19
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Әрдайым тоқ жүру пендені Алладан алыстатады

Иман келтіру

Алла Тағала бір аятта пенделерін былай деп ескертеді: «Әркім ертеңгі ақиреті үшін (не істеп, о дүниеге) не жолдағанына көңіл аударсын. Аллаға шын көңілден тағзым етіңдер және Оған қарсы келіп асы болудан сақтаныңдар! Шүбәсіз, Алла не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар».

Уа, адамзат! Әрдайым жамандықты қалап тұрған нәпсі саған шайтаннан да жаман дұшпан екенін біліп қой! Шайтан нәпсіңнің қалауымен мойныңа мініп алып, сені Алланың жолынан шығарып жіберуі мүмкін. Нәпсің болса сені құрғақ қиялдармен алдап қояды. Себебі нәпсі надандықты, салғырттықты ұнатады және өмірді жалқаулықпен өткізуді қалайды. Ол әрдайым бұзақы істерге араласады. Тәкаппарлыққа азғырады. Егер нәпсіңе разы болып, оған бас исең, өміріңнің соңы өте жаман болады.

Нәпсі ешқашан жақсылыққа алып бармайды. Нәпсі – бәлелердің басы. Шайтан үшін күнәнің құлы болған нәпсісін жақсы көрген кісі Жаратқанды тани алмайды.

Құранда былай деп айтылады: «Аллаға қарсы келіп асы болудан сақтаныңдар! Шүбәсіз, Алла не істеп не қойып жүргендеріңнен толық хабардар».

Пенде өмірін қалай өткізгенін, ақырет үшін қандай іс жасағанын ойласа, сол нәрсе оның жүрегінің тазалануына себеп болады. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Бір сағаттық ой жүгірту – бір жылдық ғибадаттан жақсы», – деген.

Әбу Ләйс ас-Самарқандидің тәпсірінде де солай айтылған.

Ақылды кісілер өткен күнәларына тәубе жасап, өзін ақыретте тозақ отынан құтқаратын, Аллаға жақындатушы істер турасында ойлансын және оларды орындаумен ақыретін құтқарсын. Мақсаты жоқ, аяғы белгісіз істермен әлек болмасын! Жаман істерді тастауға ұмтылсын. Әрдайым Алланы еске алып, арам істерден аулақ болсын! Нәпсісінің шариғатқа жатпайтын қалауларынан қашып, оған қарсы тұруды сақтасын!

Нәпсіні тәрбиелеу туралы ұлылардың сөздері:

Сүлеймен (а.с.) пайғамбар былай деген екен: «Нәпсісін тәрбиелей алған кісі жалғыз өзі жер жүзін бағындырған батырдан да күшті».

Әзірет Али (р.а.) айтады: «Мені мен нәпсім бір қора қой мен қойшыдаймыз. Қойшы қойдың бір жағын қайтарса, екінші жағы жайылып кете береді. Кім нәпсісін жеңіп, оның қалауларын тізгіндей алса, рақымға бөленіп, керемет топырағына көміледі.

Кім жүрегіндегі асыл сезімдерді өлтірсе, лағынетке ұшырап, азап топырағына көміледі».

Белгілі әулиелердің бірі былай дейді: «Аллаға ғибадат жасап, нәпсіңмен күрес. Аз ұйықта, аз сөйле. Аз ұйықтау ерікті күшейтеді. Аз сөйлеу бәлені жояды. Адамдарға және басқа жандыларға зиян келтірмеу пендені тілегіне жеткізеді. Аз тамақтану пендеге нәпсі құмарларын қиыншылықсыз жеңуге көмектеседі. Тамаққа әбден тою жүректі әлсіретіп, адамгершіліктен бездіреді. Аз тамақ жүректі нұрландырады. Әрдайым тоқ жүру пендені Алладан алыстатады. Сол себептен Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Жүректеріңді аштықпен нұрландырыңдар. Нәпсілеріңмен күресіп, оны тәрбиелеу үшін аз жеу және аз ішу жолын қолданыңдар. Аштықпен пейіш есігін қағуды тоқтатпаңдар. Себебі оның сауабы жиһадтың сауабына тең. Алла үшін аш болудан өткен ғибадат жоқ. Кім қарнын үздіксіз тойдырып жүрсе, рухани әлемге кіре алмайды, рухани ләззат ала алмайды және ғибадаттың дәмін сезбейді».

Әзірет Әбу Бәкір (р.а.) айтады: «Мұсылман болғанымнан бері Жаратқан Иеме жасаған ғибадаттан ләззат алу үшін ешбір уақытта тойып тамақ жемедім және қанғанша су ішпедім. Себебі көп жеген кісі көп ғибадат жасай алмайды. Пенде тамағына шейін тойып алса, дене-бойы ауырлап, ұйқы басады. Буындары босап, көп ғибадат жасауға ниеттенсе де қыла алмай, қолынан ұйқыдан басқа еш нәрсе келмей қалады. Мұндай адам жуылған өлікке ұқсайды». «Минһажул абидин» атты кітапта да дәл солай айтылған.

Лұқпан данышпан айтады: «Ұлым! Ұйқыда және тамақта шектен аспа. Себебі көп жеп, көп ұйықтағандар қиямет күні есеп беруге жаман жағдайда келеді, олардың ешқандай жақсы істері болмайды».

Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Көп жеп, көп ішумен жүректеріңді өлтірмеңдер. Өйткені көп суғарылған өсімдік тамыры шіріп қурап қалғандай, жүрек те (көп жеп-ішуіменен) өледі».

Ғалымдардың кейбіреулері асқазанды жүректің астында қайнаған және оның буы жүректі үрлеп тұрған қазанға ұқсатады. Бу көп болса, жүректі қарайтады, тіпті өлтіреді. Көп тамақтану ой-түсінікті және білімді азайтады. Құрсақтың үлкендігі еске сақтауды нашарлатады.

материал «Жүрек сырлары» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: