Ислам – қоғам ішінде бейбіт өмір мен тәртіп сақтауға шақыратын дін. Бұл әрбір адамның Алланың алдындағы, өзгелердің алдындағы мұсылмандық міндеттерін толық орындауына мүмкіндік береді.
Олай болса, үлгілі мұсылман өз мемлекетіндегі заңдарды сыйлайды, онда қоғамдық-саяси тұрақтылық пен тыныштық болуын қалайды, оның экономикалық жағынан өрістеуіне де қажыр-қайрат жұмсайды. Ол мойнына елдің келешегі жүктелген азамттарға дұға жасап, оларға Алладан игілік тілейді. Исламның бір ойшыл ғұламасы әл Фудайл бин Ияд бірде: «Егер маған Алла анық қабыл ететін бір дұға жасауға мұрсат берілсе, онда мен біздің сұлтанымызға игілік тілеп, дұға жасар едім» деген болатын, Сонда маңындағылар оның себебін сұрағанда: «Мен өзім үшін дұға етсем, дұғам өзімнен өзге ешкімге пайда әкелмес. Ал сұлтанымызға дұға етіп, оған Алланың мейірімі түссе, онда көптеген ұлттар, ұлыстар мейрімге бөленер еді» деп жауап қайырыпты.
Алланың дінінде зорлық, өзара соғысу мүмкін емес. Соғысатындар – надандар, білімсіздер немесе дінді жамылып саяси ұпай жинауды мақсат еткендер. Өркениеттер арасында да соғыс жоқ. Ислам ешкіммен соғыспайды. Ислам – гуманизм діні. Біз Алланың сый еткен өмірін қастерлейміз. Сол себепті ешкімге қиянат жасамаймыз. Олай жасау ислам қағидаларына қайшы келеді. Ислам – ынтымақ, бірлік діні. Сол себепті халқымызға құраншылар, салафиттер, зікіршілер және басқа да дінді желеу етіп жіктелушілерге, бөлінушілерге қарсымыз.
Біз адасып жүргендерді Алланың ақ жолында бірігуге, бейбітшілікке, тыныштыққа шақырамыз. Мешіттеріміз ғибадат ғана емес, сондай-ақ рухани білім ордасына айналуы үшін де күш саламыз. Үкімет, билік, мемлекет әлсіресе, криминал атқа мінеді. Сол себепті біз Отанымыздың күшті де қуатты болғанын қалаймыз.
Мәдинаға һижрат жасаған уақытында Адамзаттың ардақты елшісі хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) те Хазрауа деген жерге жеткенде түйесін тоқтатып, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: – Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім, – деген екен. Тағы бір жолы Ұхуд тауына қарап: «Біз Ухудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді» дегені де тегіннен тегін емес. Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған жерге деген, туған жерінің әрбір өзен, көл, тау, тасына деген зор сүйіспеншілігін байқатады.
Бір хадисте: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз» делінген. Демек, «өлсек шейіт, қалсақ ғазимыз» деген асқақ мұратпен «А, Құдайлап» жауға шапқан жүрегі түкті батыр-баһадүрлеріміз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен дұшпан жолатпаған кең байтақ жерге бабалар аманаты деп қарай білген жөн. Өйткені құс ұясын, ал адам отанын қорғайды. «Біз, қазақ деген мал баққан елміз. Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз.
Басымыздан сөз асырмаған елміз...» деген Қазыбек би бабамыздың отты сөзі жерімізге көз алартқан дұшпанды тәубесіне түсіре білген батырлар ұрпағы болғандығымызға дәлел. Халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Бұл не деген сөз? Мәнін ойлап көрдік пе? Бұл Отанды қорғау жолында бәріне бара білуді, ештеңеден тайсалмауды білдіреді. Адамға алуан түрлі қасиет, дарын туған ортадан дариды. Сондайақ туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді. Отанын сүю үшін адам өз ана тілін, тарихы мен мәдениетін жақсы білуі тиіс. Өз тілінің, ұлттық мәдениетін қадірін білмеген адам бірте-бірте өзге де құндылықтарынан ажырайтыны анық.
Тіл – адамның ішкі жан дүниесінің, рухани әлемінің көрінісі. Әр халықтың ойлау жүйесі тілінен көрінеді. Олай болса тілді таза сақтау халықты, ұлтты сақтаудың бір жолы. Белгілі бір ұлттың өз тілін сақтауына, құрметтеуіне дінімізде тыйым жоқ. Алайда әрбір ұлт өзгелердің тілін де өз тіліндей сыйлауы тиіс. Тағы бір мәселе, тіл адамның ойын қалыптастырса, тарих адамның есі мен жадын қалыптастырады. Тарих – даналық пен күш-қуаттың мол қазынасы. Ұлы жеңістер мен ащы жеңілістер жайлы жәдігерлер, ата-бабаның ерлік дастандары тарихта сақталады. Сондықтан Ислам діні тарихты жақсы біліп, одан тиісті сабақ алуға да шақырады.
материал «Дін және Отан» кітабынан алынды,
ummet.kz