24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Әлемнің жарығын сыйлаған - Ана

Әлемнің жарығын сыйлаған - Ана

Мақалалар
Жарнама

«Ізгілік атаулының бәрі күннің нұры мен ананың ақ сүтінен жаралған» - дейді халқымыз.

Ана – тіршіліктің алтын арқауы. Асыл ана туралы қасиетті де құдіретті сөздер, аңыз - әңгімелер жеткілікті. «Жәннат – ананың табанының астында» - деген қасиетті хадисте. Осы сөздердің астарында теңіздей терең мағына жатқаны аян. Өмірдің мәні мен сәніне айналған ардақты аналарға берілген ең лайықты баға

«Анашым!

Асыл анам, есіл анам,

Елжіреп есіркеймін, есіме алам.

Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді

Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам», деп Мұқағали ақын жырлағандай әр адамның ананың алдындағы парызы бар екені рас. Қазақ халқы ананы құрметтеуге, қадірлеуге үндеген. Оның дәлелін бізге бүгінге дейін жеткен даналық сөздерден, қанатты сөздерден табамыз. Мәселен, «Ана алдында — құрмет,Ата алдында — қызмет», «Ағайын — алтау,Ана — біреу», «Ананың сүті—бал,Баланың тілі — бал», «Ананың ойы – ұяда,Баланың ойы – қияда», «Анаңа ауыр сөз айтпа! Атыңа ауыр жүк артпа!», «Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды», «Анасы бардың панасы бар», «Әке ақылы - бұлақ, Ана ақылы – шырақ», «Алып анадан туады,Ат биеден туады», «Ананың алақаны балаға айдынды қоныс» тағы сол секілді бұл тізімді осылайша жалғастырып кете берсек болады.

Сонау Хауа анадан бастап бүгінгі күнге дейін қаншама аналар тарихы арқылы біз ананың көптегенөмір сыйлаушы, мейірім ұясы екендігіне көз жеткізіп келеміз. Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтерген баласын ақ сүтін беріп өсіретін, сонымен бірге адалдық, имандылық, адамгершілік қасиеттерді сәби бойына сіңіретін де – Ана. Сондықтан бар адамзат ананың алдында бас иеді. Мұхаммед пайғамбарымыздың: «Ең алдымен, анаңа құрмет ет, екінші, тағы да анаңа құрмет ет» деуі бекер болмаса керек. Жұмақтың кілтін де ананың табанының астына салып берген. Бабаларымыздың: «АнаңдыМеккеге үш рет арқалап барсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың» деген ұлағатты сөзі де осының дәлелі. Дүниеге өмір сыйлаушы әйел-ананың Алла Тағаланың мейіріне бөленгені туралы әңгімелер де өте көп.

Ел қорғаған батыр да, сөз маржанын терген ақын да ананың құрсағынан жаратылды. Алтын құрсақты аналарымыздың арқасында небір даналар, небір ғалымдар, небір батырлар, хандар мен билер дүниеге келді. Анасының ақ сүтімен бірге өн бойына сіңірген ана тілінің қасиетін сезінді. Халқына қызмет етті.

Ананың ақ сүтімен иман нұры да бала бойына тарайды. Ұлы Абай данамызға анасы Ұлжан, Шоқандай ғұламамызға анасы Зейнеп, Мұхтардай заңғарымызға анасы Нұржамал, Нұрсұлтандай Елбасыға анасы Әлжан иман нұрын осылай сепсе керек. Ана туралы жазушылар да, ғұламалар да, ғалымдар да көптеген терең дүниелер қалдырған. Соның айғағы ретінде біраз ойшылдардың ана туралы мына ойлары адамзатқа ой саларлық. В.Г.Белинский: «Дүниеде ана махаббатынан қасиетті нәрсе жоқ. Оның алдында адамды ынтықтырушы өзге дүниелер әлсіз келеді» десе, В.Гюго: «Нәзіктік атаулының жиынтығы – ананың алақаны, сондықтан да ол – сәби үшін ең жылы ұя» деген екен. Жазушы Оноре де.Бальзак: «Ана көрегендігінің теңдесі жоқ. Ана мен баланың арасын көзге көрінбейтін тылсым сырлы жіп жалғап тұрады» десе, К. Д. Ушинский: «Әйелдің өз перзентін үйретіп, өсіруге ұмтылуы қанында бар және оған мұнымен бірге осыған сай қабілет бар» дейді. Қазақ  жазушысы Ғабит Мүсірепов болса: «Ана алдында өлім де мойын ұсынады» деген екен.

Адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған ана алдында бәріміз де бас иеміз. Бүгінде ұрпақ өсіруімен қатар, ел еңсесін көтеруде өз үлестерін қосып келе жатқан қазақ әйелдері қандай құрметке болса да лайық. Олай болса, Үммет.кз сайты барша аналар туралы даналық сөздер, мақал-мәтелдерді назарларыңызға ұсынады:

 

***

Баланың білегі ауырса,

***

Ананың жүрегі ауырады

***

Ердің анасы — елдің анасы

***

Ақылды әйелдің ішінде алтын бесікті ұл жатар

***

Анаға баланың алалығы жоқ .

Мейрімі мол ананың —

Жүрегі жылы, қолы кең.

Кең пейілді атаның

Жүзі жылы, жолы кең.

***

«Ана – әрбір отбасындағы ... бірінші сөз»

***

Қызы анадан үйренбей өнеге алмас,

Ұл атадан үйренбей сапар шекпес.

(Қорқыт Ата)

***

Ананы сыйламаған, ел қамын ойламаған.

***

Анасыз үй - көңілсіз күй.

***

Анасы бардың панасы бар, Анасы жоқтың көз жасы бар.

***

Ана ақылы ант, сөзі бал.

***

Ана ақылшы, ата үкімшіл.

***

Әке ақылы - бұлақ,

Ана ақылы - шырақ,

Аға ақылы - көмек,

Іні ақылы - демеу.

***

Ата-ананың қарызы,  Ұрпақтың өмірлік парызы.

***

Ана алақанының аясы – Ақ шынардың саясы.

***

Анасын ренжіткендерді Алла тағала да жақтамайды.

***

Ақылды әйел ішінде, алтын бесікті ұл жатар.

***

Анаға баланың алалығы жоқ.

***

Баласы атқа шапса анасы үйде  тақымын қысады.

***

Анасын сүйгеннің баласын сүй.

***

Ажалды ана жеңеді.

***

Ананың сүйген жері:

Отқа күймейді,

Оқ та тимейді.

***

Ананың ойы ұяда,

Баланың ойы қияда.

***

Ақ жаулығы ананың — Ақ көрпесі баланың.

***

Ана алақанының аясы — Ақ шынардың саясы.

***

Анадан артық дос бар ма?

Ашудан жаман қас бар ма?

Жиырма бестен жақсы жас бар ма?

Қымыздан тәтті ас бар ма?

***

Ата-ананың қадірін

Балалы болғанда білерсің;

Ағайынның қадірін

Жалалы болғанда білерсің.

***

Ақ шашты ана:

«Жастығым — балам» дейді.

Ақылды бала:

«Ай-күнім — анам» дейді.

***

Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада.

***

Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер.

***

Бөлісу: