28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Мұсылман адамның әуретін жасыру

Мақалалар
Жарнама

Алла Тағала Құран Кәрімде:

لاَ يُحِبُّ اللَّهُ الْجَهْرَ بِالسُّوءِ مِنَ الْقَوْلِ

«Алла жаман сөздің жарияланып сөйленуін жақсы көрмейді [1]»,-дейді. Ауыздан шыққан жаман сөздің барлығы да Алла Тағала үшін ұнамсыз болып табылады.

Себебі жаман сөйлеу деген – адамдардың бір-бірінің күнәсін жариялау, бір-бірінің үлкенді-кішілі кемшіліктерін әшкерелеу болып табылады. Бұның бәрі де адамның абыройын аяқ асты қылып, құрметін кетіріп, арадағы сыйластықты құртып кейінгі кезекте бірін-бірі жаман көруге, одан әрі жауласып, соқтығысуға әкеледі. Адам баласы қандай үлкен күнә жасаса да, мейлі адам өлтірсін, мейлі ұрлық, мейлі зина жасаса да тәубе есігі үнемі ашық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

إِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ يَبْسُطُ يَدَهُ بِاللَّيْلِ لِيَتُوبَ مُسِيءُ النَّهَارِ ، وَيَبْسُطُ يَدَهُ بِالنَّهَارِ لِيَتُوبَ مُسِيءُ اللَّيْلِ ، حَتَّى تَطْلُعَ الشَّمْسُ مِنْ مَغْرِبِهَا

«Расында Алла Тағала күндіз күнә жасағандар тәубе етсін деп түнде, түнде күнә жасағанда тәубе етсін деп күндіз кешірім алақанын жаяды. Осылайша күн батысынан шыққанша (яғни ұияметке шейін) осылай болады»,-дейді. [2]

Әуретті жабу/жасыру:

Әуретті жабу дегеннің тілдегі мағынасы – ұятты жерді жабу, жасыру, адамның ұятын басқа біреулердің көздерінен таса ұстау дегенді білдіреді.

Ал бұның терминдегі мағынасы болса – Ибн Хажар (р.х.) айтқандай: «айыбын көрсетпеу, кемшілігін жасыру» деген мағынада. Мысалға: пәленшенің кемшілігін байқап қойсаң, оны адамдарға жарияламауың, оны да қынжылтпай, ұятқа қалдырмай көрмегендей болу.  Алайда бұл дегеніміз, жаман нәрсе жасап тұрған адамды жамандығын жасай берсін деп қоя салу деген емес. Ол адамға ісінің жаман, қате, дұрыс емес екенін білдіруіміз керек. Егер ол жамандығынан тыйылмаса жауапты адамдарға барып ескерту керек. Бұл жағдайда әлгі адамның жамандығын айту оның әуретін ашқан, артынан харам болып табылатын ғайбат айту болып саналмайды. Бұл жағдайда ол оған және басқаларға насихат болсын деген баптан қаралады. [3]

Ал Имам Науауи (р.х.) болса «әуретті жабу» мәселесіне: «Өзгелерге зияны тимейтін немесе бүлік шығармайтыны белгілі болған нәрселерді жасыру»,-деген анықтама берді. [4]

Мұсылмандардың әуретін жасыруға ислам діні қалай қызықтырды?

Мұсылман адам өзінің мұсылман бауырларынан кемшілік іздеуіне болмайды. Себебі ғалымдар бұл нәрсені екіжүзділік деп санаған. Мұсылман адамға жарысатыны өзіне қалағанды өзгелерге де қалау. Қандай адам болмасын кемшіліктерінің әшкереленгенін қаламасы анық, өзгелерге солай болу керек.

Исламның қайнар көздерінде мұсылманның әуретін жасыруға қызықтыратын, адамдардың арасында мұсылман бауырының кемшілігін әшкерелеуге болмайтынын ескертетін мәтіндер көптеп кездеседі. Мысалға, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

مَنْ سَتَرَ مُسْلِمًا سَتَرَهُ اللَّهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

«Кімде-кім мұсылманның әуретін жасырса, Алла Тағала қиямет күні оның әуретін жасырады», -дейді [5]. Сол сияқты Ибн Аббастың (р.ғ.) жеткізген хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

مَنْ سَتَرَ عَوْرَةَ أَخِيهِ الْمُسْلِمِ ، سَتَرَ اللَّهُ عَوْرَتَهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ ، وَمَنْ كَشَفَ عَوْرَةَ أَخِيهِ الْمُسْلِمِ ، كَشَفَ اللَّهُ عَوْرَتَهُ حَتَّى يَفْضَحَهُ بِهَا فِي بَيْتِهِ

«Кімде-кім мұсылман бауырының әуретін жасырса қиямет күні Алла оның әуретін жасырады. Ал кімде-кім мұсылман бауырының әуретін әшкерлесе Алла оның әуретін әшкерлейді, тіпті ол өз үйінде де масқарасы шығатын болады», -деген [6].

Кей даналар: «Бір адамдарды көрдім, олардың айыпталар кемшіліктері жоқ еді, алайда өзгелердің кемшіліктерін айтты, адамдар да олардың кемшіліктерін ортаға шығарды. Және де бір адамдарды көрдім, олардың айыпталар кемшіліктері бар еді, алайда олар ешкімнің кемшілігімен істері жоқ еді, адамдар да олардың кемшіліктерін ұмытып кетті», - дейтін.

Бұл айтылғанды Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисы қуаттай түседі:

يَا مَعْشَرَ مَنْ أَسْلَمَ بِلِسَانِهِ وَلَمْ يُفْضِ الإِيمَانُ إِلَى قَلْبِهِ، لَا تُؤْذُوا المُسْلِمِينَ وَلَا تُعَيِّرُوهُمْ وَلَا تَتَّبِعُوا عَوْرَاتِهِمْ، فَإِنَّهُ مَنْ تَتَبَّعَ عَوْرَةَ أَخِيهِ المُسْلِمِ تَتَبَّعَ اللَّهُ عَوْرَتَهُ، وَمَنْ تَتَبَّعَ اللَّهُ عَوْرَتَهُ يَفْضَحْهُ وَلَوْ فِي جَوْفِ رَحْلِهِ

«Әй, тілімен иман етіп, иманы жүрегіне бойламағандар! Мұсылмандарға зиян келтірмеңдер, олардың арына тимеңдер, әуретін аңдымаңдар! Себебі кімде-кім мұсылман бауырының жаңылуын іздесе Алла оның әуретін іздейді. Ал Алла кімде-кімнің әуретін іздейтін болса масқарасын шығармай қоймайды, қайда барып жасырынса да». [7]

Мұндағы әуретті жабу деген жалпы мағынада берілген, денеге қатысты немесе рухани әурет деп шектелмеген. Мұндағы әуретті жабу әурет атаулының бәрін қамтиды. Кімде-кім мұсылманның әуретін жасырса Алла оның әуретін дүниеде де ақыретте де жасырады. Мұндағы денеге қатысты әуретті жабу деген – бауырыңның немесе әйеліңнің денесінен бір ұятты жері көрініп қалса соны жабу, немесе жаптырумен болады. Ал рухани тұрғыда әуретті жабу деген – қандай да бір мұсылман адам туралы жаман нәрсе айтылып, өсектеліп, ғайбат айтылып, жала жабылып жатса оған жол бермей, әлгі адамның абыройына араша түсу сынды нәрселермен болады. Міне,  кімде-кім осылай бауырының әуретін жасыратын болса Алла Тағала оның әуретін жасырады, кемшіліктері мен күнәларын көрсетпейді.

Алла – Ситтир (күнәларды жасырушы), жасырғанды жақсы көреді:

Имам Суюти (р.х.) Алла Тағаланың «Ситтир» деген сипатын ашықтап: «Алла Тағала ұсқынсыз нәрселерді ысырады, кемшіліктер мен ұятты нәрселерді жасырады», - деді. [8]

Ал Имам Тайиби (р.х.) осы айтылған анықтаманы толықтырып: «Яғни, Алла ұсқынсыз нәрселерді ысырады, кемшіліктер мен ұятты нәрселерді жасырады. Алла Тағала құлдарының ұялғандыры мен әуреттерін жауып жүргендерін жақсы көреді. Себебі Алла Тағаланың көркем сипаттарының бойында шағылысқанын қалайтын адам осы екі нәрседен бастау алады»,-деді. [9]

Сонымен қатар Алла Тағаланың күнә жасыруы деген–құлына жасаған алғашқы кешірімі. Абу Нуғайм жеткізген мурсал хадисте:

إِنَّ مُعَافَاةَ اللَّهِ الْعَبْدِ فِي الدُّنْيَا أَنْ يَسْتُرَ عَلَيْهِ سَيِّئَاتِهُ

«Расында Алланың құлына жасаған дүниедегі кешірімі–оның жамандықтарын жасырғандығы», - дейді. [10]

Кейін Алла Тағала бұл құлға нығметін толықтырып береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

لَا يَسْتُرُ اللَّهُ عَلَى عَبْدٍ فِي الدُّنْيَا إِلَّا سَتَرَهُ اللَّهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

«Егер Алла Тағала құлының күнәсін дүниеде жасырса, оны ақыретте де жасырады» - деді. [11]

Тағы бір хадисте былай делінді:

إِنَّ اللَّهَ يُدْنِي المُؤْمِنَ، فَيَضَعُ عَلَيْهِ كَنَفَهُ وَيَسْتُرُهُ، فَيَقُولُ: أَتَعْرِفُ ذَنْبَ كَذَا، أَتَعْرِفُ ذَنْبَ كَذَا؟ فَيَقُولُ: نَعَمْ أَيْ رَبِّ، حَتَّى إِذَا قَرَّرَهُ بِذُنُوبِهِ، وَرَأَى فِي نَفْسِهِ أَنَّهُ هَلَكَ، قَالَ: سَتَرْتُهَا عَلَيْكَ فِي الدُّنْيَا، وَأَنَا أَغْفِرُهَا لَكَ اليَوْمَ، فَيُعْطَى كِتَابَ حَسَنَاتِهِ

         «Алла (қиямет күні) мұсылман адамды жақындатып, қоршауға алып таса көздерден жасырады. Сөйтіп оған: «Сен мына күнәңді білесің бе? Мына күнәңді білесің бе»,-деп сұрайды. Сонда әлгі адам: «Ия білемін, уа, Раббым»,-деп жауап береді. Осылайша ол жасаған күнәларын мойындап, енді құрдым болдым ау деп ойлайды. Сол кезде Алла: «Сен дүниеде болғаныңда күнәларыңды жасырған едім, ал енді бүгін ол күнәларыңды кешірдім»,-дейді де, әлгі адамға жақсылықтары жазылған кітабы ұсынылады». [12]

         Мұсылманның әуретін жасыру қалай болады?

         Алдымен оның дүниедегі күнәларын жасыру керек.

         Егер қандай да бір бұзақылығы байқалмаған, жамандығы шақырмаған, ешкімге зияны тимеген құрметті адамның жасырын жасаған бір жаман ісі, күнәлі тұсы байқалып қалса, онда ғұламалар бұл кісінің бұл айыбын жасыру керек деп бірауыздан шешім қабылдаған. Оны ешкімге айтуға болмайды, жай адамға да, жауапты адамға да, басшы емеске де. [13]

Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

مَنْ عَلِمَ مِنْ أَخِيهِ سَيِّئةً فَسَتَرَهَا عَلَيهِ، سَتَرَ اللهُ عَلَيهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

«Кімде-кім мұсылман бауырының жамандығын байқап қалып, оны (ешкімге білдірмей) жасырып қоятын болса Алла қиямет күні оның жамандығын жасырады»,-дейді. [14]

Үлкен ғалым Уаһба Зухайли (р.х.): «Ауыр жазаға кесілуіне апаратын күнә жасаушының күнәсін сотқа жеткізбестен жасыру – мустахаб амал болып табылады»,- деді. [15]

Ал енді күнәсіне мақтанатын, жамандығын жариялап жүретін адамға келсек, оның күнәсін жасырмаған мустахаб болады. Себебі оны адамдардан алыс ұстау қажет. Оның ісін қазыға жеткізіп, лайықты жазасын беру керек. Себебі бұндай адамның жамандығын жасырса ол одан да жаманын жасауы мүмкін. Расында мұсылман адамның сыртынан әңгіме айтып, ғайбат жасау ислам дінінде харам болып табылады. Алайда егер ол адам ашықтан-ашық жамандық жасап жүрсе, демек өзін-өзі масқаралап жүр. Сол себепті де ғұламалар бұл адамның пасықтығын айтуға рұқсат берген.

 Имам Ахмад (р.х.) осыған қатысты: «Егер адам пасықтығын паш етіп жүрсе, онда оның ісін айту ғайбат болмайды», - дейді.

Алайда Имам Науауи (р.х.): «Ол адам  жариялап жасаған нәрсесінде ғана сөгіледі, жариялағанында ғана ғайбатталады. Ол адамнан сақ болу керек. Егер ол ісінен тыйылмаса оның қасынан кету керек, байланысты үзіп, сөйлеспеу керек. Оған зиярат та жасалмайды, сәлем де берілмейді»,-дейді.

Имам Ахмад (р.х.): «Мас болып жүретін, ұятсыз, жиіркенішті нәрселермен айналысып жүрген адамдарда қасиет жоқ. Егер ол бұл істерін жариялап жүрсе онымен байланыс үзіледі»,-деді.[16]

Өлген адамды жуғанда оның әуретін жасыру:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

مَنْ غَسَلَ مَيْتًا فَكَتَمَ عَلَيْهِ، غَفَرَ اللهُ لَهُ أَرْبَعِينَ مَرَّةِ

«Кімде-кім өлген адамды жуындырғанда оның әуретін жасырған болса Алла оған қырық мәрте кешірім жасайды»,-деген. [17]

Бауырыңнан қате-кемшілік байқаған жағдайда не істеу керек?

Оған жеке қалғанында насихат айтып, алыстаған кезінде ол үшін Алладан туралық тілеп, қателігінен айықсын деп дұға ету қажет. Имам Шафиғи (р.х.) былай дейтін:

تَعَمَّدْنِي بِنُصْحِكَ فِي انْفِرَادِي        وَجَنِّبْنِي النَّصِيحَةَ فِي الجَمَاعَهْ             
فَإِنَّ  النُّصْحَ  بَيْنَ  النَّاسِ  نَوْعٌ        مِنَ التَّوْبِيخِ لاَ أَرْضَى اسْتِمَاعَهْ
 وَإِنْ خَالَفْتَنِي وَعَصَيْتَ  قَوْلِي        فَلاَ تَجْزَعْ إِذَا لَمْ  تُعْطَ  طَاعَهْ

Насихат айт жалғыз болған кезімде,

Айтпа бірақ көпшіліктің ішінде.

Көп ішінде айтылатын насихат

Ұрысудың ұқсайды бір түріне.

Бұл сөзімді ескермеген жағдайда,

Ақылыңды тыңдамасам ренжіме. [18]

Адам өз кемшіліктерімен айналысуы керек:

Біреудің кемшілігін іздеу – кемшілік іздеушінің кемшілігінің ашылуына әкеп соғады. Ал өзгелердің кемшіліктеріне көз жұму болса – Алла Тағаланың оның кемшіліктерін жасыруына септігін тигізеді. Кімде-кім өз кем-кетігін жамаумен айналысар болса өзгелерден кемшілік іздейтін мүмкіндігі де болмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

يَبْصُرُ أَحَدُكُمْ القَذَى فِي عَيْنِ أَخِيهِ وَيَنْسَى الْجِذْعَ فِي عَيْنِهِ

«Бауырының көзіне түскен шаңды байқап қойып, алайда өз көзінде діңгектің бар екенін ұмытып кететіндерің бар», -дейді. [19]

Бір шайыр айтқан екен:

إذَا شِئْتَ أَنْ تَحْيَا سَلِيمًا مِنَ الأَذَى        وَذَنْبُكَ   مَغْفُورٌ   وَعِرْضُكَ    صَيِّنُ         
فَلاَ  يَنْطَلِقْ  مِنْكَ   اللِّسَانُ   بِسَوْءَةٍ        فَلِلنَّاسِ   سَوْءَاتٌ   وَلِلنَّاسِ    أَلْسُنُ
 وَعَيْنُكَ  إِنْ   أَبْدَتْ   إِلَيْكَ   مَعَايِبًا        لِقَوْمٍ فَقُلْ:  "يَا  عَيْنُ  لِلنَّاسِ  أَعْيُنُ"

Ар-ұжданың аман болып тілдерден,

Жаман істер кешірілсін десеңіз,

Тіліңізді жаман сөзден сақтаңыз,

Тіл елде де бар екенін біліңіз.

Байқап қалса көзіңіз бір жаманды,

«Әй, көзім ау, елде де бар көз», - деңіз. [20]

Адамдардың әуреттерін жасырудың артықшылығына ой жүгірту:

Әбу Хурайра (р.ғ.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

لَا يَسْتُرُ عَبْدٌ عَبْدًا فِي الدُّنْيَا إِلَّا سَتَرَهُ اللهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

«Қайсы бір құл екінші бір құлдың айыбын жасырса қиямет күні Алла оның айыбын жасырады», - дейді. [21]

Екінші хадисте: 

مَنْ سَتَرَ مُسْلِمًا سَتَرَهُ اللهُ فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ

«Кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса Алла оның айыбын дүниеде де ақыретте де жасырады», - дейді. [22]

Және де бір хадисте:

مَنْ رَأَى عَوْرَةَ فَسَتَرَهَا، كَانَ كَمَنْ أَحْيَا مَوْءُودَةً مِنْ قَبْرِهَا

«Кімде-кім әуретті байқап қалып оны жасырып қойса, онда ол тірідей көмілген қызды қабірінен тірілтіп алғандай болады»,- деген. [23]

Бұл хадисті ашықтаған ғалымдар: «Бейне бір тірідей көмілгелі жатқан қабірдегі қызды құтқарып алған адамның сауабын алады»,-деген.

Фудайл ибн Ияд (р.х.) айтады: «Мұсылман адам (айыпты) жасырады, насихаттайды. Ал нашар адам масқаралайды, ұялтады». [24]

Өз әуретін жасыру:

Жариялаудың ең нашары–адамның өз күнәсін өзі жариялауы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

كُلُّ أُمَّتِي مُعَافًى إِلَّا الْمُجَاهِرِينَ، وَإِنَّ مِنَ الْمُجَاهَرَةِ أَنْ يَعْمَلَ الرَّجُلُ بِاللَّيْلِ عَمَلاً ثُمَّ يُصْبِحُ وَقَدْ سَتَرَهُ اللهُ، فَيَقُولُ: عَمِلْتُ الْبَارِحَةَ كَذَا وَكَذَا، وَقَدْ بَاتَ يَسْتُرُهُ رُبُّهُ وَيُصْبِحُ يَكْشِفُ سِتْرَ اللهِ عَنْهُ

«Үмметімнің барлығы кешірім көреді, алайда (күнәсін) жариялаушылар ондай емес. Жариялаудың мына бір түрі бар: бір адам түнде бір нәрсені жасайды да Алла оны жасырады, алайда ол таң атысымен: «мен кеше ананы, мынаны жасадым»,  - дейді.  Алла оның жасағана кешкісін перде жасырды, ал ол болса таң атысымен ол пердені ашып тастады», - дейді. [25]

Мұсылман адам қандай да бір арсыздық жасап қойса оны жарияламауы мәндүб болады. Ол оны қазыға да, жай адамға да айтпағаны жөн. Себебі бұл арсыздықты жариялау. Алла Тағала Құранда:

﴿ إِنَّ الَّذِينَ يُحِبّونَ أَنْ تَشِيعَ الْفَاحِشَةُ فِي الَّذِينَ آمَنُوا لَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ فِي الدُّنْيَا وَالآخِرَةِ ﴾

«Расында сондай мүміндердің ішінде арсыздық жайылуын жақсы көргендерге; дүние, ақыретте күйзелтуші азап бар. Алла біледі. Сендер білмейсіңдер»,- дейді. [26] Себебі бұл Алланың жапқан пердесін ашу, күнәсін жариялау болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады:

اِجْتَنِبُوا هَذِهِ القَاذُورَةَ، فَمَنْ ألَمَّ فَلْيَسْتَتِرْ بِسِتْرِ اللهِ وَلْيَتُبْ إِلَى اللهِ؛ فَإِنَّ مَنْ يُبْدِ لَنَا صَفْحَتَهُ نُقِمْ عَلَيْهِ كِتَابَ اللهِ

         «Арсыздықтан ұзақ тұрыңдар. Егер біреу оны жасап қойса Алланың пердесімен жасырынып, Аллаға тәубесін жасасын. Ал егер ол бізге істегенін жариялайтын болса, біз оған Алланың кітабындағы жазаны қолданамыз». [27]

         Түйін:

        Алла Тағала адамдардың әуреттерін жасырғанды жақсы көреді, құлдарына да соны әмір етеді.

        Мұсылманның әуретін жасыру сауапты іс, айыпты жасырушының айыбын Алла Тағала дүниеде де ақыретте де жасырады.

        Мұсылмандардан кемшілік іздеуге болмайды.

        Алла кемшілік іздеушінің масқарасын шығарады.

        Кей адамның арсыздығын жасыру кейде қоғамның игілігіне жарайды, ұятсыздықтың таралмауына ықпал етеді.

        Адам  ең алдымен өз әуретін жабуы тиіс. Алланың жасырғанын жарияламауы керек.

        Күнәсімен мақтанып, ұятсыздыққа шақыратын адамның айыбы жасырылмайды. Оны қазыға апару ләзім.

[1] Ниса 148

[2] Муслим

[3] Фатхул-Бари

[4] Шархун-Науауи ала Сахих Муслим

[5] Бухари

[6] Ибн Мажа

[7] Тирмизи, Табарани

[8] Шарх сунан ибн Мажа

[9] Мирқатул-мафатих

[10] Ибн Хажар «Исаба»

[11] Муслим

[12] Бухари, Муслим

[13] Маусуға фиқхия куейтия

[14] Табарани, Һайсами

[15] Әл-фиқх әл- ислами уа адиллатуһу

[16] Әл-әдәб әш-шарғия

[17] Байхақи, Табарани

[18] Диуан Имам әш-Шафиғи

[19] Бухари «Әл-әдәб әл-муфрад»

[20] Лубәбул-әдәб

[21] Муслим

[22] Абдурраззақ, Ахмад

[23] Бухари «Әл-әдәб әл-муфрад»

[24] (Жамиъ әл-ъулум уәл-хикам)

[25] (Бухари, Муслим)

[26] (Нур сүресі, 19 аят)

[27] (Хаким, Байхақи)

Айбек Абдіқадір

«Нұр Астана» орталық мешітінің

ummet.kz сайтының редакторы исламтанушы

Бөлісу: