26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ихсан – Алланың разылығын алу

Ихсан – Алланың разылығын алу

Ақида
Жарнама

Иманы күшті болған мүмін – Алланың қаһары мен рахымына үміт пен қорқыныш арасында құлшылық ететін, шынайы тақуа ретінде Алланың алдында дәрежесі көтеріледі. Мұндай мүмін Алланы көріп тұрғандай шынайы құлшылық етіп, Алла оны көріп тұрғанын сезіне отыра құлшылық жасайтын ихсандыққа  ұмтылады.

 

Өйткені, Алла сенің істеріңнен ғана емес, ойларыңнан, сезімдеріңнен хабардар. Ол ерніңнің қыбырлағанын да, иненің жасуындай-ақ кіп-кішкентай жәндіктің жыбырлағанын да біледі. Алла тіпті, құмырсқалардың да аяқ сыбдырын естиді, көзге көрінбейтін ең әлсіз тіршілік иелерін де көреді.

Осыдан 14 ғасырдай уақыт бұрын болған мына оқиғаға қарашы:
«Бірде Омар ибн әл-Хаттаб бір қойшыны сынау үшін:

«Бір қойыңды маған сатсаңшы» - дейді. Қойшы: «Сата алмаймын, мен жай ғана құлмын, бұл қойлар маған тиесілі емес, қожайынымдікі» деп жауап береді.

Омар оған: «Ал сен қожайыныңа қойды қасқыр жеп кетті деп айтса сал» дейді. Сонда қойшы: «Жоқ, қожайынымды алдай алсам да, Алла көріп тұр ғой, Оны алдай алмаймын», - деп жауап береді.

Мұны естіген Омар әлгі қойшыны құлдықтан азат етіп: «Сені бұл дүниедегі құлдықтан осы сөз азат етті, Ақыретте де Алланың азабынан осы сөзің азат етеді деп үміттенемін», - дейді. (әз-Зәһәби, «Тамаша адамдардың өмірбаяндары» кітабынан).

Сондықтан әрбір мүмін кісі әрдайым иманды күшейтетін және нұрландыратын амалдармен айналысуды әдетке айналдыруы керек.

Келесі аятта шынайы мүміндердің қатарына кімдер жататындығы баяндалған: «Шынайы мүміндер Алланың (есімі) зікір етілгенде, жүректеріне қорқу түсетін, Оның аяттары оқылғанда, имандары артатын және жалғыз Раббыларына ғана сүйенетін кісілер» («Әнфал» сүресі, 2-аят). Демек, шынайы мүміннің бойында Аллаға деген қорқыныш сезімі басым, әрі Алланың бұйрығына ерекше мән береді.  Мүміннің тағы бір сипаты: «Оның аяттары оқылғанда, имандары артады». Оларға Құран аяттары ерекше әсер етіп, тұла бойына қуат береді. Яғни, тек қана Алла Тағаладан медет тілеп, әрбір істе Оның разылығын көздейді, әрі бар қажеттілігін Алладан сұрайтындар.

Адам қандай амал етсе де, әлбетте бір мақсатты көздейді. Исламда жүректегі ниет – ең басты шарт. Сондықтан, істелетін әрбір амалда ниет тек қана Алланың разылығы болуы керек.

Алла Тағала пенденің сырт келбетіне емес, жүрегіне қарайды. Кімнің жүрегі таза, тура болса, оның денесі де таза деген сөз. «Кімде-кім ішкі жан-дүниесін (жүрегін) игі етсе, Алла Тағала оның сыртын игі етіп қояды».

Жүрек өте әлсіз, әрі өте құбылмалы болып келеді. Бұл шындықты пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай тілге тиек етеді: «Адамның жүрегі бейне бір шөлде жатқан құстың қауырсыны сияқты, жел оны кейде былай, кейде былай аударып тұрады», - деп келеді. Осындай құбылмалы жүректі шайтанның түрлі айласынан сақтаудың жолы –  ихсанмен амал ету.

Адам бір амалды істегенде оның ниетіне көзбояушылық араласса, барша амалы босқа кетеді. Сондықтан, әрбір мұсылман амалын Алла бәрін көріп, біліп тұр деп жасауы керек.

Расулулла (с.ғ.с) былай деген: «Мүміннің ниеті амалынан жақсырақ. Мұнафиқтың амалы ниетінен жақсырақ. Әркім өз ниетіне қарап амал етеді. Мүмін кісі қашан бір ізгі іс етсе, жүрегі нұрланады».

Шынында, мүміннің жүрегінде қыруар жақсы амалдарды жасауға ниет және қалау бар. Бірақ, оны орындауға мүмкіндік болмауы мүмкін. Сол үшін мүміннің жүрегіндегі ниеті істеп жатқан амалынан жақсырақ. Керісінше, мұнафық кісінің жүрегінде қыруар жамандықтарды жасауға ниет және ұнату бар. Бірақ, оны жүзеге асыруға мүмкіндік таба алмайды. Сондықтан, амалы ниетінен жақсырақ, яғни зиянсыз.

Барша мүмін-мұсылмандар Алланың алдына барғанда жүзіміз жарқын болсын десек, иманымыз бен амалымыздың кәмілдігіне ерекше мән беріп, қорғаштай білейік!

Нариман Исенов,

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: