26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Тақуалық – ихсанның кемелдігі

Тақуалық – ихсанның кемелдігі

Ақида
Жарнама

Тақуалық сөзі «аз сөйлеу», «сақтау», «қорғау», «әдепсіз әдеттерден, зиянды нәрселерден аулақ болу» деген мағынаны білдіреді.

Ал шариғи мағынасын айтар болсақ, тақуалықтың түпкі мәні мен мағынасы – күнәлі істерден сақтану, ұятты амалдан алыс болу, Алла Тағалаға бойсұнып, өзіне және өзгеге жақсылық жасау. Демек, шариғатқа сай өмір сүру – тақуалықтың белгісі, әрі ихсан сенімінің шыңы деуге болады.

Әдетте тақуалықты – Алладан қорқу деп айтады. Мұндағы «қорқу» сөзі кәдуілгі әлсіздің күштіден, адамның немесе жыртқыш жануардан көрқуы сияқты «үрей» деп түсінбеу керек. Алладан қорқу – адамның жүрегінде «Алладан ұялу», «Алла көреді», «Жаратушының әмірі» деген сияқты Алланы қастерллеу, құрметтеу, Оны ұлықтау мен құдіретін білу сияқты ұғымдар бірлігін түсіну керек.

Алла Тағала Құранда тақуалық туралы былай деген:

«Кім Алладан қорықса, оның ісіне оңайлық жасайды. Міне осы Алланың сендерге түсірген бұйрықтары. Кім Алладан қорықса оның жамандығын жояды да сауабын зор етеді» («Талақ» сүресі, 4-5).

Бірде Әбу Һурайрадан (р.а.) тақуалық жайында сұраған уақытта, ол сұраушы адамға қарап:

– Сен тікені көп жолға шықтың делік–дейді.

Әлгі адам: – Ия, -деді.

Әбу Һурайра:

– Енді бұл жолмен қалай жүресің? –деп сұрайды.

Әлгі адам: – Егер алдымнан тікенек көрсем, онда одан секіріп немесе оны айналып яки болмаса оны жолдан алып тастап өтемін – дейді.

Әбу Һурайра:

–  Міне, тақуалық та осы сияқты –деп түсіндіреді.

Алла Тағалаға тауалық жасау дегеніміз, адамның дұрыс өрмір сүруі, ағайын-туыспен жақсы қарымқатынас қылуы, Алланың әмірлерін орындап, күнә істерден сақтануы, қосымша құлшылықтар жасауы сияқты және т.б. адамды ізгілікке бастайтын амалдарды артығымен және ықыласпен жасау.  

«Шынында Алла тақуалармен сондай-ақ жақсылық істеушілермен бірге» («Нахыл» сүресі, 128).

Алла Тағала тақуа пендесіне сұрағанын береді. Әлбетте Алла тақуа пенделерінің сұрағанын жауапсыз қалдырмайды. Өйткені олар Алланы  жүрекпен сүйеді.

Ертеде өмір сүрген бір ханның әдемі бақшасы болса керек. Небір алуан түрлі хош иісті гүлдерге толы бұл бақшаға бір күні хан келіпті. Өйткені бақша күзетшісінің әйелі ажарлы екен.

Келе сала бақша күзетшісін бір жұмысты сылтауратып жұмсап жіберіп, хан бірден оның әйеліне көзін қадап:

– Бар да бақшаның барлық есіктерін жауып кел. Бір де бір есік ашық қалмасын, - дейді.

Алайда бақша күзетшісінің әйелі ажарлы ғана емес, ар-ұятты білетін өте ақылды да еді. Әйел бірден ханның жаман пиғылын сезеді. Есікті жаппақ болып кеткендей бір ағаштың артында сәл тұрып келгеннен кейін ханға қарап:

– Хан-еке! Есіктердің бәрін де жаптым, алайда бір есікті жабуға әлім келер емес. Қанша тырыссам да жаба алмадым, – депті. Хан:

– Ол қай есік? – деп сұрапты таңырқап. Сонда дәл осы ұрымтал тұсты күтіп тұрған әйел оған:

– Ол есік Алла Тағаланың өз құлдарының не істеп, не қойып жатқандарын түгел көріп тұратын «Ба-сир» (көруші) есігі еді,- депті ханды ойлантпақ ниетпен.

Бұны естігенде төбесінен біреу қос қолдап тұрып бір қойғандай, есін жиып ала қойған хан дереу әйелден кешірім сұрап, Алла Тағаланың алдында тәубаға келіпті.

Екінші рет ондай жаман ойға бармас үшін дереу Алла Тағаланың сүйікті құлдарының біреуінің қасына барып, имани ислами дәрістер ала бастапты. Көп өтпей-ақ әлгі хан Алла Тағаланың сүйікті құлдарының қатарына қосылса керек.

Тақуалық деген арнайы іздеп, уақыт-сәтін күтіп жасайтын амал емес. Алладан қорқу, күнәдан сақтану күнделікті тіршілігімізде, жұмысымыз бен отбасымызда көрініс табуы тиіс. Өйткені, шариғат сөзін тыңдаған адамның үйіне бақыт ұялайды. Қаблиса (Қабан) жырау бабамыз өзінің өсиетті өлеңдерінің бірінде:

– Бақыт, қайда барасың?

– Шариғат сөзін тыңдаған,

О дүниені ойлаған,

Аллалы үйге барамын.

– Бақыт, қайда барасың?

– Сыйлай білген молданы,

Діннің жолы қорғаны,

Бісмілләлі үйге барамын, – деп жырлаған. 

Тақуалықты арттыратын амалдың бірі – шүкіршілік. Алла Тағала құлдарының ішінен өзіне нәсіп еткен нығметтері үшін әрдайым шүкір ететін пенделерін жақсы көреді. Өйткені, Жаратушы Иеміздің берген ризық-несібесіне шүкір айтып, оған қанағат ету – имандылықтың көрінісі, ихсани сенімнің белгісі болмақ.

 

Нариман Исенов,

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы


Бөлісу: