27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Құранның барлық заман мен санаға ұстаздық етуі

Құранның барлық заман мен санаға ұстаздық етуі

Ислам тарихы

Адамзатқа келген ақырғы дін – Ислам әлемдік дін болған соң әлбетте оның кітабы да әлемдік болуы ләзім. Құран  өзінен  бұрынғы  кітап  пен  парақтар  секілді  арнайы бір елге яки ұлтқа түскен кітап емес. Оның түскен ортасы Араб түбегі ал тілі арабша болғанмен тек қана арабтарға  арналған  кітап  емес. 

Ешбір  араб  Құранды бізге ғана тән кітап, ендеше, оған лайық біз, дінді біз өзгеден  артық  білеміз  дей  алмаған.  Десе,  Құранға  ең қашық пенде сол болмақ еді. Араб әлемінде христиан арабтар да бар. Сонымен қатар Құран бір заманға ғана сиярлық  өлшеулі  кітап  та  емес.  Ол  қияметке  дейінгі барлық ғасыр мен заманға ұстаздық етуге келген кітап.

Құранның  «Ей,  адамдар!  Сендерге  Раббыларыңнан дәлел (Құран) келді» аяты осының бұлтартпас айғағы. Иә,  Құран  күллі  адамзатқа  түскен  ақырғы  кітап. Сондықтан ол барлық заман мен мекенді тұтас қамтып, көріп, білетін һәм Өзі сол мекен мен заманнан ада, әуелі мен ақыры болмаған Ұлы Жаратушының жаратылмаған мәңгілік «әзәли» (бастауы жоқ) сөзі. Міне, осы мекен мен  заманнан  пәк  Хақ  тағаланың  әзәли  сөзі  –  Құран әртүрлі  заман  мен  әр  түрлі  мекендерде  ғұмыр  кешкен адамдарға лайықты түрде жол көрсетіп, ұзтаздық ете алады. Яғни, ол күллі заман мен мекеннің тізгінін құдірет қолына ұстаған һәм шексіз ілім мен құдірет иесі Құдай  тағаланың  уахиы  болғандықтан,  Құран  өзінің шексіз ілім тұрғысынан барлық ғасыр мен мекендерге ұстаздық  етіп,  кез  келген  заманның  қараңғы  қапасын өткір алмас жарығымен қақ айырып, нұрға бөлеп, адамдарды  тура  жолға  бастайды.  Құран  бейне  заманның әрбір ғасырына жеке-жеке түскендей ондағы адамдарға тікелей әсер етеді. Әсері сол – әр ғасырдың адамдары өз заманының көкейтесті мәселелерін осы Құран арқылы  шешіп, оны ұстаз етіп қабылдайды.

Құран  өзіне  тән  мұғжизалығын  әр  түрлі  дәреже мен мамандықтарға, атап айтқанда әдебиетші, жазушы, тарихшы,  құқықшы,  философ,  саясатшы,  биолог,  физик,  химик,  жай  қауым,  зиялы  қауым  т.б.  топтарға сездіріп,  әркім  өздерінің  тереңдіктеріне  қарай  одан пайдалана  алады.  Өйткені,  Құранның  жол  көрсетіп, бағыт-бағдар  беру  тәсілі  аса  кең.  Жебірейіл  мен  мектепке жаңа барған бала бірге бір партада отырып одан дәріс алуы әбден мүмкін. Әл-Фарабидей бір кемеңгер мен жай қарапайым адам бірге тұрып, Құраннан дәріс тыңдай  алады.  Бірақ  әр  кім  өздерінің  қабілеттеріне қарай  ұғына,  тұшына  алмақ.  Құранның  беретін  дәрісі бөлек-бөлек емес біреу-ақ. Алайда Құран әр дәрежедегі адамдардың  ой-санасы  қанағат  етерлік  мағыналарды қамтыған.  Не  болмаса  белгі  қойып,  ишарат  еткен.

Бұған Құранда көптеген мысалдар бар. Бұған аталмыш «Ықылас» сүресінің «Ол  –  тумаған,  туылмаған.  Оның  ешбір  теңдесі жоқ»  аятын  алалық.  Осы  аятты  оқыған  жалпы қарапайым халық өз түсінігіне қарай: «Жарықтық Құдай тағаланың не әкесі, не баласы, тіпті әйелі болмақ емес. Һәм Оған тең келер ешкім жоқ. Жаратқан Ием жалғыз ғой, жалғыз. Ей, Жасаған Ием қуат беріп, қолдай гөр» деп, өзгеге табынудан бойын мүлде аулақ ұстап, жүрегін пәк ұстайды. Ал, орта дәрежедегі ғылым, білімнен аздап жан-жақтан хабары бар адамдар олардан тереңірек ойлап: «Осы аят періштелердің де, хазіреті Исаның да, тіпті  туған  нәрсенің  бәрінің  де  Құдай  бола  алмайтынын жоққа шығаруда» дейді. Олардан да ой-өрісі кең дәрежедегілер:  «Алла Тағала  жаратылысқа  тән  туу мен туылу атаулыдан мүлдем пәк һәм ада. Ортағы мен көмекшісі болудан да пәк. Оның жаратылыспен қатысы олардың Ұлы Жаратушысы болуы ғана. Барлық нәрсе Оның «бол» деген әмірімен болған» деп терең ойға батады. Олардан жоғары ірі ғалымдар: «Алла тағаланың бастауы да, соңы да жоқ. Ол жаратылмаған. Туу, туылу – бөлінудің белгісі. Ал бөліну, көбейу жаратылысқа ғана  тән  нәрсе.  Ендеше,  Алла  жаратылысқа  тән  сипаттардан  пәк.  Һәм  Оның  затында,  сипатында,  іс-әрекетінде ешбір ұқсасы, ортағы жоқ. Ұқсасы, ортағы болу – әлсіздіктің белгісі. Ендеше, Алланың теңі болуы  қисынсыз  ұғым»  деп,  аяттың  астарына  терең  ой жүгіртеді. Одан әрі «толық адам шыңына» қарай қанат қағып, қадам басқан әрбір жан өз биігіне қарай аяттың көкжиегіне көз тастап, оның таңғажайып сырлылығына боялып, Ұлы Жаратушыға тағзым етеді.

Тағы бір мысал ретінде мына аятты берелік. «(Алла)  Тауларды  жерге  қазық  еттік».  Жай қарапайым  адам  осы  аятты  оқығанда  бейне  бір  жерге  қағылған  қазықтай  тік  тұрған  тауларға  қарап,  сол арқылы  тіршілікке  берілген  нығметті  ойлап,  Құдай тағалаға іштей шүкір етер. Һәм осы аятты оқыған бір ақын жер мен көкті бейне алты қанат көк отау секілді  шаңырағы  самсаған  шырақтарға  толған,  ал  тауларды  сол  шаңырақты  мықтаған  уықтар  яки  қағылған бақандар  тәрізді  көріп  ойға  батар.  Яки  сол  жер  мен көкті құдды көк күмбезді алып ғимарат, таулар соның мызғымас тіректеріндей ойлап, шабыттанып, санасында сурет самсап, қолына қалам алып, Ұлы Жаратушының ұлылығын паш етіп, поэзияның тұңғиығына батар.

Географиядан терең хабары бар әдебиетші ғалым осы  аятты  оқығанда  алып  жерді  бейне  бір  кеңістік мұхитында саяхат еткен алып кеме, ал тауларды соның тепе-теңдігін  сақтайтын  діңгектер,  тауды  ораған  ақ-қара бұлттар сол алып таудың желкендері тәрізді көрер. Сонда сол бір алып кемеге саналы жандарды мінгізіп, өзінің ұлылығын таныту мақсатымен, телегей кеңістік-теңізінде  тау діңгегі  арқылы  тепе-теңдігін  сақтатып, өзіне тән жылдамдықпен аққудай сырғытып, айсберг-жұлдыздарға соқтыртпай, шексіз ғаламға саяхат еттірген Ұлы Жаратушы Раббысына бас қойып, терең сәжде етер.

Дүниенің парқын білген бір ойшыл да осы аятты оқып, былайша ойға батар: Жер бетіндегі барлық тіршілік  атаулы  құдды  бір  шаңырақтың  астында  ғұмыр кешуде. Сол тіршіліктің тірегі – су, ауа, топырақ. Міне, су, ауа, топырақтың тірегі мен қазығы – таулар. Өйткені, таулар  су  қоймасы  һәм  ауаны  ластықтан  тазартушы. Әрі  шалшыққа  айналудан  және  теңіздің  тасқынынан қорғау жағынан топырақтың қорғаны. Сонымен қатар адам өмірінің басқа да қажеттіліктері үшін түгесілмес қазына.  Демек,  тау  жай  ғана  бізден  бейхабар  жатқан дүлей  дүние  емес,  ғұмырымыздың  арқауы.  Тауларды тіршілікке  тірек  еткен  Ұлы  Жаратушымызға  шексіз алғыс айтып, сансыз мадақ етеміз.

Геолог  ғалымдар  аталмыш  аятты  оқып,  бұл  аяттан мынадай мағынаны ұқпақ: Жер астындағы вулкан оттардың  қозғалуы  арқылы  болатын  зілзалалар,  сол бір  алып  тауларды  мұржа  етумен  ғана  тыныштық  табады. Негізі зілзала жерді қозғалтқанда, оны өз орбитасынан шығармауға сол таулардың жер бетіне қазық болып  қағылып,  биікте  тұрулары  себепкер  болады. Осылайша  жұмыр  жердің  тұла  бойын  ашу  кернегенде,  осы  таулардың  түңліктері  арқылы  тыныс  алып, тыныштық  таппақ.  Жаратушы  Жаппар  Иеміз  аса  ұлы һәм рақымды.

Иә, Құран түскелі замана талай көйлек тоздырып, қаншама  кемеңгерлердің  нақыл  сөздері  сол  көнерген көйлектің жағасына ілініп бірге кеткен. Өткен ғасырда ғана ел-жұртты таңдандырған жаңа текникалық құралдар бүгінде мұражайлардан ғана табылмақ. Адам заманның төл перзенті болған соң, оның пікірі де сол заманның жағалауында қалмақ. Тек Құран ғана сан ғасырлардың жал-жал асау толқындарын бұзып-жарып, батпас алып кемедей әлі күнге дейін қардай таза, судай жаңалығын сақтауда. Иә, адамның жасанды сөз-қайығы суға батар, ал Ұлы Жаратушының «әзәли» бастауы болмаған сөз кемесі ешқашан батпас. Ол таңғажайып әуені мен әуезі арқылы  кемел  адамдар  мен  қарапайым  адамдардың жүректері мен санасын өзіне тартып, ұшқыр қиялдарын ұштай түспек. Ендеше, Құран – барлық сана иелеріне шырын, нәр берген илаһи дастархан.

материал «Мәңгі мұғжиза» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: