25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Туыстармен араласу - адамның ризығын арттырып, өмірін ұзартады

Мақалалар
Жарнама

Абу Аййуб (Алла оған разы болсын) риуаяты бойынша бірде бір адам Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) «Йа, Алла елшісі, жұмаққа кіру үшін не істеуім керек?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаға басқа ешкімге құлшылық етпе, намаздарыңды орында, зекет төле және туыстарыңмен байланысыңды үзбе» деп жауап береді.

Абдуллаһ ибн Абу Ауфтан жеткен хадисте: «Арапа күні кешкісін біз Алла елшісінің (с.ғ.с) жанында отырдық. Расулалла:

-Туысқандарымен қатынаспайтындарың болса, арамыздан кетуін талап етемін, - деді. Ешкім қозғалмады. Алыста отырған бір адам ғана орнынан тұрып кетіп, біраз уақыттан соң оралды. Сол кезде Алла елшісі (с.ғ.с): «Сенен басқа ешкім орнынан тұрмады. Саған не болды?» деді. Әлгі кісі: «Йа, Расулалла, сенің сөздеріңді естіп, туған әпкемнің жағдайын білгім келді. Ол менімен ат-тонын кескен болатын. Мені көргенде әпкем таңғалып «Не себеппен келдің?» деп сұрады.  Мен оған сенің сөздеріңді айттым да, Алладан өзімнің және оның күнәлары үшін кешірім тіледім» дейді. Алла елшісі (с.ғ.с): «Сен игі іс жасадың. Отыр. Шындығында, өз туған-туысымен байланыспайтын адам отырған жиынға Алланың мейірімі түспейді» деп жауап берді.

Бұл хадис туыстармен байланыс үзудің қаншалықты үлкен күнә екендігін дәлелдейді. Жақын жұрағатпен араласып тұру әрі олардың күнәсі  үшін Алладан кешірім тілеу – әр мұсылманның міндеті. Өйткені Алла елшісі (с.ғ.с) «Туысқандармен жақсы қарым-қатынас – Алланың мейіріміне жақындатып, тозақтың отынан алыстатуға себепші болады» деген.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сондай-ақ, «Алладан ең жедел марапатты туыстармен байланыста болған адам алады. Ал осы өмірде де, ақыретте де Алладан ең жедел жазаға лайық күнә – туыстық қарым-қатынасты үзу және әділетсіздік таныту» деген екен.  

Қасиетті Құран Кәрімнің көп жерінде  Алла тағала туыстармен жақсы қарым-қатынаста болуды бұйырады. «Бір-біріңнен Ол арқылы (оның атымен) сұрасатын Алладан қорқыңдар, Раббыңызға тақуалық етіңдер әрі оның жазасынан сақтаныңдар және туыстық байланыстарды үзуден сақтаныңдар» («Ан-Ниса», 1-аят)

Басқа аятта Алла тағала: «Туыстарға, міскіндерге, жолда қалғандарға міндетті түрде қарайласыңдар. Және мүлде ысырап қылмаңдар» («Аль-Исра», 26 аят).

Гамру бин Шугаиб өзінің әкесінен жеткен хадисті былай баяндайды:

«Алла елшісіне (с.ғ.с) бір адам келіп: «Менің туыстарым бар, олармен қанша аралассам да, байланысты өздері үзе береді. Мен кешіремін, олар болса маған дөрекелік көрсетеді, мен олармен жақсы мәміледемін, ал олар маған жаман қарайды. Өздері қандай, тура сондай ара-қатынаста болайын ба?» дейді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Жоқ, олар сияқты болма. Не де болса, туыстық байланысты жалғастыр. Жақсы мәміледе болған сайын саған Алладан көмек беріледі» деп жауап қайтарады.

Жомарт адамда ғана кездесетін үш түрлі қасиет бар: саған зұлымдық жасағанға жақсылықпен жауап қайтару, сені жәбірлегенді кешіру және саған сыйламағанды адамдарға сыйлау.

Даххак айтқан: «Расында, туыстармен байланыста болған адамның өліміне үш күн қалса да,  Алла оның өмірін отыз жылға ұзартады. Ал, туысқандық қатынасты үзген адамның өмірін Алла үш күнге қысқартады, тіпті оның өмір сүруіне әлі отыз жыл қалса да».

Ибн Омар (Алланың оған разылығы болсын): «Алладан қорқатын және туыстармен араласатын адамның өмір мерзімі ұзартылады, байлығы көбейеді және жақындарының сүйіспеншілігіне бөленеді» деп жиі айтқан екен.  

Фақих ғалымының айтуынша, «Өмірдің ұзартылуы жөнінде көзқарас тартыстары бар. Біреулер туған-туыспен ара-қатынас өмірді ұзартады десе, ендібірі белгіленген өмір мерзімін созатын ештеңе жоқ дейді. Өйткені Алла тағала Құранда: «Әр әлеуметтің белгілі бір мерзімі бар. Олар, сол мерзімі келген сәтте, бір дем кешікпейді де ілгерілемейді» дейді («Әл-Ағраф» сүресі, 34-аят). Алайда, «өмірін ұзартады» сөзі келесіні білдіреді: адам бұл өмірмен қош айтысса да, туысқандармен жақсы араласқаны үшін сауап алуды жалғастырады.

Фақих былай деген: «Адам туыстарынан алыс тұрмаса, оларға сыйлық беріп, жиі кіріп-шығып тұру керек. Егер де жақындарына материалды түрде көмектесуге мүмкіндігі болмаса, қол жұмыстарымен, еңбекпен қарайлассын. Ал туған-туыстан шалғайда жүрсе, хат жазып хәл-жағдай білсін, бірақ әрине бас сұғып амандасып тұрған жақсырақ. Біліп қой, туыстық қатынаста он артықшылық бар:

  • Алланың ризашылығы
  • Туыстарға шаттық сыйлау
  • Періштелердің қуанышы. Шындығында періштелер туыстармен араласқан адам үшін қуанады
  • Мұсылмандар оны жақсылықпен еске алады
  • Туысқандық байланыс – Ібілісті (Алланың оған қаһары жаусын) қайғыға салады
  • Өміріңді ұзартады
  • Ризық-берекеңді арттырады
  • Туыстармен араласу - қайтыс болған ата-бабаны қуантады
  • Өзара сүйіспеншілікті күшейтеді
  • Өлімнен кейінгі сауаптарды еселендіреді. Өйткені туыстары оның жақсы мәмілесін еске алып, марқұм үшін дұғада болады.

Мәдина ЖАҚЫП

Бөлісу: