25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Имам Матуриди мен Имам Әбу Ханифаны не байланыстырады?

Имам Матуриди мен Имам Әбу Ханифаны не байланыстырады?

Ислам жұлдыздары

Әһлі сүннет уәл жамағат[i] ішіндегі негізгі екі ақида мектептерінің бірі матуриди мәзһабы. Имам Матуриди[ii] дүниеден озған соң, кейінгі заманда әрі осы уақытқа дейін мұсылман әлемінде Имам Матуриди мәзһабы ақидасы деп аталып кеткен. Имам Матуриди ақида, тәпсір ілімдерін жетік меңгерген мужтаһид[iii] ғалым.

Әбу Мансұр әл-Матуриди өзінің ғылым жолында ақида ілімімен сусындап, дәріс алған негізгі ұстазы - фиқһтағы ханафи мәзһабының ғалымы Әбу Наср Ахмад бин әл-Ғаббас әл-Ғыады[iv]. Әбу Наср Ахмад әл-Ғыады шәкірттерінің арасында Әбу Мансұр әл-Матуридиді оның алғырлығы мен білімінің дәрежесі үшін ерекше құрметтеген. Сонымен қатар Имам Матуриди Әбу Сүләйман әл-Жүзжәни, Нұсайыр бин Яхия әл-Бәлхи, Мұқатил әл-Рази деген ұстаздардан дәріс алған. Ал, бұл аты аталған ұстаздардың білім алған ұстаздар тізбегін қарастыратын болса, тікелей Имам Әбу Ханифаға[v] апарады. Бұл ғалымдардың барлығының ақидасы Имам Әбу Ханифа ұстанған әһлі сүннет уәл жамағат ақидасына толық сәйкес келген. Сондай-ақ, Имам Матуридидің ұстаздары фиқһ бағытындағы ханафи мәзһабын ұстанушы ғалымдар болған[vi]. Осындан түсінетініміз, Имам Матуриди мен Имам Әбу Ханифа екі ғалымның арасын байланыстыратын нәрсе ол - екеуі де әһлі сүннет уәл жамағат ақидасын ұстанған, әрі Имам Матуриди фиқһта Әбу Ханифаның ізінен ерген.

Имам Әбу Ханифаның өз заманында ақидаға қатысты өзінің ұстанымы болған еді. Ал, имам Матуриди болса, Имам Әбу Ханифаның ақидадағы пікірлерін жалғастырушысы, яки тереңірек зерттеп-зерделеген, жүйеге келтіре отырып, өз заманында өмір сүрген мұсылман үмметіне ашықтап түсіндіріп берген ұлы ғалым. Имам Әбу Ханифаның ақида іліміне қатысты жазған негізгі еңбектері «Әл-фиқһ әл-акбар», «Әл-фиқһ әл-абсут», «Әл-алим уә әл-мутағаллим», «Әл-уасыйа» болып табылады. Аталмыш еңбектерінде Имам Әбу Ханифаның өз заманындағы жаңадан пайда болған ағым-фирқаларға қатысты, бұған дейін талқыланбаған жекелеген мәселелерге қатысты ижтихад[vii] ете отырып, қарама-қарсы дәлел-дәйектер келтіріп, қорытынды ой-пікірлері жазылып қамтылған. Сол сияқты, Имам Әбу Ханифаның еңбектерінде, мужтахид дәрежесіне жеткен өз шәкірттерімен сабақ өту барысында, ортақ талқылауға түскен ақидаға қатысты кейбір мәселелердің оң шешімі табылған қорытынды пікірге тоқталған жазбалар келтірілген[viii].

Ислам дініндегі ғылым жолында шариғи (фиқһ) мәселелерге басымдық берген Имам Ағзамның[ix] ақида іліміне қатысты еңбектерді жазуына түрткі болған негізгі себептердің бірі ол - сол замандағы Куфада, Басрада және басқа мұсылман елді-мекендерінге жаңадан пайда болған әр түрлі ағымдар. Алайда, Имам Әбу Ханифа өз шәкірттерін, замандас ғалымдар мен жалпы мұсылман жамағатын ақида ілімін терең зерттеуден тыйған. Ақида ілімінің белгілі бір дәрежеде шегі бар деп ескерткен. Тіпті, Хаммад есімді өз баласын ақида мәселелеріне кіруден тоқтатқан[x]. Ақида іліміне терең кіруден тек Имам Ағзам ғана емес, фиқһтағы қалған үш мәзһаб ғалымдары да пікірлерін білдірген[xi].

Әбу Мансұр әл-Матуриди заманында Имам Әбу Ханифа өмір сүрген кезде болмаған әһлі сүннет уәл жамағатқа бейтаныс жаңадан ағымдар, фирқалар[xii] бой көтере бастайды. Оларға қарсы бұрын-сонды жазылған, не болмаса айтылған қарама-қарсы дәлел-дейектер жоқ болатын. Мұсылман үмметі ақ-қараны ажырата алмай, бірі «кәрами», бірі «мұғтазили», ал тағы бірі «батыни» болып соңынан еріп бөлініп кетіп жатты[xiii]. Осындай сындарлы сәтте қателесіп, адасып кеткен жекелеген мұсылман топтарды қайтадан әһлі сүннет уәл жамағатқа ұйыстырып, мұсылман үмметіне дұрыс бағытты нұсқайтын ғалымға мұқтаждық туады. Осыған байланысты, Әбу Мансұр әл-Матуриди Имам Әбу Ханифаның ақидаға қатысты жазған еңбектерін негізге ала отырып, ижтихад жасап, ақида мәселеллерін тереңірек қарастыра отырып, өз заманындағы қателескен, адасқан мұсылман бауырларына дұрыс, тура жолды көрсететін, нақты дәлелдері келтірілген кітап-жазбаларды дайындап шығады. Сол кезде, бұған дейін қате сенім соңынан еріп кеткен жекелеген мұсылмандар Имам Матуридидің еңбектері себебінен тура жолға қайта оралып, өздерінің қате райларынан қайтады. Әбу Мансұр әл-Матуриди дүниеден өткен соң, кейінгі замандардарда ол қалыптастырған Құран мен сүннетке толығымен сәйкес келетін сенім мектебі «матуриди ақидасы» деп аталып кетеді.

Дайындаған: Берікбол ЖАНАҚ


[i] Сүннет халқы және жамағат. Құран мен сүннетке қалтықсыз ерушілер.

[ii] Әбу Мансұр әл-Матуриди (Алла оны рахымына бөлесін), өмір сүрген уақыты 238 хижри/852 миләди - 333 хижри/944 миләди.

[iii] Шариғатта ижтихад жасаушы мұсылман заңгері.

[iv] Хижри жыл санауымен шамамен 261-276 жылдар арасында қастандықпен өлтірілді.

[v] Ән-Нұғман ибн Сәбит әл-Куфи (Алла оны рахымына бөлесін), өмір сүрген уақыты 80 хижри/699 миләди – 150 хижри/767 миләди.

[vi] «Әл-Куфәуи әғләм әл-ахбар», 130-бет; «Имам әһлі сүннет уәл жамағат Әбу Мансұр әл-Матуриди уә әрауһу әл-кәләмийа», 19-бет;  «Ишарат әл-марам», 23-бет.

[vii] Мұсылман заңгерінің фиқһ теория-методология шарттарына сай бір мәселеге қатысты жан-жақты ізденіп, үкім жасауын/шығаруын айтамыз.

[viii] «Имам әһлі сүннет уәл жамағат Әбу Мансұр әл-Матуриди уә әрауһу әл кәләмийа», 21-бет.

[ix] Әбу Ханифа өз заманында теңдесі жоқ ғалым саналып, әр түрлі ақида мәселелеріндегі топтарға тойтарыс беріп, әрі ханафи фиқһ мектебін қалыптастырған ғылым жолындағы еңбектерін ескере келе, мұсылман үмметі арасында Имам Ағзам (Ұлы, мәртебелі имам) деп аталып кеткен.

[x] «Әл хайрат әл хасан фи манақиб әл-Имам Әл-Ағзам», 27-28 бб.; «Мифтах әл сағадаһ», 153-154 бб., «Имам әһлі сүннет уәл жамағат Әбу Мансұр әл-Матуриди уә әрауһу әл кәләмийа», 22-бет.

[xi] «Мифтах әл сағадаһ», 154-157 бб.

[xii] Діни үкімдерге қатысты әр түрлі пәтуалар беруші белгілі бір топ. Ақида мәслелесінде «фирқа» сөзі кейбір жағдайда теріс ағымдарға қатысты қолданылатын ұғым.

[xiii] Осы және басқа да фирқалар Имам Матуриди өмір сүрген уақытта пайда болған бұрын-сонды болмаған жаңа топтар.

Бөлісу: