлгі заттарын меңзеп жауап береді:

- Бар, міне олар!..

- Енді… Айтайын дегенім басқа жиһаздарыңыз, бұйымдарыңыз қайда?

Ғалым бұл сұрағына сұрақпен жауап береді:

- Балам сенің де артықша ешқандай заттарың жоқ. Тек мына арқалап жүрген сөмкең ғана бар. Ал сонда сенің заттарың қайда?

Жас жігіт бұл күтпеген сұраққа былай деп жауаптайды:

- Бірақ көріп тұрсыз ғой мен жолаушымын…

Ғалым күлімдеп дұрыс айтасың дегендей болып басын изейді де:

- Мен де!.. Мен де ақырет жолаушысымын… - дейді.

Иә, біз бұл өмірге қонақпыз, бір күні біз ешқашан оянбайтын күн келеді. Сондықтан әрбір сәттің қадірін білуіміз керек!

Бізді жоқтан бар етіп, мына жарық әлемді сыйлаған Алла Тағала жаратылу мақсатымызды былайша баян етеді:

وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْاِنْسَ اِلَّا لِيَعْبُدُونِ  

«Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым»[1].

Осылайша Жаратушы Хақ Тағала адам ұрпағын барша жаратылыстардан ерекше етіп, оң-солын танысын әрі өмір мен өлімнің парқын білсін деп ақыл нығметін берді.

Құраннан қуат алып, иманмен сусындаған бабаларымыз өмірдің өткінші екенін біліп, ақыреттің мәңгі екеніне иланды. «Өтпейтін өмір жоқ, сынбайтын темір жоқ», – деп өшпейтіндей ұлағатты сөз қалдырды.

Сахаба Абдулла ибн Омар (р.а.) айтады: «Бірде Пайғамбарымыз  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) иығымнан ұстап тұрып:

فَقَالَ كُنْ فِي الدُّنْيَا كَأَنَّكَ غَرِيبٌ أَوْ عَابِرُ سَبِيلٍ  

«Бұл дүниеде ғаріп секілді бол немесе жатжерде жүрген жолаушы секілді бол!», – деп айтты»[2].

Дүниеде ашық-жасырын істелген барлық ізгі амалдар мен күнә істер ақыретте анықталады. Жақсылық пен жамандық қиямет күні асқан мұқияттылықпен әділет таразысына тартылады. Сонда адам баласы дүниеде істегендерінің қайтарымын көреді. Олай болса, адам баласы бұл дүниеде не еккен болса, қандай дән сепкен болса, ақыретте соны орады, соны жинайды. Алланың әділеттілігі орындалып, әркімге өз ақысы беріледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп хабар берген:

لا تزولُ قَدَمَا عبدٍ يومَ القيامةِ حتَّى يُسألَ عن أربعٍ عَن عُمُرِه فيما أفناهُ وعن جسدِهِ فيما أبلاهُ وعن عِلمِهِ ماذا عَمِلَ فيهِ وعن مالِهِ مِنْ أَيْنَ اكْتَسَبَهُ وفيما أنفقَهُ

 «Қиямет күні (Алланың алдына барғанда) ешбір пенде мына төрт нәрседен сұралмайынша, бір қадам алға жылжымайды:

1.Өзінің өмірін қалай өткізгендігінен

2.Тәнін қалай пайдаланғандығынан

3.Алған білімін қалай қолданғандығынан

4.Дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қай жолда сарп еткендігінен[3].

Ойланып қарасақ, ақыретін ойлаған пенде мына дүние тіршілігін де берекелі етеді. Ал қу дүниенің соңына түсіп, өлімнің бар екенін естен шығарған пенде ақырет қамын уысынан шығарып алады. Данышпан Абай атамыз дүниенің алдамшы екенін айтып, адамзатты ойлануға үндейді:

«Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең, өзің қайдасың білемісің?

Өлмек үшін туғансың ойлан шырақ!».

Құндылығы мол ислам діні адам баласының екі дүниеде бақытты болғанын қалайды.

Бабаларамыз «судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаса керек. Мына өмір әрбір жан иесіне аманат. Берілген әрбір нығметтің есебі алынып, бір күні сұралатын сәті келеді. Ол – қиямет сағаты. Біле білсек, бұл дүние – егістік, ақыретіміз – қамба. Жәннат пен жәһаннам дүниедегі жасаған амалға қарай берілетін жеміс немесе өкініш болмақ.

Келесі хадисінде:

اِعْمَلْ لِدُنْيَاكَ كَأَنَّكَ تَعِيشُ أَبَدًا وَاعْمَلْ لِاٰخِرَتِكَ كَأَنَّكَ تَمُوتُ غَدًا       

 

«Еш өлмейтін пенде сияқты дүние тіршілігінде ерінбей амал ет және ертең өлетін жан секілді шынайы ғибадат жаса», – деп наcихат сөз айтқан[4].

Алла Тағала мұны былай ескертеді:

اِعْلَمُوا اَنَّمَا الْحَيوةُ الدُّنْيَا لَعِبٌ وَلَهْوٌ وَزينَةٌ وَتَفَاخُرٌ بَيْنَكُمْ وَتَكَاثُرٌ فِى الْاَمْوَالِ وَالْاَوْلَادِ كَمَثَلِ غَيْثٍ اَعْجَبَ الْكُفَّارَ نَبَاتُهُ ثُمَّ يَهيجُ فَتَريهُ مُصْفَرًّا ثُمَّ يَكُونُ حُطَامًا وَفِى الْاخِرَةِ عَذَابٌ شَديدٌ وَمَغْفِرَةٌ مِنَ اللّهِ وَرِضْوَانٌ وَمَاالْحَيوةُ الدُّنْيَا اِلَّا مَتَاعُ الْغُرُورِ

 

«Біліңдер! Шын мәнінде дүние тіршілігі бір ойын, сән және өзара мақтанысу, сондай-ақ малдарды, балаларды көбейту ғана. Бұның мысалы: Өсірген өсімдігі кәпірлерді таңырқатқан жаңбыр сияқты. Сосын қурап, сап-сары болғанын көресің. Содан кейін үгінді болады. Ақыретте қатты азап әрі Алладан жарылқау, ризалық бар. Негізінде дүние тіршілігі бір алданыштың ғана нәрсесі»[5].

Иә, қамшының қысқа сабындай өмір екенін іштей мойындасақ та, сырттай бұ дүниенің қызылы мен жасылына алаңдап, алданып қалудамыз.

Хакім Абай атамыздың 15-қара сөзінің соңы мына сөздермен түйінделіп келеді:

«Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?».

Абайша айтсақ, есті мұсылман өзінен есеп алып отыруы керек. Не ақыретке, не дүниеге жарамды болатындай амалың болмаса, өткен өміріңе не опа болмақ?!

Сондықтан бұл дүниедегі әрбір нығметтің қадірін бағалап әрі ақыретте сұрауы жалғасатынын ұмытпаған жөн. Алла Тағала былай дейді:

ثُمَّ لَتُسْأَلُنَّ يَوْمَئِذٍ عَنِ النَّعِيمِ

 

Сол күні, (дүниеде берілген) әр нығметтен әлбетте сұраққа тартыласыңдар[6].

Қорыта келе айтарымыз мықты иман, бес уақыт намаз, адал ризық-несібе иесі болсақ, бұл дүниенің де, ақыреттің де бақытын тапқанымыз. Раббымыз бізге: «бұл дүниеде де жақсылық бер әрі ақыретте де жақсылық бер. Және тозақ отының азабынан сақта!» деп дұға жасауға үндейді.

Жaйшылықта адамдардың бәрі бұл дүниеге бір-ақ рет келген қонақ екенін әбден сезіп біледі. Бірақ бұл бір-ақ реттік тамаша орайды жеткілікті қадірлеп, өмірін мән-мағыналы өткізу адам біткеннің бәрінің қолынан келе бермейді. Әсіресе жас шағыңызда адам өлмейтіндей, өмір таусылмайтын күндерден құралғандай сезіліп, адамды алдайды. Бейне өмір озбайтындай, тозбайтындай сезіледі де тұрады. Сондықтан әрқашан адам жігер, қайратының бар кезінде үйрену, еңбектену, басқа да түрлі ізденіс жасап, алға ілгерілеуге тиісті жақтарда барынша қарманып қалуға құлшынуы, уақытпен, аймен, күнмен, тіпті сағат-минутпен жарысып оны неғұрлым өз игілігіне жаратып, ұта түсуге ұмтылыс жасауы қажет. Бұл әрбір саналы, есті адамның бойынан табылуға тиісті асыл қасиеті болмақ. 

Біз бұл дүниеге не үшін келдік?

Бізге міндеттелген істі атқаруға келдік. «Келдік» деу дұрыс емес шығар, жіберілдік. Өйткені, келу біздің қолымызда тұрған нәрсе емес, кету де солай...

Бізді бұл жерге кім жіберсе, бір күні келіп бұл жерден арғы жаққа да шақырады, бізді қасына алады. Бізді бұл жерде тұрғызбайды. Өйткені біз бұл жерде қонақпыз. Сосын уақытымыз бітіп, кетеміз. Бізді бұл әлемге жіберген Жаратушы өмір сүрген кезімізде міндеттерімізді белгілеген, не істейтінімізді баян еткен.

Бұл жерде қандай қызмет атқарамыз?

Бір сөзбен айтқанда, құлшылық. Яғни, ғибадат. Алла нені бұйырса, соны жасау, неге тиым салса, содан аулақ болу. Мысалы, фабрикада бір ай жұмыс істейміз, жалақыны айдың соңында аламыз. Егістікте, бақшада жаз бойы жұмыс істейміз, өнімін кейде қыста аламыз, кейде келесі жылы аламыз. Бір жұмыс орнын ашамыз, қаржы саламыз, нәтижені көп уақыттан кейін аламыз. Демек, дүниеде де жұмыс істеудің нәтижесі, еңбектің  қайтарымы жұмыс біткенде беріледі.

Материалдық жұмыста дүниелік істердегі жағдай осындай. Ақыретке тән істер де осыған ұқсайды. Дүниеде Алланың бұйрықтарын орындаймыз, ғибадаттарымызды жасаймыз, ал қайтарымын арғы дүниеде ақыретте аламыз. Өйткені,  дүниенің соңы ақырет болып табылады. Бұл өмірдің соңы-шексіз өмірге өту.

Өткінші өмірде Аланың разылығына бөленетін амалымызды арттырып, адамдар арасындағы көркем қарым-қатынасымызды шынайы қалыптастырып жүрсек игі болар еді. Бұл дүниеміз бен ахиретімізде жүзіміздің жарық болуын нәсіп етсін!

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

[1] «Зарият» сүресі, 56-аят.

[2] Сахих Бұхари 8 том, 89 бет. 6416 хадис.

[3] Әт-тәрғиб уат-тәрһиб, 1 том, 125-бет.

[4] Байхақи, әс-Сунан-ул Кубра, 1344, III, 19.

[5] «Хадид» сүресі, 20-аят.

[6] «Тәкәсур» сүресі, 8-аят.

 

Нариман Исенов,

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: