28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Қадір түні Қыдыр ата келетіні рас па?!

Мақалалар
Жарнама

Рамазан айы – Құран түскен ай. Оразаның қадірі қасиетті Қадір түні болса, Қадір түнінің қадірі – ол қасиетті Құран. Қадір түні Рамазан айының ең құнды, ең қасиетті түні. Қадір түні тек осы үмбетке тиесілі. Басқа пайғамбарларға мұндай ізгілікті түн берілмеді. Хадис шәрифте: «Алла Тағала Қадір түнін үмбетіме сыйлады, басқа үмбетке бермеді» делінген [1].

Көпшілік қауым  арасында  «Қыдыр Ата» мен «Қадір түнін» шатастырып жататындар  жиі кездеседі.  Алайда Қыдыр Ата мен  Қадір түні екеуі екі бөлек нәрсе. Көп адамдар «Қасиетті Қадір түнінде Қыдыр ата келеді» – деп жатады. Ал расында ол қате пікір. «Бұл түнде Қыдыр баба елді аралап жүреді екен. Бұл түнде әрбір үйді жасыл шапан жамылып, қолына таяғын ұстаған ақ сақалды, аппақ киінген Қыдыр ата аралап жүреді-мыс. Оны таң атқанша күту керек. Қарт кісі үйлерге кіріп сыйлық таратып кетеді екен» деген қате пікірлерді ақиқат деп ұғатын адамдар да бар.

Қыдыр ата – Хидр Алланың пайғамбарларының бірі болған деседі. Құранда «Кәһф» сүресінде ол кісінің Мұса пайғамбармен (оған Алланың сәлемі болсын) арасындағы оқиға айтылады. Хидр пайғамбар да басқа адамдар сияқты дүниеден өткен. Оны келеді деу өрескел қате түсінік. Бұған дәлел Абдуллаһ ибн Омар (оған Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірде құптан намазын оқып болған соң сахабаларға бұрылып: «Мына түндеріңді көріп тұрсыңдар ма?» – деп сұраған. Олар: «Иә», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Жүз жылдан кейін жер бетінде қазір тірі болған ешкім қалмайды», [2] – деген.

«Қадір» деген сөз – «ұлы және орасан зор» деген мағынаны береді. Яғни, Қадір түні ұлы және орасан зор болған аса құнды түн деген сөз. Ұлы және орасан зор болатын себебі, бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. Бұл хақында Құран-Кәрімде: «Қадір түні мың айдан да қайырлы» [3] деп баяндалады. Рамазан айы келгенде пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы Қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады» [4], – деп жақсылыққа ұмтылуға шақырған.   Сол үшін  Қадір түні Қыдыр ата келеді деп дастархан жайып, есік-терезелерді ашып қойып, ыдыстарға су толтырудың керегі жоқ. Қадір түні аспаннан періштелер түсетіні сөзсіз. Бірақ олар суға, тағы басқа нәрселерге мұқтаж емес. Өйткені олар ішпейді де, жемейді де. Ал Қыдыр атаға қатысты айтатын болсақ, қасиетті Қадір түнімен Қыдыр атаның бір-біріне қатысы жоқ, екеуі екі басқа ұғымды білдіреді. Қыдыр ата туралы ұғым бізге, яғни қазақ даласына мұсылман дінімен келген десек те наурызға қатысты кей түсініктердің пайда болуына да себеп болды. Қазақ халқы Ұлыс күнді «жыл басы» санайды. Бұл күн –күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні – ұлыс күн» деп атаған. Мифологиялық түсінік бойынша, 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды екен. Сол себепті осы түн «Қыдыр түні» деп аталған. Әр үйге кіріп шығады деген түсінік бар, сондықтан бұл күні есікті ашып қойып отырған. Ал Қадір түніне келетін болсақ, бұл Ислам, яғни мұсылмандардың түсінігі бойынша Алла Тағаланың қасиетті кітабы – Құран Кәрімнің алғашқы аяттары түскен қасиетті түн.  Алла Тағала Қадір түнін берекелі етті, сол түнде Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі. Ол туралы «Әл-Қадр» сүресінде: «Ақиқатында, Біз оны (Құранды) Қадір түнінде түсірдік.» [5] Және де: «Періштелер және Рух (Жәбірейіл) онда (бұл түні) өздерінің Раббысының рұқсатымен барлық істермен түседі. Періштелер аса ұлы Алланың әмірі бойынша, Оның сол жылға бекіткен барлық істерімен түседі. Ол – таң рауандағанға дейінгі сәлам (амандық) түні.» [6] «Сәлам» сөзі – қауіпсіздік, амандық, бейбіт, тыныштық деген мағынаны қамтыған. Бұл түн таң атқанға дейін қауіпсіз түн. Қадір түні мың айдан қайырлы. Бұл түнде жасалған құлшылықтар, ізгі амалдар – ішінде осы түн болмаған мың айда жасаған амалдан жақсы. Алла Тағала сыйлаған бұл мүмкіндік адам санасын таң қалдырып, жүректі тамсандырады», – делінген.

 

[1] (Дәйләми)

[2] (Бұхари және Муслим риуаят еткен)

[3] "Қадір" сүресі 3-аят

[4] (Ибн Мәжә, Сиам)

[5] ("Қадiр" 1-аят)

[6] ("Қадiр" 3-5 аяттар)

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: