24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

ТАУСЫЛМАЙТЫН БАЙЛЫҚ

ТАУСЫЛМАЙТЫН БАЙЛЫҚ

Мақалалар
Жарнама

Адам баласы әлсіз жаратылыс болғандықтан, кейде өмірдің негізгі мақсаттарын ұмытып, болмашы нәрселерге бола, үлкен нығметтерден, өткінші дүние үшін мәңгілік сыйлықтан алыстап қалып жататыны мәлім.

 

Құран Кәрімнің «Ибраһим» сүресі, 34-аятында:

 وَإِن تَعُدُّوا نِعْمَتَ اللَّهِ لَا تُحْصُوهَا ۗ إِنَّ الْإِنسَانَ لَظَلُومٌ كَفَّارٌ

«...Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам баласы өте ынсапсыз, аса шүкірсіз», - деп ынсапсыздықтың жаман қасиет екенін білдірсе, пенденің табиғатындағы бұл жаман қасиет жайлы Расулулла (с.ғ.с.):

إِنَّا أَنْزَلْنَا الْمَالَ لإِقَامِ الصَّلاةِ وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ وَلَوْ كَانَ لابْنِ آدَمَ وَادٍ أَحَبَّ أَنْ يَكُونَ لَهُ ثَانٍ , وَلَوْ كَانَ لَهُ ثَانٍ أَحَبَّ أَنْ يَكُونَ لَهُ ثَالِثٌ وَلا يَمْلأُ فَمَ ابْنِ آدَمَ إِلا التُّرَابُ وَيَتُوبُ اللَّهُ عَلَى مَنْ تَابَ

«Расында Алла: Шын мәнінде, Біз мал-дүниені намаз оқу және зекет беру үшін түсірдік. Егер адам баласының бір сай алтыны болса, әлбетте екі сай алтыны болғанын қалар еді. Ал, екі сай алтыны болса, әлбетте екеуіне қоса үшіншісін қалайды. Адамнның ішін тек топырақ қана толтыра алады. Алла тәубе еткенді кешіреді», - дейді (Ахмед және Байһақи риуаяты).

 «Тәубә» сүресінің 59-аятында:

وَلَا يَحْسَبَنَّ الَّذِينَ كَفَرُوا سَبَقُوا ۚ إِنَّهُمْ لَا يُعْجِزُونَ 

 «Егер олар рас Алланың, Елшісінің өздеріне бергеніне разы болса және: «Алла бізге жеткілікті. Жақында Алла және Елшісі бізге мархаматымен береді. Расында біз Аллаға ынтықбыз» десе еді», - деп қанағат етудің көркем қасиет екенін меңзейді. Байқағанымыздай, бұл аяттарда Раббымыз қанағатшыл адамды жақсы қасиет ретінде тілге тиек етуде. Ал, біз болсақ, Жаббар Иеміздің өзі мадақтаған бұл қасиеттің дәрежесі қаншалықты биік екенін бағамдай бермейміз.

Ибн Омар (р.а.) риуаят еткен мубәрәк мәтінді хадистердің бірінде Алланың былай дегенін жеткізеді:

يَا بْنَ آدَمَ ، عِنْدَكَ مَا يَكْفِيكَ وَأَنْتَ تَطْلُبُ مَا يُطْغِيكَ ، يَا بْنَ آدَمَ لا بِقَلِيلٍ تَقْنَعُ وَلا بِكَثِيرٍ تَشْبَعُ ، يَا بْنَ آدَمَ إِذَا أَصْبَحْتَ مُعَافًى فِي جَسَدِكَ ، آمِنًا فِي سِرْبِكَ ، عِنْدَكَ قُوتُ يَوْمِكَ فَعَلَى الدُّنْيَا الْعَفَاءُ

«Ей, пенде баласы! Сенде өзіңе жететін (дүние) бар. Ал, сен өзіңді шектен шығаратынын сұраудасың. Ей, пенде! Сен азға қанағат етпейсің, көпке тоймайсың. Уа, адамның ұрпағы! Тәні сау, жаның тыныш болып таң аттырсаң, жаныңда күніңе жететін азығың болса, бұл дүниені қайтпексің». Ендеше, бұл хадистен аталмыш қасиетке қаншалық зәру екенімізді байқай аламыз. Алайда, бұл кедей бол, дүние таппа дегенді әсте білдірмейді. Кімге қаншалық бұйырса, соған шүкір ету дегенді аңғартса керек, сірә.

«Бір кісінің тамағы екі кісіге, ал екі кісінікі төрт кісіге жететіні» жайлы хадистерде ұғатынымыз пенде өзі қанағат істесе, Алланың берекеті болатынын және сол пенденің де ізгілік жасауына мүмкіндік жасалатынын аңғарамыз. Бұл да болса қанағаттың пайдасы болмақ, ағайын.

Ибн Масуд (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мына сөзін риуаят етеді: «Үнемшілдік еткен жоқшылық көрмейді» (Ахмад, 3360; Табарани, 1/447).

Тағы бірде Алланың ақырғы Елшісі (с.ғ.с.) тамақтану барысында асқазанның үштен бірін тамаққа, ал, үштен бірін сусынға, келесі бір бөлігін бос қалдыруға насихаттайды. Міне, мұның өзі бір жағынан адам баласын қанағатқа тәрбиелейді.

Жабир (р.а.) жеткізген хадисте: «Ей, адамдар! Ризық-несібені табуда көркем әрекетте болыңдар! Өйткені, пенде тек өзіне тиесілі жазылғанды ғана алады. Пенде дүниеден өзіне тиесілі сыбағасын алмайынша, дүниеден әсте кетпейді», - (Хаким, 3353) делінеді.

Қазақ дүниетанымында да бұл қасиеттің алар орны айырықша. Фольклорымызда «Қанағат – қарын тойғызар, Қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар» делінсе,  Хакім Абай «бес асыл істің» бірі ретінде былай баяндайды:

«Талап еңбек, терең ой,

Қанағат, рахым ойлап қой,

Бес асыл іс көнсеңіз».

Ал, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев өлеңдерінің бірінде:

«Сұраушының сүйген асын кім берер,

Барға – шүкір, жоққа – сабыр күн көрер», - дейді. Діни құндылықтарды жақсы білген ғасыр ақыны М.Мақатаев «Барға – шүкір, жоққа – сабыр» деп қанағатты айтып отыр. Шын мәнінде, қанағаттың діндегі түсінігі де – осы. «Сұраушының сүйген асын кім берер» дегені қанағатсыздық істеп, сұрамшақтанбауға үндегені.

Ислам тарихындағы ғұлама ғалымдардың бірі Ибн Хажар әл-Асқаланидің «Мунаббихат» кітабында Уаһб бин Мунаббиһ әл-Йаманидің (р.а.) мынадай бір ғибратты сөзі келтіріледі:

مَكْتُوبٌ في التَّوْراةِ الْحَرِيصُ فقيرٌ وَ إِنْ كان مَلِكَ الدُّنْيا و المُطِيعُ مُطَاعٌ و إِنْ كان مَمْلُوكًا و الْقَانِعُ غَنِيٌّ و إنْ كان جَائِعًا

«Тауратта: Ашкөз адам – кедей, дүниені иеленген болса да. Аллаға бойұсынушыға басқалар бойұсынады, ол құл болса да. Қанағатшыл адам – бай, тіпті ол аш болса да».

Хамид әл-Лаффаф (р.а.): «Біз төрт нәрсені төрт нәрседен іздеп едік. Алайда, қателескен екенбіз. Іздегенімізді басқа төрт нәрседен таптық. Мал-дүниені байлықтан іздеп едік, бірақ оны қанағаттан таптық. Рахатты молшылықтан іздеп едік, бірақ оны дүниенің аздығынан таптық. Ләззаттарды нығметтен іздеген едік, бірақ оны денсаулықтан таптық. Ризық-несібені жерден іздеген едік, бірақ оны аспаннан таптық», - деген. Міне, өмірін ғылым жолына арнап, дүниенің ақиқатына талпынған ғалымдар нағыз байлықтың мал-дүние емес, қанағат екенін жеткізеді.

Әйгілі сахаба Сағд ибн Әбу Уаққас баласына мынадай өсиет қалдырған: «Ей, балам! Егер сен Алладан байлық сұрасаң, қанағатты сұра. Ол ақиқатында таусылмайтын байлық».

Ендеше, бұл айтылғандардан материалдық байлықтан рухани байлықтың әлдеқайда қайырлы екенін аңғарамыз.

Расында да, адам баласының Алладан сұрауға тиісті басты байлығы – өткінші мал-дүние емес, қанағат атты асыл қазына болмақ.

Мамлюк Асханұлы

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: