Көпшілік адамдар Алланы және Пайғамбарын (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақсы көреміз деп айтады. Тілмен айту жеңіл. Бірақ, тілмен ғана айтылған сөз қаншалықты рас? Нәпсінің алдауына түсіп қалып жатқан жоқпыз ба? Өз-өзімізді алдамас үшін осы бір белгілердің бойымызда бар-жоғына назар салып, Аллаға деген махаббатымызды мынадай жолдар арқылы өлшеуге болады:
1. Алла Тағаламен жолы,уға құштар болып өмір сүру. Әрі соған үнемі соған дайындықта жүру. Алланың дидарына ынтық жан Оны жолықтыруға құштар болары хақ. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім Алламен жолығуды жақсы көрсе, Алла да ол адаммен жолығуды жақсы көретін болады» (имам Бұхари, Муслим).
2. Алла жақсы көрген істі өзі жақсы көрген істен артық санау. Алланың бұйырғандарына бойұсынып, тыйғандарынан тыйылу. Нәпсі қалауына берілмеу, жалқаулықтан аулақ болу. Алланы жақсы көрген адам күнә жасамайды.
3. Алланы жақсы көріп, Оның бұйрығын орындау айтқан сөзіміз бен жасаған іс-әрекетімізде және мінезімізде көрініс табуы керек.
4. Алла Тағаланы үнемі жадында ұстау. Оның бақылауын сезініп жүру. Адам баласы жақсы көргенін ешқашан естен шығармайды.
5. Оңашада Алла Тағаланы еске алып, Құран оқуға құштар болу. Түнгі тыныштық пен түнгі ой тазалығының нығметін бағалап, түнгі намаздарға ерекше көңіл бөлу. Алланы жақсы көрудің бір белгісі – оңашада Алланы еске алудан ләззат алу.
6. Алла Тағалаға қатысты дүниелерден басқа ешнәрсеге өкінбеу. Бұл дүниеде бұйырмай қалған нәрселерге кейімеу. Алланы еске алмай өткізген әрбір сәтке өкініп, Алладан кешірім тілеу.
7. Алланың бұйырған құлшылықтарын орындаудан қиналмау. Керісінше одан ләззат алу.
8. Алланың жаратқан барлық пендесіне мейірімділік таныту.
9. Алла Тағаланы жақсы көре отырып, Оның күш-құдіретінен үміттеніп, үрейлену. Кейбіреулер «Алланы жақсы көру Одан қорқуға қайшы келеді» деп ойласа қателеседі. Алланың құдіретін түйсінген адамда Оған деген үміт пен үрейдің болуы заңды.
10. Алланы жақсы көретіндігін жасыруға тырысу. Яғни, алланы жақсы көретіндігін жарияға жар салып айта бермеу. Аллаға құштар болып, Оны Раббым деп разы болу. Аллаға құштар болудың тағы бір белгісі – тек Алланы ғана еске алудан ләззат алу.
материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,
ummet.kz