24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ережеп айының оразасы туралы

Ережеп айында оразасы туралы

Мақалалар
Жарнама

Ережеп айы – Исламдағы қасиетті төрт айдың бірі. Бұл ай – Алланың айы деп аталады.  Бұл айда исра және миғраж түні және рағайып түні бар. Пайғамбар ғалайһиссаламнан сүннет болып қалған нәпіл ораза ұстау бар.  

Пайғамбарымыз (ﷺ) қасиетті айларға көп көңіл бөліп, сахабаларға оларды қалай өткізу керектігі жөнінде айтатын. Сондай-ақ, ережеп айы кіргенде: «Раббым, ережеп пен шағбан айларын берекелі ете гөр! Бізді Рамазанға аман-есен жеткізе гөр!» (Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, I/259) – деген дұғамен қасиетті айларды (ережеп, шағбан, рамазан)  бастайтын.

Икрима ибн Аббастан риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (ﷺ): «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, ал Рамазан – үмметімнің айы», - деген. Әнас ибн Мәліктен (р.а) риуаят етілген осы хадистің жалғасында: «Ей, Расулулла! Ережеп айының «Шаһруллаһ» деп аталуының себебі не?», - деп сұрады. Сонда Алла Елшісі (ﷺ): «Ережеп – Алла Тағаланың күнәларды кешіретін айы. Алла Тағала құзырында сүйікті ай. Бұл айда ұрыс-жанжал, қантөгіс тоқтатылған. Бұл айда Алла Тағала әнбиялардың, яғни пайғамбарлардың тәубелерін қабыл етіп, әулиелерді дұшпандарынан қорғаған. Бір кісі ережеп айын ораза ұстап өткізсе, Алла Тағаланың үш жақсылығына ие болады.

Бір хадисте «Алла үшін айлардың жақсысы – ережеп айы. Ережеп – Алланың айы. Кім оны ұлықтаса, расында Алланың ісін ұлықтаған болады. Кім Алланың ісін ұлықтаған болса, ол нығметтерге толы  жаннаттарға  кіреді. Оған Алланың  разылығы түседі...»  делінеді. 

Сәубан (р.а.) айтты: Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) екеуміз бірге кетіп бара жатыр едік. Жолымызда қабірлер болатын. Алла Елшісі (ﷺ) бір кезде қабірлерге қарап, көзіне жас алды. Содан соң маған қарап: «Ей, Сәубан, мына қабірдегі жатқан адамдарды қабір азабынан құтқаруды тілеп, Алла тағаладан дұға еттім. Егер де бұлар Ережеп айында бір күн ораза тұтқанда немесе құлшылық етсе, яки осы айда дүниеден өтсе, онда бұларға қабір азабы болмас еді», - деді. Сонда мен: «Иә, Расулулла, Ережеп айының бір күн оразасы қабір азабынан құтылуға каффарат болады ма?» деп сұрадым. Пайғамбарымыз (ﷺ) айтты: «Әр мұсылман ең болмаса Ережеп айында бір күн нәпіл ораза ұстаса, ғибадат етіп, құлшылық жасаса немесе осы айда бұл дүниеден озса, Алла Тағала ол кісінің амал кітабына бір жылғы ғибадаттың сауабын жазар», - деді.

Мұса ибн Имран Әнас ибн Мәліктің естігенін былай деп баяндайды. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жәннатта бір өзен бар. Ол өзеннің аты – Ережеп. Сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім ережеп айында бір күн ораза тұтса, Алла Тағала ол кісіге сол өзеннен сусындауды нәсіп етеді», – деп ережеп айында ораза ұстауға үмметін ынталандырған.

Сол мезетте қарт кісі орнынан тұрып: «Иә, Алла Елшісі(ﷺ)! Мен ережеп айының барлығында ораза ұстауға әлсізбін», – деп сұрағанда оған Пайғамбарымыз (с.а.с): «Ережеп айының басында, ортасында, аяғында ораза ұстасаң, ережеп айының барлық күндерінде ораза ұстағандай сауапқа ие боласың. Өйткені, бір жақсылық он есеге еселенеді», - деген.

Бұл айда Пайғамбарымыз (ﷺ) да, сахабалар да Шағбан айы сияқты басқа айлардан көбірек (Рамазаннан басқа) оразамен өткізетіні жайлы сенімді хадистер жеткен.

Қорыта айтқанда барлық мәзһабтар, әһлу сүннет жамағатының ғалымдары бұл айда ораза ұстауға болатынына бір ауыздан келіскен. Алайда, осы айды ғана оразамен өткізіп, басқа айда ұстамауға болмайды. Бұл айдағы ораза нәпіл құлшылық болғандықтан адам қалағанынша (қанша күн болса да) ораза ұстауына немесе ұстамауына еркі бар. Дегенмен, Құдайдан үміті бар жандардың бұл айдың сауапты оразасынан қапы қалмағаны абзал.

 

Ummet.kz

Бөлісу: