26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Иман және амал – 1

Иман және амал – 1

Ақида
Жарнама

 Иманның анықтамасы:

Мысыр елі әл-Әзһар университетіндегі ақида саласының ғалымы Мухаммәд Рабиғъ Мухаммәд Жауһари өзінің «Ақидатуна» кітабына иман сөзіне төмендегідей анықтама берген:

اَلْإِيمَانُ هُوَ تَصْدِيقُ النَّبِيِّ فِيمَا جَاءَ بِهِ  مِنْ رَبِّهِ تَعَالَى

«Иман – Алла Тағала тарапынан пайғамбар (с.ғ.с.)-нің әкелген нәрселерін растау. Бұл растау шынайлық, илану, Алла Тағалаға мойынсұну дәрежесіне жетуі тиіс. Жай ғана Алланы танып, білу пайда бермейді. Мәселен, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) шын пайғамбар екендігін біле тұра пайғамбарлығына ділімен иланбаған әхлі-кітап иелері де өздерінің балаларын танып, білгендей оның (с.ғ.с.) елші екендігін жақсы білген еді. Бірақ бұл білулері ешқандай пайда бермеді. Алла Тағала:

الَّذِينَ آتَيْنَاهُمُ الْكِتَابَ يَعْرِفُونَهُ كَمَا يَعْرِفُونَ أَبْنَاءَهُمْ وَإِنَّ فَرِيقًا مِّنْهُمْ لَيَكْتُمُونَ الْحَقَّ وَهُمْ يَعْلَمُونَ

«Ақиқатында Біз өздеріне кітап бергендер оны (Мұхаммедті) өз ұлдарын қалай таныған болса, оны да тап солай таниды. Әрі олардың бір тобы шындықты біле тұрып жасырады».(«Бақара» сүресі, 146 аят).

Сонымен қатар, пайғамбардың (с.ғ.с.) көкесі Әбу Талип та Исламның хақ дін екенін білсе де кәпір күйінде дүние салды».

Тіпті, Ібіліс шайтан да Алланың жаратушы, жан алушы, қайта жан беруші Раббысы екенін жақсы білетін.

أَنَا خَيْرٌ مِّنْهُ خَلَقْتَنِي مِن نَّارٍ وَخَلَقْتَهُ مِن طِينٍ

«Мен одан артықпын мені оттан жаратқансың, ал оны (адамды) балшықтан жараттың» деп оның жаратушы екенін мойындаған. Алайда, бұл нәрсе оны мүмин қылды ма? Әрине, жоқ! Себебі, шынайы растау мен илану болмаса, жай ғана білу мен мойындау пайда бермейді.

Иман екі рүкіннен тұрады:

Имам Әбу Ханифа «әл-Уасия» және «әл-Фиқһул-әкбар» және басқа да еңбектерде келтірілген деректерге орай: «Иман – тілмен айту, жүрекпен бекіту» - десе, «әл-Алим әл-мутааллим» атты кітабында «Иман жүрекпен бекіту, мағрифат (дәлелмен білу) және оны тілмен айтудан тұрады»,-деген. Имам Әбу Жағфар әт-Тахауи иманға: «Иман – тілмен айту және жүрекпен растау»,-деген.  Иман толық саналу үшін бұл айтылғандардың біреуін елеусіз қалдыруға болмайды.

Иманның бірінші шарты тілмен айту екендігіне дәлел:

Алла Тағала Кітабында жүректегі иманды тілмен де қатар мойындау қажеттігін мына аяттарда білдірген:

وَإِذَا سَمِعُواْ مَا أُنزِلَ إِلَى الرَّسُولِ تَرَى أَعْيُنَهُمْ تَفِيضُ مِنَ الدَّمْعِ مِمَّا عَرَفُواْ مِنَ الْحَقِّ يَقُولُونَ رَبَّنَا آمَنَّا فَاكْتُبْنَا مَعَ الشَّاهِدِينَ

 وَمَا لَنَا لاَ نُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَمَا جَاءَنَا مِنَ الْحَقِّ وَنَطْمَعُ أَن يُدْخِلَنَا رَبُّنَا مَعَ الْقَوْمِ الصَّالِحِينَ

فَأَثَابَهُمُ اللَّهُ بِمَا قَالُواْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا وَذَلِكَ جَزَاء الْمُحْسِنِينَ

«Олар Пайғамбарға түсірілгенді тыңдағанда шындықты танығандықтарынан көздерінің жасқа толғанын көресің. Олар: «Уа, Раббымыз! Иман келтірдік, бізді куә болушылардан жаза көр!» – дейді. Аллаға, әрі өзімізге келген шындыққа неге иман келтірмейміз? Өйткені, Раббымыздың игі елдермен бірге етуінен үміт етеміз. Сонда Алла оларға бұл айтқан сөздері үшін астарынан өзен ағатын, сол жерде мәңгі болатын бақшаларды бағыштады. Жақсылықтың сыйы осы» («Маида» сүресі, 83-84 аяттар).

Бұл аятта Алланы тану мен қатар тілдерімен де айтқандықтары үшін адамдардың жаннатқа кіргендіктері айтылған. Жүректерімен сеніп, тілдерімен растап отырғандары үшін мұсылмандардың қатарынан саналған.

Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алладан басқа тәңір жоқ» десе, және жүрегінде де осындай сезім болса, тозақтан құтылады»,-дейді. Яғни, Алланы таныған иман сөзін тілмен айтқандар тозақтан шығады дейді. Егер тілмен айту керегі жоқ болып, тек Алланы танып білу жеткілікті болғанда, тілімен Алланы жоққа шығарғандар мен Оған қарсы шыққандар жүрегімен Алланы танығаны үшін мұсылман болып саналар еді.

Иманның екінші шарты жүрекпен сену екендігіне дәлел:

Қасиетті Құранда:

يَا أَيُّهَا الرَّسُولُ لاَ يَحْزُنكَ الَّذِينَ يُسَارِعُونَ فِي الْكُفْرِ مِنَ الَّذِينَ قَالُواْ آمَنَّا بِأَفْوَاهِهِمْ وَلَمْ تُؤْمِن قُلُوبُهُمْ

«Әй, елші! Тілдерімен «Біз иманға келдік» деп айтқандарымен, жүректері сенбейтіндерден (мұнафиқтардан) күпірлікке ұмтылғандар сені қайғыртпасын». (Әл-Мәйда сүресі, 41 аят).

Міне, осы аят бізге жүрегіне иман кірмеген, әрі толық қуаттамаған адамның жағдайын баян етуде. Бұл аят негізінен жүрегімен иман етпеген бәдәуи арабтар жайында түскен. Өйткені, олар пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір зат алу ниетімен өздерін мұсылман ретінде көрсетіп: «Біз де иман келтірдік», - дейді. Бірақ, Алла олардың иман етпегенін, тек тілімен айтқандықтан жүректеріне әлі иман кірген жоқ, жай тілмен айтып тұрғанын баян етеді. Ал мына аят:

أُوْلَئِكَ كَتَبَ فِي قُلُوبِهِمُ الإِيمَانَ

«... Міне солардың жүректеріне Алла иман жазған»,-деп, мәңгілік жәннәтта болатын жандардың иманынан хабар береді. (Әл-Мүжәдәлә сүресі, 22 аят).

Енді, иманның жүректің қуаттауынан тұратындығы жайлы айтылған хадистерге тоқталсақ:

Усама ибн Зәйд ибн Харис бір жорық кезінде мүшріктермен қақтығысады. Сонда Усама ибн Зәйд шайқас үстінде бір адамның басын алмақ болғанда әлгі адам: «Лә иләһә иллалла (Алладан басқа құдай жоқ)», – дейді. Усама оның бұл айтқан сөзіне мән берместен шауып тастайды. Себебі, оны әлгі тұтқын өлімнен қорыққандықтан айтты деп пайымдайды. Усама жорықтан оралған соң болған оқиға жайлы пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айтқанда, Алла елшісі ашулы кейіппен: «Өлтірген адамның рас айтып, айтпағанын қайдан білесің? Әлде оның жүрегін жарып көрдің бе?- дейді». (Хадисті имам Муслим, Әбу Дәуіт, Ибн Мажа риуаят етті). Міне, хадистегі Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Жүрегін жарып көрдің бе?» деген сөзі иман жүректің қуаттауымен (тасдиқы) болатындығына айқын дәлел.

Осы айтылған аят-хадис бізге иман етуде жүректің қуаттауы шарт екендігін білдіреді. Егер бір адам жүрегімен сенбестен, тілімен кәлима айтса, ол иман еткенге жатпайды.

 Иманды тілмен айту қай кезде міндеттелмейді?

Абдулғани әл-Ғунайми Имам әт-Тахауидің иманның шарттарына қатысты сөздеріне былай деп түсіндірме жазған: «Тілмен айту мен жүрекпен сену екеуі де иманның негізгі ұстыны (рукн) екенін біліп қой. Алайда, жүрекпен сену ешқашан міндеттіліктен түспейді. Ал тілмен айту кейде мойыннан түседі. Мәселен, мәжбүрлік және әлсіздік жағдайындағы сияқты».

Тарихты еске түсірсек, пайғамбарлық дәуірдің Мекке кезеңінде мүшріктер сахаба Аъммар ибн Ясирдің (р.ғ.) көзінше әкесі мен шешесін өлтіреді. Кейін Аъммарды мәжбүрлеген соң ол пайғамбарды балағаттап, әлгілердің құдайларын мақтайды. Ол Алла елшісінің (с.ғ.с.) алдына келгенде, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ана жақта не болды?» – деп сұрайды. Ол: «Жамандық, уа Алланың елшісі! Сіздің атыңызға тіл тигізіп, құдайларын мақтағаным соң ғана мені босатты», – дейді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жүрегіңді қалай сезінесің?» – деп сұрақ қойды. Аъммар: «Жүрегімнің иманға толы екенін сезіп тұрмын», – дейді. Осы кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Олар саған тағы солай етсе, сен дәл осы істі жаса», – деді (Әбу Нуайм, «әл-Хиля», 1/140).

Жалғасы бар

«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы

Нұрлан Рамазанов

Бөлісу: