25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құлшылық жасаушылардың зейнеті – Зейнелғабидин

Құлшылық жасаушылардың ішіндегі зейнеті – Зейнелабидин

Ислам жұлдыздары

Имам Зейнелғабидин Хазреті Хүсейіннің (р.а.) Кербела жерінде еркек кіндіктіден тірі қалған жалғыз тұяғы еді.

Мәдина қаласында дүниеге келген Зейнелғабидиннің шын аты – Али. Хазреті Хүсейін (р.а.) екі ұлының да есімін Али деп қойған еді. Бір-бірінен айыру үшін үлкенін Али-әкбар (үлкен Әли), кішісін Али-асғар яғни кіші Али деп атайтын. Сондай-ақ Кіші Али ерекше тақуалығы үшін «құлшылық етушілердің ішіндегі зейнеті» мағынасын беретін Зейнелғабидин лақабымен де аталатын. Одан бөлек «Сеийдус-сажидин», «Сәжжад», «Зус-сәфәнат» (сәждәда өте көп болатыны сонша тізесі қажалып қалатын) деген де лақаб аттары болған.

Али-әкбәр Кербела соғысында қайтыс болады. Ал Али-асғар яғни Зейнелғабидин денсаулығы нашарлап, төсек тартып жатқандықтан соғысқа қатыса алмайды. Хазреті Хүсейін (р.а.) ұлдарынан тірі қалған жалғыз ер бала – Зейнелабидин, тұтқындалған басқа да әйелдер мен сәбилердің қатарында Язидтің алдына жіберіледі. Кейін басқа да тұтқындармен бірге босатылған Зейнелғабидин Мәдина қаласына қайта оралады.

Одан кейінгі өмірінде ол ешбір саяси қозғалыстарға араласпай, тек білім мен ғылымға бет бұрады. Әкесі мен көкесінен бөлек Айша анамыздан, ибн Аббастан, Жәбир ибн Абдуллаһтан, Абдуллаһ ибн Омардан және Үмму Сәләмә (Алла олардан разы болсын) іспетті сахабалардан хадис риуаят еткен. Табиғиннен Саид ибн Жүбейр, Сәләмә ибн Динар деген кісілермен ғылыми сұхбаттарда бірге болған. Егер дәріс алуға тұрарлық ғалымды естісе, арнайы іздеп барып, ілім үйренетін еді. Ізденіп жүріп алған ілімін шәкірттерімен бөлісуге асығатын ол фықһ, тәпсір, ахлақ және тасавуф жайында білім берген. Шәкірттерінің арасынан белгілі ғалымдар тәрбиеленіп шыққан. Өз кезеңінде үлкен ғұлама ретінде танылған Зейнелғабидинге шешілуі қиын мәселелерде ақылдасу үшін келетіндер де көп еді.

Алла Елшісінің ﷺ ұрпағына тән ерекше тақуалық пен қарапайымдылық оның да бойынан байқалатын. 100 шақты кедейдің нәпақасын тауып беріп, жасырын көмектесіп отыратын, бірақ бұл жайында ешкімнің хабары болмайтын. Кей деректерде түннің ортасында ешкімге білдірмей жағдайы мүшкіл отбасыларға қаппен тамақ таситыны жайлы баяндалады.

Кішіпейілдігі мен кешірімшілдігі қалың көпке өнеге боларлықтай еді. Ол кезеңде жағымсыз әрекеттер жасап, мазасын алатындар, кейде шектен шығып кететіндер де табылып жататын. Бір күні оған қарсы айтылған өте ауыр сөздер жеткізіледі, естіген соң ол: «Мені сол кісінің жанына ертіп барыңдар», - дейді.  Өзі жайында ауыр сөздер айтып, қарсы пікір тудыруға тырысқан кісіге оның бар айтқаны: «Егер айтқандарың менің бойымда бар болса Алла мені кешірсін, күнә істеген екем. Ал бірақ жоқ болса, Алла сені кешірсін, өйткені сен жала жауып отырсың!» дейді. Бұл сөздерді естіген әлгі кісінің жүзі қызарып кетеді, себебі айтқандары дәлелсіз екенін түсінген еді.

Ғұмырында көптеген қиындықтарға тап болса да құлшылығына ерекше мән берген Зейнелғабидин дәрет алғаннан бастап жүзі сарғайып, өңі өзгеріп сала беретін. Ал намазда тіпті басқа әлемге енгендей халде тұратын. Мұны байқағандар: «Дәрет алғанда неге сонша өзгеріп кетесің?» - деп сұрайды. Ол: «Құзырына шыққалы тұрған Ұлы Зат есіме түскенде ішкі дүнием алабұртып, мына әлеммен байланысым үзіліп, басқаша рухани күйге бөленемін», - деген екен.

Көптеген қиындықтарға душар болғанымен рухани биіктігімен, кемеңгерлігімен үлгі-өнеге болған Зейнелғабидиннің біршама еңбегі сақталған. Милади 712 жылы Мәдина қаласында көз жұмған «құлшылық етушілердің зейнеті» лақабына заты сай, Ислам тарихының жарық жұлдыздарының бірі – Зейнелғабидин Бақи қорымында көкесі хазреті Хасанның (р.а.) жанында жерленген.

Дайындаған Индира ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

Ummet.kz

Бөлісу: