28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Ихсан – көркем мінез бен әдептілік негізі

Ихсан – көркем мінез бен әдептілік негізі

Ислам тарихы

Ислам – көркем мінез бен әдептілікке негізделген дін. Әдеп­­тілік адамды көрікті етеді. Ихсан ілімі көркем мінез бен адамға тән күллі әдептілікті қа­лып­тастырады. Хазреті Мәуләна: «Ақылым жүре­гімнен: «Иман де­ген не?» деп сұра­ды. Жүрегім ақы­лым­ның құлағына иіліп: «Иман дегені­міз – әдеп» деп жауап берді» дейді.

Пайғамбарымыз (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі арқылы надандық құрсауындағы Мекке халқын мойын­датып, оларға өнеге көр­сетті. Пайғамбарымыз (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық келгенге дейінгі қырық жыл өмірінде адамгершілік қасиеттің қоғамға әкелер пайдасын дәлелдеп берді. Тіпті, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сә­лемі болсын) сахабаларына: «Мен жер бетіне көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім», – дейтін.

Қандай қоғам болсын, абы­ройы асқақтап, халқы берекелі ғұмыр кешу үшін әрбір жекелеген адам әдептен озбай, адамгер­шіліктен аттамай, өзінің кемел келбетін қалыптастыруы тиіс. Осы арқылы да қоғамның өзіндік мәде­ниеті қалыптасады. «Тәрбие­сіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді екінші ұстаз атанған әл-Фараби бабамыз.

Құран Кәрімде Алла Тағала Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сипаттап: «Шын мәнінде, сен жо­ғары мінез-құлыққа иесің» («Қа­лам» сүресі, 4-аят) деген. Көркем мінез жайлы білмек болған бір кісіге ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сә­лемі болсын): «(Уа, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандарға сырт бер» деген аятты оқып: «Көркем мінез – туыстық қарым-қатынастарды үзгендермен арадағы араласуды арттыруың, саған жамандық жаса­ғандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің» дейді.

Бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәле­мі болсын) келіп: «Дін деген не?» деп сұрағанда: «Ол – көркем мі­нез» деп жауап береді. Әлгі адам айналсоқтап кетпей, бір қойған сауалын бірнеше қайталаса да Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дін – көркем мінез» деп жауап берген екен.

Хазреті Мәуләна: «Біліп қойыңыз, әдеп – адам тәніндегі рух. Әдеп – әулиенің көзі мен көңілінің нұры. Егер шайтанның көзін жойғың келсе, көзіңді ашып қара, шайтанды құртатын – әдеп. Адам баласында әдеп болмаса, ол шындығында адамдық болмысын жоғалтады. Әдеп – адам мен хайуан­ның арасындағы айыр­машылық» деген екен. Ал әдеп дегеніңіз – жақсы тәрбие, жақсы мәміле, көркем мінез, ұят пен сыпайылық. Міне ихсан ілімі – иман иесінен осыны қалайды.

материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: