28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Мұсылманның мұсылмандағы ақысы

Мақалалар
Жарнама

Аса Қамқор ерекше Мейірімді Алланың атымен...

Алланың елшісіне, отбасына, сахабаларына және де ақыретке дейінгі жалғасын тапқан ізбасарларына Алланың сәлемі мен салауаты болсын...

Шынтуайтында әрбір мұсылман адамның өзінің мұсылман бауырының алдында белгілі бір орындауы тиіс амалдары мен ақысы бар. Олар:

сәлем бергенге сәлемін қайтару, шақырса шақыруына жауап беру, насихат айту, түшкірсе (Алла рахмет етсін! / мейірімін төксін! деп) дұға жасау, ауырса зиярат ету, жаназасына қатысу сынды ақылары. Бұл туралы Имам Бухаридің Әбу Хурайрадан (р.ғ.) жеткізген мына хадисінен:

حَقُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ خَمْسٌ : رَدُّ السَّلَامِ وَعِيَادَةُ الْمَرِيضِ وَاتِّبَاعُ الْجَنَائِزِ وَإِجَابَةُ الدَّعْوَةِ وَتَشْمِيتُ الْعَاطِسِ

«Мұсылманның мұсылманға бес ақысы бар: сәлем қайтару, ауырған адамды зиярат ету, жаназаларға еру (қатысу), шақыруға жауап беру және түшкірушіге дұға айту (ярхамукалла деу)»[1] немесе Имам Муслимның риуаятындағы мына хадистен байқауға болады:

حَقُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ سِتٌّ قِيلَ مَا هُنَّ يَا رَسُولَ اللَّهِ : قَالَ  إِذَا لَقِيتَهُ فَسَلِّمْ عَلَيْهِ وَإِذَا دَعَاكَ فَأَجِبْهُ وَإِذَا اسْتَنْصَحَكَ فَانْصَحْ لَهُ وَإِذَا عَطَسَ فَحَمِدَ اللَّهَ فَسَمِّتْهُ وَإِذَا مَرِضَ فَعُدْهُ وَإِذَا مَاتَ فَاتَّبِعْهُ

«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылманның мұсылманға алты ақысы бар», - деді. Сахабалар: «Олар қандай ақылар, уа, Алланың елшісі?»,- деп сұрады. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Егер жолықтырсаң сәлем беруің, егер сені шақырса жауап беруің, насихат сұраса насихаттауың, егер түшкіріп, артынан (әлхамду лилла деп) Алланы мадақтаса оған (Аллның рахметі болсын / ярхамукалла) деп дұға жасауың, егер ауырса зиярат етуің, ал егер қайтыс болса (жаназасына) еруің (яғни қатысуың)», – деп жауап берді».[2]

«Мұсылманның мұсылманға ақысы» деген – мұсылманның абыройына, құрметіне, затына қатысты ақылары меңзелуде. Және де ол айн парызды (барлығына бірдей міндетті), кифаяи парызды (барлығына міндетті, бірақ ішінен бірі істесе қалғандарының мойындарынан түсетін міндеттілік) және де мәндупті (сүннет, мұстахап сияқты қосымша толықтауыштарды) де қамтиды.

Ал енді мына хадистерде көрсетілген «бес» немесе «алты» деген сандарға келсек, онда «усулул-фиқх» ғұламаларының айтқандарындай – ол шектеу үшін көрсетілмеген (яғни бесеу, не алтау ғана дегенді білдірмейді). Себебі, осы бапта Баро ибн ‘Азибтан (р.ғ.) жеткен мына хадисте «жетеу» делінген:

أَمَرَنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِسَبْعٍ وَنَهَانَا عَنْ سَبْعٍ: أَمَرَنَا بِعِيَادَةِ المَرِيضِ، وَاتِّبَاعِ الجِنَازَةِ، وَتَشْمِيتِ العَاطِسِ، وَإِجَابَةِ الدَّاعِي، وَإِفْشَاءِ السَّلاَمِ، وَنَصْرِ المَظْلُومِ، وَإِبْرَارِ المُقْسِمِ

«Алла елшісі (с.ғ.с.) бізге жеті нәрсені бұйырып, жеті нәрседен тыйған еді. Бізге бұйырғандары: ауруды зиярат ету, жаназаға қатысу, түшкірушіге дұға айту, шақырушыға жауап беру, сәлем жаю (сәлем айтып жүру), мазлұмға (жәбір, зұлымдық көрген адамға) көмекші болу, антын (сертін, қасамын) іске асыру».[3]

Және де бір хадисте бұл ақылардың тіпті отызы көрсетілген:

 «Мұсылманның мұсылманда отыз ақысы бар, оларды орындамайынша немесе кешпестен мойнынан түспейді: қателігін кешіреді, көз жасына мейірімділік танытады, әуретін жабады (яғни кемшілік-қателігі болса жария етпейді), кем-тетігін кетіреді, біреу ғайбаттаса ақтап алады, үнемі насихат айтады, достығын сақтайды, иелігіне бас-көз болады, ауырса зиярат етеді, жаназасына қатысады, шақыруына жауап береді, сыйлығын қабыл алады, байланысын үзбейді, қарайласса рахметін айтады, көмектессе толыққанды жасайды, келіншегіне қорғаныш болады, қажетін өтейді, қиындығында шапағатшы болады, әдемі сөздермен сөйлейді, жақсылығын жақсылықпен қайтарады, ант ішсе сөзін өтірікке шығартпайды, залым не мазлұм болса да жанынан табылады, жауласпайды, жолдастық мәміле құрады, өзіне қалаған жақсылықты оған да қалайды, өзінің жаман көргенін оған жуытпайды».[4]

Осылардың ішіндегі ең көп танылған, сахих риуаяттарда жеткен бірнешеуіне жеке-жеке тоқталамыз.

1)Сәлем беру. Мұсылман адамның мұсылман бауырының алдындағы ақысынан саналатынның біріншісі – екеуі жолығып қалған сәтте сәлемді бірінші беруге асығуы. Сәлем «әс-сәламу алейкум» деп қысқа, немесе «ас-сәламу алейкум уа рахматулла» деп орташа, немесе «ас-сәламу алейкум уа рахматулла уа баракатуһ» деп толық айтылады. Егер біреу сәлем берсе оған жауап қайтару уәжіп болады, ал егер көп адамдар ішінде сәлем берілсе бір ғана адам қайтарса жеткілікті. Себебі ол парыз кифаи (кей ғалымдар парыз айн болып қалай береді деген).

Әдеп бойынша бірінші болып отырған адамға тұрып тұрған адам, көпшілікке аз адам, жаяу адамға ат үстіндегі адам сәлем береді. Бұл туралы хадистерде айтылған.

Бұхар жырау бабамыз өзінің өлең шумақтарында:

 Өзек қуа ағады,

Өзен судың сағасы.

Алыстан сәлем береді,

Әдепті елдің баласы.

2)Шақыруға жауап беру. Мысалға мұсылман бауырың үйлену тойына шақырса, ешбір салмақты сылтау табылмаса, немесе баруына тосқауыл болар нәрсе болмаса ол тойға баруы керек. Мұндағы тосқауыл дегеніміз – спиртті ішімдіктер, ұятсыз би сияқты шариғаттың тыйым салатын нәрселері. Жалпы Алла Тағаланың ашуын шақыратын күнәлі істердің ордасынан ұзақ болған жөн.

3)Үшінші ақысы – насихат айту.

وَإِذَا اسْتَنْصَحَكَ فَانْصَحْ لَهُ «Егер сенен насихат сұраса насихат айт»,деген хадистегідей...

Имам Науауи (р.х.) осы хадисты: «Егер сенен насихатты, тура бағытты талап етсе, онда оған насихатыңды айт, турасын айт, жағымпазданба, алдама, және де насихат айтуға сараң болма деген мағынада»[5], - деп баяндаған. Мұсылман адам дәл осы жауапкершілікке ерекше көңіл аударуы керек. Себебі насихатты сенгендігінен, көзқарасына қанағаттанғандықтан сұрайды. Сол себепті насихат айтарда ерекше ықыласпен, насихат сұралған мәселе жайында білгеніңізді еш жасырмай айтуыңыз керек. Мейлі ол сауда-саттық болсын, мәміле бабында, келін таңдау, жұмысқа тұру сияқты үлкенді-кішілі мәселелерде болса да.

Ақылдасу – ол да насихат болып саналады. Ибн Ражаб әл-Ханбали (р.х.) былай деді: «Насихаттың ең күштісі – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):

إذا استَنْصَحَ أحدُكُم أخاه، فليَنْصَحْ له

 «Егер біреуіңнің  (мұсылман) бауыры насихат сұраса насихат айтсын!»[6] деген хадисіндегідей қандай да бір мәселесінде кеңес сұраушымен ақылдасу. Немесе:

إنَّ من حقِّ المسلم على المسلم أنْ ينصحَ له إذا غابَ

«Мұсылманның мұсылманға ақысы болып саналатын нәрсе – оның жоқ болғанында да насихатта болуы»[7]-деген хадистегідей жасауы. Бұл хадистегі мағына: «Егер мұсылман бауырының жоқ кезінде ол туралы жаман нәрселер айтылса, оның абыройын сақтап, әлгі жаман нәрселерді айтқызбауы, егер оның жоқтығында біреу оған жамандық тілесе, оны болдырмау. Расында адамның өзі жоқ кезінде насихатта болуы оның шынайы насихатшы екенін білдіреді. Себебі адамның өзінің барында насихат жасап, жоқ болғанында артынан басқа нәрсе істеген болуы да мүмкін. Хасан (р.х.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кей сахабаларының: «Алламен ант етейін, Алланың ең жақсы көретін құлдары–Аллаға құлдарын, Алланы құлдарына жақсы көрсетіп, жердің бетін насихатпен толтырғандар,»–деген сөздерін жеткізген».[8]

4)Төртінші ақысы – түшкірушіге дұға жасау. Яғни, егер бір мұсылман түшкіріп «әлхамду лиллә» (Аллаға мақтау-мадақтар болсын!) десе, онда хадиста айтылғандай оған дұға жасап «ярхамукалла» (Алла саған рахметін жаудырсын!) деп айтуы. Ол адам бұл айтқаныңа «Яһдика Алла уа юслиху бәләк!» (Алла сені туралыққа бастап, ісіңді оңдасын!) деп жауап береді. Егер адам екі рет қатар түшкірсе жоғарыдағыдай айтылады. Ал одан көп түшкірсе ол үшін дұға жасалады. Оған дәлел Сәләмә ибн Акуаъ (р.а) риуаят еткен мына хадис:

عطس رجل عند النبي صلى الله عليه وسلم وأنا شاهد فقال له رسول الله صلى الله عليه وسلم: يرحمك الله ثم عطس الثانية، أو الثالثة فقال رسول الله صلى الله عليه وسلم: يرحمك الله، هذا رجل مزكوم

«Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жанында болғанымда оның жанында бір адам түшкірді, оған Пайғамбар (с.ғ.с.) «ярхамукалла» (Алла рахмет етсін!) деді. Сосын ол тағы да екінші, не үшінші түшкіргенінде Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла Саған рахмет етсін!, мына адам тымау ғой», – деді»[9].

Егер өзге діндегілер түшкірсе «яһдикалла» (Алла сені тура жолға салсын!) деп дұға жасалады. Себебі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде християндар мен яхудилер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасына келіп «Алла рахмет етсін!» деп дұға жасасын деп түшкіре береді екен, алайда Пайғамбар (с.ғ.с.) оларға: «Алла сендерді тура жолға бастап, істеріңді оңдасын!» дейтін болған. [10]

5)Бесіншісі – ауруды зиярат ету. Ауырған адамды зиярат ету керек. Себебі кей хадистерде келгендей ауруды зиярат етуге келген адам ол жерден кеткенше жаннат бауларының ішінде болып табылады.[11]

Зиярат етіп келген адам ауру адамның бас жағына отырып ол үшін дұға жасағаны мустахаб.

6)Жаназаға қатысу. Жаназасына қатысып, соңғы сапарына шығарып салу. Егер оны қабіріне шейін апарса жақсырақ. Абу Хурайра (р.ғ.) мына хадисті жеткізді:

 «Пайғамбар (с.ғ.с.): Кімде-кім жаназа намазын оқығанға шейін жаназаға қатысса, оған бір қираттай сауап бар, ал кімде-кім көмілгеніне шейін қатысса, оған екі қират сауабы бар»,-деді. Сонда біреу: «Екі қират қандай?»,- деп сұрады. Сонда ол (с.ғ.с.): «Екі алып таудай»,- деп жауап қатты.

Имам Бағауи (р.х.): «Бұл ақыларға қатысты барлық мұсылмандар бірдей дәрежеде, жақсылары да күнәхарлары да. Алайда күнәхарлығы көрінбегендерге күлімдеп қарау мен құшақтап ілтипат жасалынады», –деді.[12]

Ибн әл-Араби әл-Мәлики: «Ислам мұсылман адамдарды бір дәрежеге қойғанындай бұл ақыларын өтеуде сен де сол теңдікті сақта. Мынау басшы, мынау бай, мынау кедей, мынау пақыр деп бөлуші болма!. Аз нәрсе болса да оны кішімсіме. Бүкіл исламды бір адамдай бағала!. Бүкіл мұсылмандарды бір адамның денесіндей көр!. Себебі мұсылмандарсыз ислам болмайды. Ол толық адам болуы үшін бүкіл дене мүшелері мен барлық ішкі және сыртқы күш-қуаты бірдей болуы керек», – деді.[13]

Кей дана адамдар айтты: «Кімде-кім Алла үшін мұсылман бауырының алдында ақысын өтесе Алла оған екі рет сауап жазады: өзіңе түскен ақыңды өтегенің үшін және Алланың жаратылысына сол арқылы тигізген пайдаң үшін»[14].

Алла Тағала бізге мұсылмандар алдындағы ақымызды өтеген құлдардан жазуын, хақ исламды түсініп, оны өмірімізде көрсете алуды нәсіп еткей!.

Нұрлан Рамазанов

«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы


[1] Бухари 1183

[2] Муслим 2162

[3] Бухари 2313; Муслим 2066

[4] Файдул-Қадир 3/390

[5] Имам Науауи «Шарх Сахих Муслим 14/143»

[6] Бухари 2/757

[7] Имам Ахмадтың риуаятында осылай келген. «Муснад 8271»

[8] Жамиъул-улум уал-хикам 81-82

[9] Тирмизи «Сунан 2743

[10] Абу Дауд 5040; Тирмизи 2739

[11] Муслим 2568

[12] Шархус-сунна 5/211

[13] Мәнауи «Фәтхул-Қадир 3/390»

[14] Мәнауи «Фәтхул-Қадир 3/390»

Бөлісу: