25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбар ﷺ шаңырағында тәрбие алған ғұлама

Пайғамбар ﷺ шаңырағында тәрбие алған ғұлама

Ислам жұлдыздары

Құлдардың бірі Пайғамбардың ﷺ әйелі Умму Сәләмәға келіп, Хайраһ деген күңнің ұл тапқанын айтып, сүйінші сұрады. Мүминдер анасының жүрегі қуаныштан толқып, балаша қуанды.

Ана мен жаңа туған нәрестені нифас уақыты біткенге дейін өз үйінде бағу үшін алып келуді талап етті. Хайраһ Умму Сәләмәның күңі болса да, қатты жақсы көріп, бауыр басқандықтан, оның жаңа туған ұлын көруге асықты. Біраздан кейін ана мен бала мүминдер анасының алдына келді. Умму Сәләмә сәбиді қолына алып, құштарлана қарап, бауырына басты. Баланың шырайлы жүзі көздің жауын алды. Тәтті әрі сүйкімді болғаны соншалықты, қараған жанның көзі тоймайтын. Умму Сәләмә күңіне қарап:

– Сәбиіңе ат қойдың ба, Хайраһ! – деп сұрады.

– Жоқ. Сізге қалдырдық. Қалаған атыңызды қойыңыз.

– Алланың берекесімен, «Әл-Хасан» деп қояйық есімін, – деп қолын жайып, бала үшін ұзақ уақыт дұға қылды.

Әл-Хасанның өмірге келуі тек Умму Сәләмәның үйін ғана емес, Мәдинадағы тағы бір ұлы отбасын да қуанышқа бөледі. Ол – Алладан Елшісі Мұхаммедке ﷺ түскен аяттарды жазып отыратын ұлы сахаба Зәйд ибн Сәбиттің үйі еді. Өйткені сәбидің әкесі Ясәр сол үйдің құлы болатын. Зәйд оны ұлындай жақсы көретін.

Әл-Хасан ибн Ясәр Пайғамбар ﷺ үйлерінің бірінде ер жетті. Пайғамбар ﷺ әйелдерінің бірі Һинд бинт Сухайлдың (Умму Сәләмә деп танылған) қолында тәрбие алды. Умму Сәләмә араб әйелдерінің ішінде ең кемел, ең ақылды, ең дана жан болатын. Сонымен қатар, ол Пайғамбардың ﷺ дәстүрін, өмір сүру салтын жақсы білді, көптеген хадистерді риуаят етті. Одан жеткен хадистердің саны – 387. Жаһилият дәуірінде оқу-жазуды білетін, сауаты бар азын-аулақ әйелдердің бірі еді.

Ал бақытты сәбидің мүминдер анасы Умму Сәләмәмен қатынасы сол үйде тәрбие алумен ғана шектеліп қалмады. Әл-Хасанның шешесі Хайраһ дүние қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін шығып кеткен кезде, емшектегі бала қарны ашып жылағанда, Умму Сәләмә бауырына басып, көкірегін аузына салып, жұбатып алдай тұратын. Оған деген махаббаты соншалық күшті болғандықтан, көкірегінен сүт шығып, баланы емізіп алатын. Осылайша Умму Сәләмә Әл-Хасанның екі тұрғыдан анасы болған:

біріншіден, ол барлығына үммүл-мүминин (Мүминдер анасы) болғандықтан;

екіншіден, оны емізгендіктен, сүт анасы болып саналады.

Мүминдер аналары арасында өзара тығыз байланыс болғандықтан және үйлері жақын орналасқандықтан, басқа аналардың үйіне де барып жүру оңай болды. Аналардың тәрбиесін алды. Олардың жолымен жүрді. Өзінің айтуы бойынша, сол үйлерде еркелеп, ойнап қуанышқа бөленетін. Көтеріп жүргенде қолын созып талай ұстаған шаңырақты есіне алып отыратын. Сөйтіп ол Пайғамбардың жұпар иісі сіңген, нұрымен нұрланған ортада жүрді. Мүминдер аналарының үйлеріндегі таза қайнарлардан қорек әрі білім алды. Алланың Елшісінің ﷺ мешітінде алдыңғы қатардағы сахабалардың қолынан дәріс алды. Ол риуаят еткен сахабаларға: Осман ибн Аффан; Әли ибн Әбу Талиб; Әбу Муса Әл-Әшғари; Абдуллаһ ибн Омар; Абдуллаһ ибн Аббас; Әнәс ибн Мәлик; Жәбир ибн Абдұллаһ және тағы басқа сахабалар жатады. Алла оларға разы болсын.

Бірақ Әмирүл-мүминин Әли ибн Әбу Талибпен бірге жүруді, содан дәріс алуды ұнататын. Оның дінін қатты ұстануы, ғибадатты кемел жасауы, дүниенің сәні мен қызықтарынан бас тартуы таң қалдырды. Оның даналығы, кәміл данышпандығы, көкірекке қонымды сөздері, жүрек дірілдететін уағыздары сиқырлап қойғандай еді. Тақуалық пен құлшылықта соның үлгісін алды. Шешендік және әдебиетте оның жолын қуды. Өмірінің он төртінші көктеміне келгенде әке-шешесімен бірге Басра қаласына көшті. Осы жерде оның «Әл-Басри», яғни «басралық» деген лақаб аты пайда болды. Сол кезде Басра қаласы Ислам мемлекетінің ең ірі қамалдарының бірі еді. Оның үлкен мешіті ұлы сахабалар мен көрнекті тәбиғиндердің құлшылық ететін орны еді. Мешіт және оның намаз оқитын жерлерінде ғалымдардың пікір таластары қызу жүріп жататын.

Әл-Хасан сол мешіттен шықпай Мұхаммедтің ﷺ үмметінің оқымыстысы Абдуллаһ ибн Аббастың кеңесіне қатысып, одан Құран, тәфсир, хадис және қирағаттардан сабақ алды. Сонымен қатар, ұлы ғұламадан және басқа ғалымдардан фиқыһ, тіл, әдебиет және тағы басқа ғылымдарды үйреніп, көп салалы ғалым, әрі сенімді кісілердің (хадис риуаят етуші) біріне айналды.

Адамдар оның ғылымынан пайда алу үшін мұсылман елдерінен ағылып келіп жатты. Оның қатайған жүректерді ерітетін, көздерден жас ағызатын уағыздарын тыңдауға мыңдаған адамдар жиналушы еді. Адам миын жаңартатын даналық сөздерін көкіректеріне түйіп, рухани нәр алатын. Әл-Хасан Әл-Басри жайындағы әңгіме бүкіл мұсылман әлеміне тарап, адамдардың аузынан түспейтін болды.

Халифалар мен әмірлер ол жайындағы жаңалықтар мен айтқан сөздерінен хабардар болып отырды. Сол заманда өмір сүрген араб әдебиетшісі Халид ибн Сафуан былай дейді:

Мәсләмәһ ибн Абдүлмәликпен Хира қалашығында кездестім. Маған:

– Басралық Әл-Хасан жайында әңгіме айт. Ол туралы жаңалықтарды сенен артық ешкім білмейді, – деп сұрады.

– Алла әмірді тура жолға салсын, – деп жауап бердім, – Ол жайында саған нақты әңгіме айтатын мен ғана. Мен оның көршісімін, әр отырысын жібермеймін. Басра тұрғындарының арасында ол жайында менен артық білетін адам жоқ.

– Онда білгеніңнің бәрін баянда.

– Ол – іші мен сырты бірдей адам. Сөзі мен ісі сай. Егер ол адамдарды жақсылық жасауға шақырса, өзі сол істі ең кемел түрде жасайды. Бір нәрседен тыйса, сол істен бас тартудан да бірінші орында тұрады. Адамдардан бір тиын сұраған емес. Керісінше, адамдар одан мұқтаж болған нәрселерін сұрап келеді, – деп айта бергенімде, Мәсләмәһ тоқтатып:

– Жетер енді. Осындай адамы бар халық қалай діннен адасуы мүмкін? – деді.

Әл-Хәжжәж ибн Юсуф Әс-Сақафи Иракқа әкім болып тағайындалған кезде сол елдің халқының басына күн туғызып, бастарына әңгір таяқ ойнатып, көптеген зұлымдықтар жасаған екен. Оның зұлымдығына қарсы тұрған, істерін әшкерелеген, шындықты бетіне басқан санаулы ғалымдардың бірі – Әл-Хасан Әл-Басри.

Соның бір мысалы: бір күні Әл-Хәжжәж Басра мен Куфа арасында орналасқан Уәсит қаласына үлкен ғимарат соғып, адамдарды шақырып тамашалауға және дұға қылуға бұйырады. Адамдардың осы тойға көп жиналатынын білген Әл-Хасан оларға уағыз айтып, алдамшы дүние қызықтарынан тыйып, мәңгілік Алланың сауабына ынтықтыру мақсатында сөз сөйлеуге барады. Ашылу салтанатына барған Әл-Хасан керемет ғимараттың айналасында таң қалып тамашалап жүрген халықты көрді. Мінберге шығып сөз сөйледі:

– Лас істермен кірленген, залымдардың залымы құрған ғимаратты көріп, тамашаладық. Перғауын одан да биік, одан да керемет құрылыстар соққан. Кейін оның жағдайы не болды?! Алла Тағала перғауынды сол салдырған ғимараттарымен қоса күл-талқан етті.

Әл-Хәжжәж аспандағылардың ашуланғанын, жердегілердің асыра мақтап жібергенін білсе екен. Осылайша оның істерін әшкерелеп жатқанда тыңдаушылардың бірі Әл-Хәжжәждың одан кек алмай қоймайтынын біліп қорқып, Әл-Хасанға жаны ашып:

– Әй, Әбу Сағид! Жетер енді, жетер енді, – деп тоқтатпақшы болады. Сонда Әл-Хасан:

– Алла Тағала ғылым иелерінен адамдарға үнемі шындықты жеткізу, жасырмау жөнінде уәде алған, – деп жауап берген екен.

Келесі күні мәжілісіне Әл-Хәжжәж ашу-ызамен кіріп келіп, кеңеске қатысушыларға:

– Өлмейсіңдер ме! Басра тұрғындарының ішінен шыққан бір құл аузына келгенін айтады. Сендер оған жауап бере алмапсыңдар. Құрып кетпейсіңдер ме! Мен оның қанын ішемін, қорқақтар, – деп ызаға булығып, қылышпен бас шапқан кезде қан кілемге өтіп кетпеу үшін қолданылатын теріден жасалған бөстекті әкелуге бұйырады.

Саймандарын алып баскесер келеді. Женденттеріне айтып Әл-Хасанды шақыртады. Көп ұзамай кіріп келген Әл-Хасанды көргенде сол арада отырғандар көздері шарасынан шығып, не істерлерін білмей сасады. Әл-Хасан қылыш, бөстек және бас кесерді көргенде ерні жыбырлап, бір нәрсе дегендей болады. Сонан соң мүминнің мәртебесімен, мұсылманның абыройымен және Аллаға шақырушының келбетімен Әл-Хәжжәжға қарай беттейді. Әл-Хәжжәж оның осы сұсты келбетін көріп шошып:

– Әбу Сағид! Төрлетіңіз, мұнда, мұнда отырыңыз, – деп асты-үстіне түседі.

Адамдар Әл-Хәжжәждың аяқ астынан өзгере қалғанына таң қалады. Әл-Хасан отырғаннан кейін Әл-Хәжжәж дін істері жайында сұрайды. Әл-Хасан да әр сұраққа кең біліммен, қарапайым тілмен, байыпты қалыппен жауап береді. Әл-Хәжжәж:

– Әбу Сағид! Сіз ғұламалардың мырзасысыз, – деп, қымбат иіс суларымен оның сақалын майлап, жағымпазданып шығарып салды.

Үйіне дейін жеткізіп салуға шыққан Әл-Хәжжәждың көмекшілерінің бірі ғұламадан:

– Қылыш пен бөстекті көргенде ерініңіз жыбырлады, сонда не деп айттыңыз, – деп сұрағанда:

– «Әй, нығметімнің Иесі, қиыншылықтарда Панам, отты Ибраһимге салқын әрі бейбіт қылғаныңдай, оның ашуын маған жағымды, әсерсіз ет» деп дұға қылдым, – дейді.

Әл-Хасан Әл-Басри әкімдермен, әмірлермен кездескенде, осындай жағдайлар көп болды. Билік иелерінің алдында өз ұстанымын өзгертпей, олардың алдында ұлы тұлға болып, Алламен ардақты болып, Оның сақтауымен аман әрі абыройлы шығатын.

Омар ибн Абдүләзиз өмірден өтіп, Раббысының қасына аттанғаннан кейін халифалық Язид ибн Абдүлмәликтің қолына өтеді. Ол Иракқа Омар ибн Хубайра Әл-Фазариды әкім қылып тағайындайды. Оған қоса Хорасанды да соның иелігіне берді.

Язидтың халыққа деген жанашырлығы ұлы Омар ибн Абдүләзиз сияқты емес еді. Омар ибн Хубайраға хат соңынан хат жазып, көптеген істерді, солардың ішінде ақиқатқа қайшы келетінін де орындауын бұйыратын. Осыған байланысты Омар ибн Хубайра Әл-Хасан Әл-Басри мен Амир ибн Шурахбилды шақырып алып:

– Әмирүл-мүминин Язид ибн Абдүлмәликті Алла Тағала құлдарына өзінің орынбасары етіп қалдырды. Халықтың оған бағынуы – уәжіп. Маған Ирак тізгінін беріп, Парсы елін де қосып отыр.

Маған кейде әділетке жанаспайтын кейбір істерді атқаруға бұйрық береді. Оның бұйрықтарына бағынып, айтқандарын атқарғанда басшылыққа алатын діни негіздеме жасап бересіздер ме?

Мұның сұрағына Әш-Шағби халифаға жағымды, әкімнің көңіліне тимейтіндей етіп жауап берді. Әл-Хасан үндемеді. Омар Әл-Хасанға қарап:

– Әбу Сағид! Сіз не дер едіңіз? – деп сұрады.

– Ибн Хубайра! Язид үшін Алладан қорық. Алла үшін – Язидтен емес. Алла сені Язидтен құтқара алатынын, ал Язидтің сені Алладан құтқара алмайтынын біл. Сенің мына кең төсегіңнен тура тар қабірге апаратын, Алланың әмірін бұлжытпай орындайтын күшті періште түсейін деп тұр. Сен сол жақта Язидті көрмейсің, алдыңнан Язидтің Раббысына қарсы жасаған істерің шығады. Алладан қорықсаң, Оның әмірлерін бұлжытпай орындасаң, Язидтің қаһарынан дүниеде де, ақыретте де құтыласың.

Омар ибн Хубайра көз жасы сақалын су қылғанша жылады. Көңілі Әш-Шағбиден Әл-Хасанға ауысты. Әкім мәжілісінен шығып, екі ғұлама мешітке барды. Сонда адамдар екеуінен әкіммен болған кеңес жайында сұрады. Әш-Шағби оларға:

– Кімде-кім Алла Тағаланың ризашылығын адамдардың ризашылығынан барлық жерде, барлық жағдайда жоғары қоя алатын болса, қойсын. Әл-Хасанның Омар ибн Хубайраға айтқан сөздерін мен де білетін едім. Бірақ мен әңгімемде Омардың көңілін аулауға тырыстым, ал Әл-Хасан Алланың ризашылығын қалады.

Алла Тағала Ибн Хұбайрадан мені алыстатып, Әл-Хасанды жақындатты. Әрі оған деген сый-құрмет орнатты.

Әл-Хасан Әл-Басри сексен жылдай ғылыммен, даналықпен және фиқһпен өмір сүрді. Оның айтқан даналық сөздері мен өсиеттері ұрпаққа қалдырған ең бағалы мирасы болып, қазіргі күнге дейін жүректерді жібітіп жүр.

Оның уағыздары адамдардың көзін ашып, үмітсізге үміт сыйлап, бақытсызды бақытты қылып, ел аузындағы әңгімеге айналған.

Адасқандарды Аллаға бастайды, өмір жолдарында шамшырақ болады. Дүние жайында сұраған адамға оның айтқан әңгімесі:

– Дүние және Ақырет жайында сұрайсың ба? Дүние мен Ақырет Батыс пен Шығыс сияқты. Біріне жақындасаң, екіншісінен ұзайсың. Осы дүниені сипатта дейсің бе? Несін сипаттайын, басы – ауыртпашылық, соңы – жоқшылық. Халалына есеп бересің, харамына жаза аласың. Бай болсаң сынаққа, кедей болсаң қайғыға батасың.

Сонымен қатар, бір кісі өзінің және адамдардың жағдайын сұрағанда былай деп жауап беріпті:

– Жағдайымыз тіптен ауыр. Дінімізді төмендетіп, дүниемізді көтеріп жібердік. Мінез-құлқымызды түзеуді қойып, көрпе-төсекті жаңартуға көштік. Жантая жатып, басқаның малын жейді. Тамағы – ұрлық, қызметі – зорлық. Қышқылдан кейін тәттіні, суықтан кейін жылыны, құрғақтан кейін ылғалды сұрап, қомағайлықтан қарындары жарыла жаздап, кекіріп: «Әй, Құл! Тамақ қорытатын дәрі әкел» деп айқайлайды. Әй! Ақымақ! Дініңнен басқаны қорытпайсың. Мұқтаж көршің қайда? Қауымыңның қарны ашқан жетімдері қайда? Сенің есігіңе қараған мүсәпірлер қайда? Алла Тағала өсиет еткендер қайда? Сен кері қарай жүретін сансың. Күн шығып, батқан сайын азая бересің. Күнмен бірге мүшелерің де кете береді.

Һижраның 110 жылы Ражаб айында, жұма түні Әл-Хасан Әл-Басри Раббысының шақыруын қабыл алды. Өлімі жайында естіген жұрт қара жамылып, аза тұтты. Басраның көшелері дүр сілкінді. Ғалым әрі ұстаз – Аллаға шақырушы болып өмірін өткізген мешітте жуылып, кебінделіп, жұма намазынан кейін жаназасы оқылды.

Мешітте болғанның бәрі жаназаның соңынан жерлеуге кетті. Басра мешітінде сол күні асыр намазына иқамат түсірілмеді. Себебі, иқамат түсіретін тірі жан қалмап еді. Мұсылмандар сол мешітті құрғаннан бері асыр намазы оқылмаған кез болмап еді. Тек сол күні, Әл-Хасан Әл-Басридың Раббысының жанына жүріп кеткен күні ғана оқылмады.

Материал «Табиғиндер өмірінен өнегелер» кітабынан алынды.

Ummet.kz

 

Бөлісу: