25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Омар ибн Абдулазиз және ұлы Абдумәлік

Омар ибн Абдулазиз және ұлы Абдумәлік

Ислам жұлдыздары

«Әрбір халықтың дара тұлғалы дарындысы болады. Әмәуия әулетінің дарындысы – Омар ибн Абдүлазиз. Ол қиямет күні жалғыз өзі бір халыққа тең болып тіріледі» (Мұхаммед ибн Әли ибн Әл-Хусәйн)

Қайтыс болған халифа Сүлеймен ибн Абдүлмәлік қабірінің топырағынан қолын тазартып болмаған мұсылмандардың әмірі, тәбиғин, ғалым Омар ибн Абдүлазиз жер сілкінгендей бір дүбір естіді. Қасындағылардан:

– Бұл не? – деп сұрады. Олар:

– Бұл – Халифаның мінетін көлігі, Әмирүл-мүминин, сізге арнап дайындалды. Халифа бір топ атқа көз қиығын тастады да, ұйқысыз өткізген түндерден кейін әбден шаршағанының айғағындай даусы әрең дірілдеп:

–  Маған  керегі  жоқ!  Құртыңдар,  Алла  берекелеріңді берсін! Менің қашырымды әкеліңдер, – деп бұйырды. Қашырына мінгені сол еді, күзет басшысы келіп алдына түсіп, оң жақ, сол жағынан қоршаған күзетшілер найзаларын жарқыратып сапқа тұра қалды.

– Бұлардың сап түзіп жүргендері не? Маған бұлардың қажеті жоқ. Мен қарапайым мұсылмандардың бірімін. Мен бұрын қалай жүрсем, қазір де солай жүремін. Жай қарапайым адамдар сияқты. Халифа және қасына жиналған адамдар мешітке келіп кірді. Азаншы намазға шақырғаннан кейін мешіт мұсылмандарға толды. Халифа мінберге шығып Алланы мадақтап, Пайғамбарға ﷺ сәлем мен салауат жолдады:

– Халайық! Маған бұл мансапты менің пікірімді алмай беріп отыр. Мен осылай болсын деп талап еткен емеспін. Бұл мұсылмандар кеңесінің ұйғарымымен де шешілген нәрсе емес. Сондықтан сіздер маған берген анттарыңызды кері алыңыздар. Өздеріңізге лайық халифа сайлаңыздар, – деді. Халық шулап қоя берді:

– Сені таңдадық, Әмирүл-мүминин, сені лайық деп таптық, біздің антымызды қабыл ал, бізге билік жүргізуді өзіңнің борышың деп біл, – деп, жан-жақтан айғайлап, бір ауыздан тілек айтты. Айғай  басылып,  жүректері  тынышталғанын  сезген  кезде,  халифа  Алланы  тағы  да  мадақтап, Пайғамбар  Мұхаммедке ﷺ  сәлем  және  салауат  жолдады.  Адамдарды  тақуалыққа  шақырды.  Дүниені  қойып,  Ақыретке  дайындалуға бұйырды. Өлімді естеріне салып, қатайған жүректерді жібітті, көздерінен жас шығартты. Оның көкейінен шыққан сөз тыңдаушылардың жүректеріне барып сенім боп ұялады. Шаршаған дауысын  көтеріңкіреп,  адамдардың  бәрі  естісін  дегендей, дауыстап:

– Әй, Адамдар! Аллаға бойсұнған адамға басқалардың бойұсынуы –  уәжіп. Алланың әміріне бағынбағандарға ешкім де бағынбау керек. Өздеріңізге қатысты істерде Алла әміріне бағынған бойда маған да бойсұныңыздар. Ал мен Алланың әмірінен шыққан кезде маған бағынбауларыңызға болады. Мінберден түсіп, үйіне қарай беттеді. Халифа қайтқалы бергі шаршағанын басу үшін бір сағат болса да тынығып алайын деп үйіне кіріп кетті. Бірақ Омар ибн Абдүләзиз төсегіне жантая бергенде жасы он жетіге де жетпеген баласы Абдүлмәлік кіріп келіп:

– Әмирүл-мүминин енді не істейді? – деп сұрады.

– Балам, денемде ешқандай қуат қалмады. Біраз тынығып алайын.

– Әмирүл-мүминин! Зұлымдықпен алынған құқықтар өз иелеріне қайтарылмай тұрып тынықпақсыз ба?

– Кеше түнде ағаң Сүлейменді ойлап қайғырып, көз ілмей шықтық. Түскі намаздың уақыты кірсін. Халықпен бірге намаз оқып, Алла қаласа, жәбірленушілердің құқығын да қайтарамыз.

– Түске дейін өмір сүретініңізге кім кепіл?

Бұл сөз Омардың жүрегіне оқтай қадалды. Ұйқысы ашылып кетті. Денесіне қуат бітіп, жұмыс істеуге қайта құлшынды.

– Балам, жақын отыр, – деп ұлын құшақтап, дінімде көмектесетін ұрпақ берген Аллаға мың шүкір, – деді. Адамдарды  жинап,  зұлымдықпен  алынған  дүниелері  болса, шағымдансын деп жар салуға бұйырды.

* * *

Бұл Абдүлмәлік кім болды? Әкесін жолға салған, дінге тартқан, тақуалыққа үйреткен баланың өмірі қалай өтті. Осыған тоқталайық.

Омар ибн Абдүлазиздің 12 ұлы, 3 қызы болған екен. Әрқайсысы тақуалықта, салихалықта үлкен биікке жеткен. Бірақ Абдүлмәлік – олардың ортаншысы, шоқ жұлдызы болатын. Жастайынан тақуалыққа бейімделіп, ұлдардың ішінде келбеті жағынан Әл-Хаттабтар әулетіне жақын, әсіресе Алладан қорқуда, Аллаға ғибадатпен жақын болуда Абдуллаһ ибн Омарға тартқан еді. Алла оларға разы болсын.

Немере ағасы Асим былай дейді: Дамашыққа  барып,  бойдақ  бауырым  Абдүлмәліктің  үйіне түстім. Түнгі намазды бірге оқып, әркім өз төсегіне барып жатты. Абдүлмәлік тұрып шамды өшірді. Екеуіміз де ұйқыға берілдік. Түн ортасында оянып қарасам, қараңғыда намаз оқып тұрған Абдүлмәлікті көрдім. Ол Құранның мына аятын оқып жатты: «Міне,    көрдің    бе?  Біз  оларды    ұзақ   жылдар     бойы   игіліктерге  кенелттік, сонсоң    өзіміз    ескерткен жазамызға душар    еттік. Сонда олардың игіліктері араша бола алмай қалды ғой»[1]. Оның осы аятты қайта-қайта оқып, еңіреп жылап тұрғанын көрдім. Көз жасы төгілген кезде, жүрек тамырлары үзіліп кетердей еді. Аятты бітіріп қайта оқиды. Тағы да жылайды. Бұлай ете берсе, қорқыныштан жүрегі жарылып кетер деп, ұйқыдан оянғанда оқитын дұғаны «Алладан басқа құдай жоқ. Аллаға мадақ» деп дауыстап тұра бердім. Сонда ол оянғанымды біліп, түк болмағандай сабырлы үнімен намазын жалғастыра берді.

Омар (р.а.) ұрпағы өз дәуірінде өмір сүрген көптеген ғалымдардан білім алып, Құран ғылымын терең меңгерді. Пайғамбар ﷺ хадистерін жаттап, риуаяттарды толық игерді. Жасының кішілігіне қарамай, дін ғылымдары бойынша өз заманында өмір сүрген Шам елінің ғұламалары қатарына қосылды. Омар ибн Абдүлазиз Шам елінің қарилары мен ғұламаларын жинап алып:

– Біздің әулетіміздің мүшелері жасаған зұлымдықтарды қарастырайын деп шақырып отырмын. Не айтасыздар? – деді халифа.

– Ол зұлымдықтар сенің дәуіріңде болмағандықтан, тартып алынған мал-мүліктің күнәсін солар көтереді. Халифа олардың айтқанына қанағаттанбады. Соны сезген басқаша ойда болған ғалым:

–  Әмирүл-мүминин,  Абдүлмәлікті  шақырт.  Ол  білімде, ғылымда және ой-пікірде бізден де асып түседі. Абдүлмәлик кіріп келгенде, Омар оған:

– Көкеміздің ұлдары тартып алған мал-мүліктер жайында не айтасың? Қазір адамдар келіп дүниелерін қайтарып беруді сұрап жүр. Олардың арыздары дұрыс екенін, қайтарып алуға қақылары бар екенін бәріміз білеміз.

– Жағдайды нақты білсеңіз, қайтарып беруіңіз керек. Қайтарып бермеген жағдайда, сіз зұлымдық пен алғандардың ісіне серіктес болып саналасыз, – деді халифаның ұлы. Енді ол неше күннен бері толғандырып, мазасын алған күдіктен біржола құтылғанын сезінді. Ол жігіт Шам елінің шекарасына жақын жатқан қалаларда тұруды жөн көрді. Әсем бақтары мен көлеңкелі көшелері бар жеті өзенді Дамашық қаласынан шекараға көшіп кетті. Әкесі оның тақуа әрі салих екенін білгенімен, оны шайтан азғырып, жолдан тайып кетер деп қатты қорқатын, бозбалашылықтың қызықтарына салынып жүрер деп жаны ашып, ол жайында барлық нәрсені біліп отыратын. Үнемі ол жайында хабардар болып, ұлын бір сәт көкейінен шығарған емес. Омар ибн Абдүлазиздің кеңесшісі әрі уәзірі, қазы Мәймун ибн Мәһран былай дейді: Халифаның алдына кіргенімде, оның Абдүлмәлікке хат жазып отырғанын көрдім. Көзім түсіп кеткенде, оқығаным: «Сенен артық менің сөзімді түсінетін, сезінетін жан жоқ. Алла Тағала, Оған – мадақ, үлкен-кіші істердің бәрінде мейрімділік жасады. Алланың саған және әке-шешеңе берген артықшылықтарын ойла. Көкірек көтеруден және мақтанпаз болудан сақтан. Ол – шайтанның ісі. Ібліс – иман келтірушілердің анық дұшпаны. Сен жайында тек қана жақсылық естіп келдім. Бірақ мына бір хабарды естігеннен кейін хат жазып отырмын. Сен туралы өзін жоғары ұстайды дегенді естідім. Егер осы айтып жүргендері рас болып шықса, менен жақсылық күтпе».

Кейін Омар маған қарап: – Мәймун! Мына менің балам Абдүлмәлікті адамдар мақтай бергеннен кейін, менің көзіме мінсіз жандай көрініп кетті. Оның айыбын көруден махрум қалдым деп өзімді кінәлап отырмын. «Әкенің балаға деген сүйіспеншілігі бала кемшілігін көре алмайтындай етіп соқыр қылады» деген дерт маған да келген сияқты. Барып, оның жағдайын біл. Көкірек керу немесе мақтану сияқты менмендік сипаттары бар ма, анық-қанығын біл. Ол әлі жас, шайтанның алдауына түсіп жүрмесін. Тездетіп жолға шығып, Абдүлмәлікті көруге бардым. Рұқсат сұрап оған кірдім. Өмірінің көктемін де тұрған жас шыбықтай келісті, кішіпейіл бозбала қылдан жасалған кілемге төселген ақ көрпеде отыр. Менің келгеніме қуанып, қошеметтеп төрге шығарып:

– Әкемнің сіз жайында, әсіресе өзіңізге тән сипаттарыңызды үнемі айтып отыратынын еститінмін. Жақсылығыңыз арта берсін, – деді.

– Жағдайың қалай?

– Аллаға шүкір, жақсы. Бірақ әкемнің маған деген жақсы көзқарасы менің көкірек көтеруіме себеп болды ма деп қорқамын. Мен әлі сондай жоғары деңгейге жете қоймадым. Оның маған деген махаббаты менің кемшіліктерімді көруге кедергі болды ма деп қорқамын. Осы істеріммен басына туған бәле болмасам болды. Олардың өзара келісіп алғандай ойлары бір жерден шыққанына таң қалдым.

– Қалай күн көріп жүрсің?

– Бір кісіден әкесінен қалған жерді сатып алдым. Сол жердің өнімін сатып күн көріп жүрмін. Жерді сатып алуға кеткен ақша – таза, ешқандай күмән жоқ. Мұсылмандардың қазынасынан бөлінген ақшаның керегі болмай қалды.

– Қандай тамақ жеп жүрсің?

– Кейде ет, кейде жасымық пен май, кейде сірке суы мен май. Осы жеткілікті.

– Қай қасиетіңді артық санап, өзіңді елден жоғары ұстап жүрсің?

– Осыған ұқсас нәрсе болған. Әкем уағыз айтып, біреуден артықпын деп, көкірек көтерудің ағаттық болатынын ұғындырғаннан кейін, өзімнің қателігіме көзім жетті. Алла Тағала маған әкем арқылы пайдасын тигізді. Әкеме Алла разы болсын. Бір сағаттай отырып онымен сұхбаттастым. Оның ойлау жүйесіне, ақыл-парасатына көңілім толды. Нұрлы жүзіне көзің тоймайды. Өзі жас әрі тәжірибесі аз болғанымен, ақыл-ойға – бай, әрі кішіпейіл екен. Күн батқан уақытта құлдарының бірі келіп:

– Алла тура жолға салсын! Босаттық, – деді. Мен де түсінбей:

– Нені босатыпты? – деп сұрадым.

– Моншаны.

– Қалайша?

– Мен үшін адамдардан босатыпты.

– Осы сөзді естігенге дейін саған көңілім толып отыр еді, – дедім. Ол шошып кетіп: «Біз Алланың құлымыз, Оған қайтамыз» – деді. Сонан соң:

– Алла мейірім қылсын! Бұлай істесе несі бар, аға? – деп сұрады.

– Монша сенікі ме?

– Жоқ.

– Онда адамдарды неге моншадан қуасың? Мұнда сен өзіңді олардан жоғары ұстап, оларды – бір төбе, өзіңді бір төбе қылғаның ба? Оның үстіне күн сайын түсетін пайдасына залал келтіресің, келген адамдарды моншасыз қайтарасың.

– Моншаның иесіне толық күндік пайдасын беріп, риза қыламын.

– Бұл – күпірлік араласқан ысырап. Адамдармен бірге неге моншаға түспейсің?

– Олармен бірге түспеуіме себеп – кейбір әдепсіз адамдар орамалсыз  кіреді,  әурет  жерлерін  жаппайды.  Оларға  әуреттеріңді жауып жүріңдер деп айтсаң, «Саған біздің әуреттерімізді жабуға хұқық беріліп пе еді?» деп өзіңді мазақ қылады. Алла Тағала мені осы бір ыңғайсыз жағдайдан құтқарсын. Маған пайдалы уағыз айтып, осы істе кеңес беріңіз!

–  Түн  қараңғылығы  түсіп  кетсе  де,  адамдардың  моншадан шыққанын күт. Бәрі үйіне тарасымен, моншаға түс.

– Солай істеуге сөз берейін. Бүгіннен бастап күндіз моншаға кірмейтін боламын. Осы елдің қақаған суығы болмаса, тіптен моншаға аяқ баспас едім. Сонан соң, біраз төмен қарап ойланып тұрды да:

– Осы жағдайды қайталамасқа ант ішемін. Әкемнің маған ашуланғанын көргім келмейді. Маған ашулы жүріп өмірден өтіп кетсе не болады?!

Мен оның түпкі ойын білгім келіп, былай деп сұрадым:

– Әмирүл-мүминин менен сенің жағымсыз әрекетің  жайында сұраса, өтірік айтқанымды қалайсың ба?

– Жоқ, Алла сақтасын. Бірақ былай деп айтыңыз. Бір жаман іске куә болдым. Мұның үлкен күнә екенін түсіндіріп, уағыз айттым. Ол күнәсін тез арада жуып-шаюға, қайталамауға сөз берді. Егер одан бір нәрсе жасырсаңыз, ол қалай болғанда да жасырған жайды білгісі келеді. Ал шындықты айтсаңыз, Алла Тағала оны жасырған нәрсені қазбалаудан сақтайды. Осындай  әке,  осындай  баланы  еш  жерде,  ешқашан  көрген емеспін.

***

Мұсылмандарды әділ билеген халифалардың бесіншісі Омар ибн Абдүләзиз бен оның көзінің қарашығындай болған ұлына Алла Тағала разы болсын. Ең Биік Досқа (Аллаға) кездескенде саламат болсын. Ізгі жақсылармен бірге қайта тірілгенде бейбіт болсын.

Материал «Табиғиндер өмірінен өнегелер» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Шұғара» сүресі, 205-207-аяттар.

Бөлісу: