25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Өнегелі өмірімен үлгі болған ғұлама

Өнегелі өмірімен үлгі болған ғұлама

Ислам жұлдыздары

Табиғиндерден шыққан ірі ғұлама, хадис, фықһ және тәпсір ілімін жетік меңгерген ғалым әл-Хасан әл-Басридің толық аты-жөні Әбу Саид әл-Хасан ибн Әбул-Хасан Йасар әл-Басри. Әкесі Йасар Ирактың Мейсанлы ауылының тумасы еді. Мұсылмандар Мейсан жерін басып алғанда Йасар тұтқынға түседі.

Кейін Мәдина қаласына жеткізілген соң қожайыны оған азаттық береді. Осы қалада болашақ ғалымның, бірегей тұлғаның анасы Хайрамен үйленеді. Хазреті Омардың (р.а.) халифалығының соңғы жылдарында, һижри 21-жылы (641 ж.) Мәдина қаласында бұл некеден әл-Хасан әл-Басри дүниеге келеді.

Анасы Хайра Пайғамбарымыздың жары Үммү Сәләманың (р.а.) қызметшісі еді. Үммү Сәләманың сәби Хасанды емізгені және осы себепті оның бойына даналық пен шешендік дарығаны жайлы айтылады.  Сондай-ақ, Үммү Сәләманың оны хазреті Омарға (р.а.) апарып, оның «Уа, Раббым, оны дінге жетік ілім иесі және халыққа сүйікті ет» деп дұға сұрағаны да риуаят етіледі. 

Әл-Хасан әл-Басри жастық шағында Шығыс Иран жорығына қатысады, содан кейін Хорасан уәлиі Раби ибн Зиядтың  қарамағында қызмет атқарады. Ал онан кейінгі өмірі көбіне Басра қаласында өтеді. Оның кей деректерде 300, кей деректерде 120-130 сахабамен жүздесіп, ілім алғаны риуаят етіледі. Бұл жағынан ол табиғиннің бетке ұстары еді. Сондай-ақ, көркем мінезі, терең құлшылығы мен тақуалығы арқылы халыққа кеңінен танылған болатын. Әнас ибн Малик (р.а.) өзіне бір мәселе сұралған жағдайда оны әл-Хасан әл-Басриден де сұрауын өтінетін, мұнан оның білімдарлығы қаншалықты мойындалғанын түсінуге болады.

Табиғин ғалымы ғибадаттарына өте мұқият әрі тиянақты болатын. Екіжүзділік пен көзбояушылыққа жаны қас етін. Амалда ықыласты болуға қатты мән беретін ол: «Біз адамның діндарлығын сөздерінен емес, іс-әрекетінен танимыз» дейтін еді.

Сондай-ақ, «Бұрын дүние-мүлкі барлар өткінші байлығын ілім алу жолында ғалымдарға жұмсайтын еді. Қазір ғалымдар білімдерін дүние-мүлік иелерінің пайдасы үшін, солардың байлығы үшін жұмсайды...», «Мүмин әрдайым нәпсісінің иесі. Оны Алла үшін зерттейді. Дүниеде нәпсісін есепке тартқандарға ақырет есебі жеңіл болады. Ал өзіне есеп бермейтін, нәпсісінен сұрау алмайтындардың жағдайы қиын болады» деген сөздерінен-ақ өзін-өзі тәрбиелеуге қаншалықты мән бергені байқалады.

Ол үнемі шынайы дін ғалымының ешкімнен қарсылық күтпейтінін, басқаларды өзінен төмен көрмейтінін, іліміне қарсы ақы сұрамайтынын айтып жүретін.

Адам баласына таңдау еркі берілгенін, сол себепті жақсы мен жаманды таңдауда әркімнің еркі толықтай өзінде екенін ескеретін ғалым Хасан әл-Басри келген кісілерге сұрақтар қою арқылы не нәрсенің болсын жауабын өздігімен ойланып-толғанып табуға жетелейтін. Өйткені адамдардың бұ дүниемен қоштасақанда жалғыз қалатынын, қара жердің қойнына тапсырылғанда жанына ешкім ермейтінін, қайта тіріліп, есеп беру алаңына шақырылғанда тағы жалғыз болатынын айтып, әркімнің өзі ойланып іс жасағанын мақұл көретін еді. Әл-Хасан әл-Басриден жеткен тағы бір өсиетте: «Амалдарыңды ой елегінен өткізіп отыр. Өйткені өзара еш байланыспайтын қайыр мен шер таразыға тартылады. Көзге түспейтін, аз боп көрінген қайырлы істі маңызсыз деп ойлама, ақыретте пайдасы тиеді. Ең жеңіл, салмағы жоқтай көрінген жаман істі зиянсыз деп ойлама, ақыретте өзіңе қарсы болады» дейді.

Сонымен бірге сол кезеңдегі халифалардың қателерін ашық айтатын, бірақ  оларға қарсы шықпайтын. Заманында Әл-Хәжжәж ибн Юсуф Әс-Сақафи әкім болғанда оның жасаған зұлымдықтарын бетіне тіке айтып, тоқтатуына әсер ете алған ғұлама Хасан әл-Басри еді.

Сондай-ақ Хасан әл-Басридің өмірінен көптеген өнеге боларлық жайттар халық арасына кеңінен тараған. Бірде оған бір кісі келіп «пәленше деген адам сенің сыртыңнан осындай жағымсыз әңгіме айтты» дейді. Сонда ол:

- Сен бұл әңгімені қайдан естідің?, - деп сұрайды.

- Үйіне қонаққа шақырған еді.

- Дастарханда қандай тағамдар болды?

- Тағамның түр-түрі, сусындар, жемістер болды.

- Сонша асты ішіңе сыйдырғанда, осы екі ауыз сөзді ішіңе сыйдыра алмай, маған жеткізгеніңе жол болсын! – деп жауап берген соң Хасан әл-Басри өзі жайлы өсексөз айтқан кісіге бір табақ жаңа піскен құрма жемісімен бірге: «Естуімше, сауаптарыңды менің амал дәптеріме аударыпсың. Мен де қайырымын бергім келді. Бірақ сенікіндей мол сый жібере алмадым» деген хабар жібереді.

Басра қаласында 88 жасында жалған дүниемен қош айтысқан ғұламаның артынан көптеген ғылыми еңбектері, өнегелі өмірі мен насихаттары қалды.

Сөз соңында ғалымның ғибратты өсиеттерінен мысал келтіре кетейік:

«Мына 6 нәрсе жүректі бұзады:

1. Тәубә етермін деген оймен күнә жасау,

2. Үйренген ілімімен амал етпеу,

3. Істеген амалында ықыласты болмау,

4. Алланың берген нығметтеріне шүкір етпеу,

5. Алланың нәсіп еткеніне разы болмау,

6. Жерлеу рәсіміне қатысқанда өз ажалы келерін еске алмау яғни ақыретіне азық жинамау».

 «Басқаның сөзін жеткізген кісі, сенің де сөзіңді басқаға жеткізеді».

«Адам дүниеден 3 нәрсенің қасіретімен өтеді: жиғанына тоя алмай, қалағанына жете алмай, ақырет сапарына жеткілікті азығын қамдай алмай».

Дайындаған Индира Жұмабекқызы.

Бөлісу: