25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Имам Матуриди – мұсылмандардың ақидасына енген қателерді түзетуші

Имам Матуриди – мұсылмандардың ақидасына енген қателерді түзетуші

Ислам жұлдыздары

Әбу Мансур әл-Матуриди - Ханафи мектебінің білім бұлағынан сусындап, оны терең меңгеріп, ары қарай дамытқан «Әһлу сунна уәл жамағаның» көрнекті имамдарының бірі.

Ол тарихта әртүрлі діни сенім, түрлі идеологиялар мен сан алуан мәдениеттің орталығы болған Мауараннаһр аймағында өмір сүрді.

Өмір сүрген кезеңі Ислам әлемінде тың дамулардың негізі қаланған уақытқа сай келді. Бүл Ислам дінінің негіздеріне іштен және сырттан шабуылдар күшейген, қиын-қыстау кез болатын. Имам Матуриди осындай қым-қуыт заманда еңбектер жазып, Ислам сеніміне қарсы шыққан діни ағымдар мен философиялық көзқарастың пікірлерін зерттеп, оған ауызша да, жазбаша да тұщымды жауаптар қайтарды. Ислам дінінің негіздерін дұрыс түсіндіру мақсатында ақидалық мәселелерді бір жүйеге келтіріп, дүрыс сенімнің сақталып қалуына үлкен үлес қосты.

Имам Матуриди ақылды нақылдан (Құран мен сүннеттен) жоғары қойып, «Дінді ақыл негізінде ғана түсінеміз, нақыл ақылға қайшы келсе, жорамалдаймыз» - дейтін Мұғтазила ағымына да, «Тек нақылды негізге аламыз, дінді түсінуге ақылдың керегі жоқ» - деген ағымдармен де келіспей, ақылды нақылдың аясында қолдану арқылы орта жолды ұстанды.

Шыққан тегі

Көптеген тарих кітаптарында имам Матуридидің Самарқанд қаласында 945 ж. дүниеден өткені айтылады. Оның қай жылы дүниеге келгені жайлы нақты бір дерек жоқтың қасы деуге болады. Әйтсе де, тарихшылар имам Матуридидың ұстаздарының өмір сүрген уақытына қарай отырып: «Алғашқы ұстаздарының бірі Нусайр ибн Яхия әл-Балхи 882 ж. дүниеден өткен. Ал, имам Матуриди одан шамамен 20 жасында білім алған болса, 863 ж. дүниеге келген» деген болжам айтады[1].

Имам «Матуриди» деген атпен танымал. Ол қазіргі Өзбекстан мемлекетінің Самарқанд қаласының Матурид деген ауылында туып, сол жерде өскендіктен, «әл-Матуриди» деген атпен танымал болған. Матуриди өмірінің көбін Самарқанд қаласында өткізгені себепті, кейде «әс-Самарқанди» (Самарқандтық) деп те аталады.

Имам Матуридидың шәкірттері оны түрлі лақаптармен атаған: «Имаму һуда» (һидаят имамы), «Аламу һуда» (һидаят шырағы), «Имаму Мутакаллимин» (Ақида саласының ұлы имамы), «Мусаххиху ақаид муслимин» (Мұсылмандардың ақидасына енген қателерді түзетуші), т.б[2].

Имам Матуридидың тегі туралы екі түрлі көзқарас бар.

1. Толық аты-жөні: Мухаммад ибн Мухаммад ибн Махмуд әл-Ансари, әл-Матуриди, әл- Самарқанди. Танымал болған лақап аты Әбу Мансур әл-Матуриди.

Бұл көзқарас бойынша имам Матуридидың түпкі атасы, Әбу Аюб Халид ибн Зайд әл-Ансари деген сахабадан тараған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллалаһу алейһи уа сәлләм) Мәдинаға

хижрет етіп барғанда, осы сахабаның үйіне жайғасқан болатын[3].

2. Түрік ғалымы Бекир Топалоғлы өз зерттеулерінде: «Имам Матуридидың түбі     түрік болған. Ал есімінің артына қосылып жазылған «әл-Ансари» сөзі, Матуридидың «Китабу таухид» атты еңбегінің бір бұрышына белгісіз біреу тарапынан жазылған сөз. Бұл сөзге негізделу     нақты дерекке жатпайды. «әл-Ансари» (көмектесуші) сөзі Ақида саласында «Әһлу сунна уәл жамағаға» ерен еңбек еткені үшін берілген атақ» - дейді[4].

Имам Матуриди Аббаси халифалығының шығысы, Мауараннаһр төңірегінде білім алып ер жеткен. Бұл өңір   шариғат ілімдерімен бірге         өзге ілімдердің де ошағы саналды. Соған қарамастан, теріс пиғылды ағымдар да бұл жерде бар болатын. Ескі пәлсапаның әсерінен шыға алмаған философтармен қатар, бәзбір ағымдардың адамдары да өз пікірлерімен танылып, қолдаушылары бар еді. Сөйтіп, Ислам ғұламалары мен философтар және түрлі ағым өкілдері арасында пікірталас жиі болып тұратын. Міне, осындай ортада ер жеткен имам Матуриди Құран мен хадис ілімін меңгерумен қоса заманының алпауыт ағымы саналған «Мұғтазилит», «Шииттік» және басқа да ағымдардың пікірлеріне де қанық болды. Бұл оның сол ағымдардың қате көзқарастарын ашып, нақты дәлелдермен кітаптар жазуына итермеледі. Әрі Ислам ақидасының бұрмаланып кетпеуі үшін зор еңбек етті. Кейбір деректерде оның «Мұғтазила» ағымының орталығы болған Бағдатқа бірнеше рет олардың сенімдік негіздерін қанығырақ білу үшін арнайы барғаны айтылады.

Ұстаздары мен шәкірттері

Имам Матуридидың ұстаздары Ханафи мектебінің көрнекті тұлғаларынан немесе Әбу Ханифа, Әбу Юсуф және Мұхаммедтен тікелей білім алған шәкірттері. Олар: Әбу Бәкір Ахмад ибн Исхақ әл-Жузжани. Имам Матуридидың ұстазы Әбу Бәкір әл-Жузжани өте ілімді болған. «Фуруқ», «Тамиз», «Тауба» сынды еңбектердің авторы. Ол кісінің ұстазы Әбу Сулайман әл-Жузжани имам Әбу Юсуф және Мұхаммедтен тікелей дәріс алған.

Әбу Насыр Ахмад ибн Ияди. Ол Самарқанд қаласының фақиһы. Ілімі және тақуалығымен аты шыққан. Артына имам Матуриди сияқты қырық шақты озық шәкірт қалдырған ұлы тұлға.

Мухаммад ибн Муқатил Рази. Ол Рей қаласының қазысы, Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Муқатил Хафс Самарқандиден тікелей білім алған ғалым.

Нусайр ибн Яхия әл-Балхи. Имам Матурудидің алғашқы ұстазы, 882 ж. дүниеден өткен .

Имам Матуридиден тәлім алған әрі тарихта аты қалған танымал шәкірттері өте көп. Солардан бірнешеуін атап өтер болсақ, Исхақ ибн Мухаммад ибн Исмайыл ибн Ибраһим ибн Зайд. Ол кісі Қади Хакім әс-Самарқанди атымен танылған. Өйткені, ол ұзақ уақыт Самарқанд қаласының қазысы болған. Әрі хикметке толы насихаттар көп айтатындықтан да Хакім деген лақап ат берілген. 952 ж. дүние салған.

Әбу Абдурахман ибн Әбу Лайс әл-Бұхари. Бұл кісі Қады Хакім Самарқандидың досы болған.

Әбу Ахмад Ияди X ғасырдың басында өмір сүрген. Сол ғасырдың ең танымал болған «Дару жузжание» деген мектепте имам Матуридиден Ақида, Фиқһ және мәзһабтар тарихынан терең білім алған. Имам Ияди имам Матуридидің ұстазы Әбу Насыр Ахмад ибн Иядидың ұлы.

Абдулкарим ибн Муса ибн Иса Әбу Мухам- мад Фақиһ әл-Баздауи ән-Насафи. «Усул әд-дин» кітабының авторы Мухаммад ибн Мухаммад ибн Хусейн Абдукарим Баздауидың атасы.

Ғылымдағы орны

Имам Матуриди ғылымда ерекше орынға ие. Ол туралы ғалымдардың пікірлері өте көп. Жоғарыда аталған (Имаму һуда, Имаму мутакаллим) сынды имам Матуридиге берілген лақап есімдері соның дәлелі. Сол ғалымдардың бірнешеуін келтірер болсақ, имам әт-Тафтазани: «Әһлу сунна ғалымдарының Ақидада ұстанатын екі жолы бар. Ирак, Шам (Дамаск) және Хорасан аймағы имам Әбу Хасан әл-Әшғаридың жолын негізге алған Әшғари мәзһабы. Ал, Мауараннаһр төңірегі «Имаму һуда» деген атпен танылған Әбу Мансур әл-Матуридидің жолын негіз еткен Матуриди мәзһабы» деген.

Имам Кафауи бір сөзінде: «Имам Матуриди - Кәләм ілімінің имамы, мұсылмандардың ақидасына енген қателерді түзетуші. Оған Алла Тағала тура жолда қызмет етуді нәсіп еткен, құнды еңбектердің авторы. Әрі адасқан ағымдардың керітартпа пікірлерін жоққа шығарушы ғалым” - дейді.

«Мифтаху сағада» атты еңбекте: «Әһлу суннә уәл жамағаның «Ақида» саласындағы имамдары екеу: біріншісі, Ханафи мәзһабын ұстанған Әбу Мансур әл-Матуриди, Имаму һуда. Екіншісі, Шафиғи мәзһабын ұстанған Әбу Хасан әл-Әшғари әл-Басри», - делінген.

Имам Забиди «Ихья улүмуд-динге» жазған шархында имам Матуриди туралы: «Дінде үлкен орны бар, ақида саласындағы еңбегі ерекше. Мұғтазила және сол сияқты адасқан ағымдардың жасырған жаман ойларын әшкере еткен ғалым» деген.

Имам Әбу Муғин ән-Насафи өзінің «Табсиратул әдиллә» атты еңбегінде: «Имам Матуруди – тек Ақида саласында ғана емес, көптеген пәнді жан-жақты меңгерген ғалым. Ұстазы Әбу Насыр Ияди ол келмей сабағын бастамайтын. Оны көргендер і.щқалғанынан мына аятты еріксіз оқитын: «Раббың қалағанын жаратады және (құлдары үшін қалаған жолды) таңдайды» («Қысас» сүресі, 68-аят)12.

Имам Матуридидың соңына қалдырған еңбектерін үш салаға бөліп қарастыруға болады. Олар:

- Ақида және мәзһабтар тарихы;

- Тәпсір және Құран ілімі;

- Усулу фиқһ.

Бұл еңбектерден имам Матуридидың терең әрі жан-жақты ілімді меңгергенін көруге әбден болады.

Имам Матуриди 944 ж. немесе 948 ж. жылы жүниеден өткен деген екіұшты пікір бар. Алайда, жоғарыда айтқанымыздай, имам Матуриди көптеген тарихшылырдың зерттеуі бойынша 945 ж. қазіргі Өзбекстан мемлекетінің Самарқанд қаласында дүниеден өткен. Сүйегі сонда жерленген. Қазіргі таңда басында күмбезделіп қойылған кесенесі бар.

Имам ағзам Әбу Ханифаның фиқһтық мәзһабын егжей-тегжейлі білуі қандай маңызды болса, имам Матуридидің ақидалық түсінігін, түсіндіру тәсілдерін білуі де соншалықты маңызды. Өйткені бұл ақидалық мәзһабты қателіктерге ұрынбай, орта жолдың төрешісі ретінде халқымыз бүгінге дейін қалай ұстанып келсе, бұдан кейін де негізгі бағдары етіп ұстана бермек.

Самет Оқанұлы

Ummet.kz

 

[1] Ибн Әби әл-Уафа, «әл-Жауаһир мудия», 2-том, 130-6.

[2] Сонда, 2-том, 130-131 бб.

[3] Мухаммад ибн Мухаммад Забиди, әл-Ансаб лис-Самғани. 498-бет.

[4] Бекир Топалоғлы, Әбу Мансур әл-Матуруди «Китабу таухид» түсіндірмесі, 19-бет.

Бөлісу: