25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жұмақ жастарының мырзасы – 2

Жұмақ жастарының мырзасы – 2

Ислам жұлдыздары

«Жұмақ жастарының мырзасы» атанған Пайғамбарымыздың ﷺ екінші немересі хазреті Хүсейін (р.а.) 626 жылы Мәдина қаласында дүниеге келді. Алланың Елшісі ﷺ Хасан туғанда жасалған бар жоралғыны оған да жасайды және немересінің құлағына азан оқып, сол уақытқа дейін арабтар арасында айтыла бермейтін «Хүсейін» есімін қояды.

Жеті күн толғанда ақиқа құрбаны шалынып, шашы алынып, сүндеттеледі. Ата-анасы хазреті Әлі мен хазреті Фатимаға (Алла олардан разы болсын) шашының салмағындай садақа тарату тапсырылады.

Хүсейін (р.а) алты жасына дейін Пайғамбар атасының сүйіспеншілігіне бөленіп, қамсыз, шат-шадыман балалық күндерін басынан өткерді. Өйткені Алла Елшісінің ﷺ немерелеріне махаббаты ерекше еді. Қалағандарын еш кідіртпестен орындайтын. Арқасына мінгізіп, олармен бірге әр түрлі ойындар ойнап, тіпті сәждеде болғанда үстіне мініп алса да түскенге дейін басын көтермей күтетін, кейде түйесіне отырғызып алып, қаланың көшелерін аралататын яғни барынша немерелерінің көңілін табуға тырысатын. Олардың да аталарына сүйіспеншілігі айрықша еді, бір күн көрмесе тұра алмайтын. Қаладан кетіп қалған кездерінде «атамыз қашан келеді» деп күнде сұрап, сағынып іздейтін.

Алла Елшісінің ﷺ соңғы күндерінде қызы Фатима жанынан бір елі айрылмады. Ауырып жатқан аталарын көріп Хасан мен Хүсейіннің де көңілдері алабұртып жүрген еді. Бірде Фатима жанында тұрған ұлдарын көрсетіп сүйікті әкесіне: «Ей, Алланың Елшісі, Хасан мен Хүсейін сенің ұлдарың ғой. Оларға нені мирас етесің?» - дейді.

Сонда Пайғамбарымыз ﷺ : «Хасанға айбыным мен намысымды, Хүсейінге жомарттығым мен батылдығымды мирас еттім», - дейді.

Арадан алты ай өткенде хазреті Фатиманың да жарық дүниемен қоштасар сәті келіп жетті. Хазреті Әли балалары анасының қайтқанын көрмесін деп «аталарыңның қабірін зиярат етіп қайтыңдар» деп жібереді, өзі хал үстінде жатқан Фатиманың жанында қалады. Бірақ балалар тез қайтып келеді. «Неге тез қайттыңдар» деген әкесінің сұрағына олар «біз атамыздың қабіріне жеткенде «Фатиманың жетімдері келді» деген дауыс естідік, содан анамызды көре алмай қаламыз ба деп жүгіріп келдік» дейді. Осылай деген соң екеуі де көз жастарына ерік берді.

Арадан жылдар өтті. Алла Елшісінің ﷺ көзінің  қарашығындай болған немерелеріне сахабалар да ерекше ықласпен мейірім көрсететін. Кішкентай бүлдіршіндердің жүрегінде сүйікті атасы мен анасына деген сағыныш ұлғаймаса, азайған емес. Бірде жұма күні 10 жасар Хүсейін мешітке барады. Мінберде халифа Омардың (р.а.) құтпа оқып отырғанын көріп, өздерінің сәби күндері есіне түсіп, толқып кетеді. Ол мінберге барып, халифаның шапанының етегінен тартып, «атамның мінберінен тұр, өз әкеңнің мінберіне барып отыр» дейді. Сөзін тоқтатқан хазреті Омар (р.а) оны басынан сипап, құшағына алады. Оның да көздері жасаурап кетеді. «Дұрыс айтасың, ей Алла Елшісінің райханы. Бұл сенің сүйікті атаң, Алла Елшісінің мінбері. Құдіретті Алла маған Оның мінберіне отыру абыройын берді. Менің басқа отырар мінберім жоқ қой», деп Хүсейінді жанына отыртады. 

«Азаншылардың мырзасы» атанған хазреті Біләл Алла Елшісінің ﷺ  қазасынан кейін сол кездегі халифа хазреті Әбу Бәкірден (р.а) рұқсат алып, Шам қаласына жол тартқан еді. Ұзақ жылдардан кейін түсінде Пайғамбарды ﷺ көріп, қабірін зиярат ету үшін Мәдина қаласына келеді. Алла Елшісінің ﷺ қабірі басында Оның қос райханы хазреті Хасан мен Хүсейінді (р.а) кездестіреді. Жылап көріскен олар біраз уақыт бірге отырып, әңгімелеседі. Енді аяққа тұра бергенде Хасан мен Хүсейін «Азан оқығаныңызды сағындық. Дауысыңызды бір рет болсын естігіміз келеді» деп өтініш айтады. Алла Елшісі ﷺ қайтқалы бірнеше рет қана азан оқыған хазреті Біләлге қанша сахаба өтініш айтқанымен көндіре алмаған еді. Себебі, «Мұхаммадун расулуллаһ» деген жерге келгенде тамағына өксік тығылып, әрі қарай айта алмай жылап жібере беретін. Енді міне, Пайғамбардың үмметіне мирас еткен әһли бейті өтініп тұр, оларға қалайша «жоқ» дей алсын.

Бір күні таңертең Мәдинада оқылған азан дауысына бүкіл қала тұрғындары елең ете қалады. Бұл хазреті Біләлдің (р.а) дауысы еді. Алла Елшісіне ﷺ деген сағыныш өзегін өртеген барша мұсылман ескі күндерді еске салған дауыс ырғағымен құдды Пайғамбар тіріліп келгендей күй кешеді. Мешітке халық лықа толады. Бәрінен сағыныштың көз жасын көруге болар еді. Біраздан соң хазреті Хасан мен Хүсейін (р.а) де келіп жетеді. Олар да келе сала хазреті Біләлді құшақтап, «Атамыз қайтып келгендей болдық қой» деп жылайды.

Осылайша жыл артынан жыл өтеді. Ағасы Хасан көз жұмар алдында қайта-қайта халифалыққа бет бұрмауын, қолдаймыз, артыңнан ереміз деп шақырғандардың сөзіне ермеуін өсиет етеді. Дегенмен, хазреті Мұғауияның халифалықты ұлы Язидке мұрагерлік салтымен қалдыруы мұсылмандар арасында қарама-қайшы пікірлер тудырады. Осы бір аласапыран кезеңде Куфа халқынан хазреті Хасанға халифа ретінде алға шығуын өтініп, егер көшбасшы ретінде шығатын болса, үнемі соңынан еріп, қолдайтынын білдірген хаттар ағыны тоқтамады. Ержүрек әрі батыл Хүсейін (р.а) 100-ден аса хат келіп түскен соң сенімді серігі әрі туысы боп келетін Муслим ибн Акилді Куфа қаласына барып, халқымен кездесіп, қаншалықты сенуге болатынын зерделеп қайтуға  жібереді. Әбу Акилден Куфа халқының сөзін растайтын хат келген соң жолға қамданады.

Хазреті Хүсейін жолға дайындалып жатыр деген хабар жан-жаққа таралып кетеді. Осы кезде Пайғамбардың ﷺ көзін көрген, небір қиын-қыстау кезеңді басынан өткерген сахабалар бірінен соң бірі оны тоқтатуға тырысады. «Әкесі мен ағасына жасалған қастандыққа енді Хүсейін де душар болып қалар ма» деген үреймен өздері тікелей келіп, алыста болғандары хат жазып, Куфаға бармауын өтінеді. Бірде хазреті Хүсейін (р.а) жолға шықпауын өтініп келген ибн Аббасқа: «Шешімімнен бас тарта алмаймын. Маған осылай әрекет етуім бұйырылды. Мен мойынсұнуым керек», - дейді. «Ең болмаса отбасыңды қалдырып кет, бала-шағаңмен барма» дегеніне де «олар үшін де әмір келді, ибн Аббас. Бірге алып шығамын», деп жауап қайырады.

Бұл мезгілде хазреті Хүсейіннің жолға шығуға даярланып жатқанын естіген Язид бұрынғыдан бетер өршелене түседі. Бұған дейін де түрлі амалдармен Хүсейінді қыспаққа алуға тырысып баққан ол енді басқаша қадамдар жасайды. Алдымен Куфа қаласының әмірін ауыстырып, орнына өзінің сөзінен шықпайтын, бас ал десе шаш алатын сенімді адамын тағайындайды. Хазреті Хүсейіннің серігі Муслим ибн Акилді өлтіртеді және қала халқын өліммен қорқытып, сөздерінен тандырады. Болып жатқан жағдайлардан хазреті Хүсейін (р.а) бейхабар-тын.  

Мекке мен Мәдина халқы бұл жорықтың соңы немен тынарын үнсіз күтуде еді. Мәдина халқына хабарды Үмму Сәлима (р.а) анамыз жеткізді. Бір күні ұйқысынан жылап оянған ол бір ыдыста сақтаулы тұрған топыраққа қарады. Топырақ қанға айналған еді...  

Бірде Алла Елшісі ﷺ Үмму Сәлима анамыздың үйіне келеді. Сонда Жәбірейіл періште келіп, Алла Елшісі ﷺ бөлмеге ешкімді кіргізбеуін айтады. Бірақ ойын баласы Хүсейін жүгіріп келіп, «кірме» деуге де шамасын келтірмей атасының құшағынан бір-ақ шығады. Хүсейінді құшақтап, иіскеп жатқан Пайғамбарға ﷺ Жәбірейіл періште: «Оны қатты жақсы көресің бе?» деп сұрайды. «Иә» деп жауап қатады Алланың Елшісі  ﷺ.

- «Оны үмметіңнің адамдары өлтіреді»

- «Ол мұсылмандардың қолынан қаза таба ма?»

- «Иә, егер қаласаң сол жерді көрсетейін?»

- «Иә, қалаймын»

Сонда Жәбірейіл періште Алла Елшісіне ﷺ дымқыл қызғылт түсті бір уыс топырақты әкеліп, «Хүсейін Ефраттың жағасында шейіт болады, бұл сол жердің топырағы» дейді. Сонда әкелген қызғылт топырақты Алланың Елшісі ﷺ Үмму Сәлимаға (р.а.): «мына топырақты сақта, қашан бұл топырақ қызыл қанға айналса, сол күні Хүсейіннің қайтыс болғаны» деп тапсырған болатын.

Міне, енді сол топырақтың қанға айналғанын көрген Үмму Сәлима (р.а.) хазреті Хүсейіннің (р.а) қаза тапқанын түсініп, қала халқына хабар таратады.

Хазреті Хүсейін (р.а) 680 жылы 57 жасында шейіт болады. Оны көрген, таныған кісілердің бәрі жоғары адами қасиеттері үшін жақсы көретін. Әсіресе, оның жомарттығы мен кішіпейілділігі басым еді.

«Жомарт кісі мырза атанады, ал сараң кісі қор болады. Бұл өмірде мүмин бауырының жақсылығын өзінен бұрын ойлаған адам ана дүниеде одан да жақсысына қол жеткізеді» дейтін Алла Елшісінің ﷺ райханы, жұмақ жастарының мырзасы хазреті Хүсейін (р.а.) айтқан сөздеріне сай деңгейде өмір сүре білді.

Дайындаған Индира Жұмабекқызы

Ummet.kz

Бөлісу: