01
Жұма,
Қараша

һижри

Өмірде «ғафу ету», «кешіру» ұғымдары болмаса, не болар еді?

Өмірде «ғафу ету», «кешіру» ұғымдары болмаса, не болар еді?

Иман келтіру

Егер өмірде ғафу ету, кешіру ұғымдары болмағанда не болар еді? Егер біз адам жанымен байланысты мұндай ұғымдарды білмегенімізде немесе мұндай ұғымдар ой-санамызда мүлдем болмағанда қандай күйде болар едік? Өміріміз, ой-өрісіміз, іс-әрекетіміз, қоғамымыздың жағдайы, көтерер ауыртпалығымыздың ауқымы қандай болар еді? Мұндай өмірге ары қарай төзе аламыз ба?

Алла Тағаланың бізге сыйлаған нығыметтерінің бірі – өмірімізге кешіру сынды құндылық берді. Мұны адам жаны құп көріп, қабыл алатын ұғымдардың біріне айналдырды. Тіпті, бұл ұғымды мәжбүрліктен емес, адамның өз еркімен ұмтылатын сипат қылды. Содан Алла бұл нығыметін толықтырып, оны шариғи ұғымдардың қатарына қосты. Адамзатқа бұл сипатты ұнамды етті. Құран аятында: «Кешірулерің тақуалыққа жақынырақ», – делінген. Бұл жерде әділетсіздікке ғана кешірім таныту емес, сонымен қатар шариғат бекіткен құқығың ескерілмеген кезде кешірім танытуың меңзелген. Кешіру – үлкен кемелдіктің белгісі. Адамның абыройын асқақтатады. Кешірімді болу ұғымынан алыс қоғам қатігез қоғам саналады. Ондай қоғаммен өмір сүру - қиынның қиыны. Яғни, жағымсыз қасиеттерге белшесінен батқан қоғам. Өйткені адам жағымсыз қасиеттерге бой алдырған сайын, теріс, жөнсіз іс-әрекет көрсетеді. Кешірімді орнықты, байсалды, ынсапты жан ғана танытады.

Құранда: «Үлкен күнәлардан һәм арсыздық атаулыдан іргелерін аулақ салғандар ашуланған кезде, кешірімділік танытады», – деген аят бар. Көбіне адам баласы ашуын білдірген соң, ызаға толы іс-әрекеттер көрсеткен соң барып, кешірім танытып жатады. Алайда біз бірден кешіруге дағдыланып, бұл сипатқа сай ісәрекет етудің жолын түсінуіміз керек. Ол жол Құранда былай көрсетілген: «Алайда кімде-кім сабыр етіп, кешірімділік танытса, шүбәсіз, бұл табандылықты талап ететін істерден», – делінген. Яғни, адамға оңайлықпен бұйырмайтын, еңбекті қажет ететін салмақты істер шынайы ниетсіз, табандылығы жоқ адамдар арқылы жүзеге аспайды деген мағынада. Сен біреуді кешірген кезде, ең бірінші ұтатын – өзің. Өйткені сен сені алаңдататын, мойныңа жүк болатын, ақыл-ойыңды шаршататын барлық дүниелерден құтыласың. Ішің жағымсыз сезімге, ренішке толы болса немесе жек көріп тұрсаң немесе кек қайтарғың келіп тұрса, қандай да бір ісіңе кірісе алмайсың. Жаның жақсы көру, риза болу көгіне көтеріліп самғамайынша, істеген ісіңнен өнімді нәтиже шығара алмайсың. Біз нашар мінез батпағына аунап жатып алып, ескі әдетке толы кезеңнен шықпай, түбінде, рухани тоқырауға түспес үшін, кешірімді болуды үйренуге мұқтажбыз. Кешірімді болуға зәруміз. Өйткені біз өмірімізді күн сайын жаңартып отыруды қажет етеміз. Әрине, оны кешірім етумен жаңартқанымыз жөн. Шын мәнінде, бір рет қана берілетін өмірді талас-тартысқа толы кезеңмен өткізбегеніміз жөн.

Өмір – өте терең алаң. Өмірді пайдасыз, ұтымсыз дүниеге жұмсамау керек. Өмір қас-қағым сәттен де тез өте шығатын нығмет. Сол үшін кешірімді болуды үйренсек, игі болмақ. Қазіргі таңда қоғамның қателескен, жаңылған азаматын жек көріп, әрбір адамның әлеуметтік желіде оны сынап, мінеп жазба қалдырып жататынына куәміз. Мінеп, сынап жазба қалдырғанда өзінің де қате-кемшілікке бой алдыратынын ұмытып кететіні өкінішті-ақ. Әрбір адам қателескен азаматты мінегені соншалық, тіпті, оның отбасына тіл тигізеді. Сынның астында қалған ондай азамат қоғам алдында ақталуға, әрине, дәрменсіз болады. Нәтижесінде жақындары онымен бірге өмір сүруден қысылады. Мұндай жөнсіз әрекетке бой алдырған кезде, шүбәсіз, Мырзамыздың бізге өсиет еткен мейірім, жанашырлық сияқты адами құндылықтардан айырыламыз. Мәселен, пайғамбарға арақ ішіп қойған адам әкелінген кезде, арақтан тыю мақсатында оны ұруды бұйырады. Сонда сахабалар: «Арамызда оны қолымен, аяқ киімімен, киімімен ұрғандар болды. Жазасын алған кісі кетіп бара жатқан кезде, бір ер адам: «Бұған не болған?! Алла оны қор қылсын!» – деп айтып қалады. Сол кезде пайғамбарымыз: «Бауырларыңа қарсы шайтанға жәрдемші болмасаңдаршы», – деп айтты», – деген.

Қоғамдағы ара қатынас сақталып, жақсылық пен ізгілік үзілмей, бір-бірімізді жақсы көріп, бірігіп қоғам құрып, құлшылықтарымызда, іс-әрекеттерімізде бір қарыс болса да бірімізден біріміз алшақтамай бір сапта күн кешу үшін, кешірімді болуға мұқтажбыз.

Расында, ғафу ету, кеңшілік таныту сияқты рухани құндылықтарды үйреніп, оны үйретуге, қоғамға оны дұрыс ұғым ретінде жеткізе білуіміз қажет. Аталмыш рухани құндылықтардың жеке тұлғаға да, қоғамға да берер оң нәтижесін түсіндіргеніміз жөн.

Біз бұл өмірде жалғыз өмір сүріп жатқан жоқпыз. Мен қоғаммен, қоғам менімен бірге күн кешіп жатыр. Сол себептен бір-бірімізге ғафушыл, кешірімшіл, кең болып, жаңадан түлеп шығуымыз керек.

материал «Кешірдім» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: