Алладан бейхабар болсаң, қайғыға батасың. Нығмет қолдан шығып, жақсылықтан алыстайсың. Алланың жолынан шығып, елге дұшпан болып, өкініште қаласың.
Бір тақуа пенде өзінің ұстазын түсінде көріп: «Ұстазым, сіз қайсы іс үшін қатты өкіндіңіз?» – деп сұрайды. Ұстазы: «Алладан бейхабар жасағаным үшін өкіндім», – деп жауап береді.
Сопылардың бірі түсінде Зуннун әл-Мисриді көріп: «Алла саған қалай мәміле жасады?» – деп сұрағанда, Зуннун: «Алла маған: «Ей, Мені сүйгенін айтқан өтірікші! Мені сүйгеніңді айттың, бірақ менің сүюімнен бейхабар өмір сүрдің» деп ашуланды», – деп жауап береді.
Бұл туралы бір ақын мынаны айтқан:
«Алладан бейхабар жүрегің адасты,
Өмір өтті, күнәң асып-тасты».
Тағы бір тақуа пенде әкесін түсінде көріп: «Әке, қалайсыз?» – деп сұрайды. Әкесі: «Балам, дүниеде Алладан бейхабар өмір сүріп, бейхабар күйі өтіп кеттік», – деп жауап береді.
«Заһрур-Риад» атты кітапта баяндалғаны бойынша, Жақып пайғамбар (а.с.) мен Әзірейіл періште (а.с.) жан дос еді. Бір күні Әзірейіл Жақыптың (а.с.) жанына келеді. Жақып пайғамбар: «Уа, өлім періштесі, мені көргелі келдің бе не жанымды алуға ма?» – деп сұрайды. Әзірейіл (а.с.) оған: «Сені көргелі келдім!» – деп жауап береді. Жақып пайғамбар: «Ажалым жақындағанда маған білдіріп қоюыңды қалаймын», – деп өтінеді. «Жарайды, сенің ажалың келерден бұрын екі не үш хабаршы жіберем», – деп айтады Әзірейіл періште. Бір күні Жақыптың (а.с.) ажалы жеткенде, Әзірейіл періште оның жанына барады. Жақып пайғамбар одан: «Мені көргелі келдің бе әлде жанымды алуға ма?» – деп сұрайды. Әзірейіл (а.с.): «Жаныңды алғалы келдім», – дегенде, Жақып пайғамбар: «Маған екі не үш хабаршы жібермек емес пе едің?» – деп сұрайды. Сонда Әзірейіл (а.с.): «Шынында, солай болды. Қап-қара шашыңның ағарғаны, денеңнің күш-қуаттан қалғаны, беліңнің бүкірейгені – мына солардың бәрі өлімнің хабаршылары еді», – деп жауап қайтарады.
Әбу Али Даххак28 баяндайды: «Бір тақуа кісі бар еді. Ол өз заманының ұлы ғалымы болды. Ауырып төсекте жатып қалған екен, көргелі бардым. Жанында оқушылары отыр екен. Ол кісі өзі жылап жатыр. Мен одан:
– Ұстаз, неге жылап жатсыз? Бұл дүниеден кетіп жатқаныңызға ма?.. – деп сұрадым.
– Жоқ, дүниеден кетіп жатқаныма емес, намазымды мән бермей оқып жүргеніме жылап жатырын, – деді.
– Қалайша? Сіз намазыңызды толық оқушы емес пе едіңіз?! – дегенімде.
– Рас, толық оқимын. Бірақ сол күнге шейін ақыреттен бейхабар намаз оқып жүріппін, – деп жауап қайтарды.
«Уйунул-Ахбар» атты кітапта Шақиқ әл-Балхи былай дейді: «Адамдар үш нәрсені айтады. Бірақ істері айтқан сөздеріне кереғар:
1. «Біз Алланың кұлдарымыз» дегенімен, жауапкершіліксіз іс жасайды.
2. «Алла біздің ризығымызға кепілдік береді» дегенімен, көңілдерін дүние ғана тойдырады.
3. «Өлімнен қаша алмайсың» дегенімен, еш өлмейтіндей іс жасайды.
Бауырым! Өзіңді жөнге сал. Ұлы Жаратқанның алдында қай денемен тұратыныңды есіңе сал. Қайсы тілмен оған жауап беріп жатқаныңды ойла. Ол сенен анша-мұнша нәрселер туралы сұрағанда қайтіп жауап бересің? Сұраққа жауап, жауапқа сауал дайында. Алладан қорық. Ол барлық жасаған істеріңді біліп тұрады. Мүминдерге насихат айтып, үлгі бол. Алланың үкіміне мойынсұнсын және оған ширк келтірмесін.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) былай деп айтқаны риуаят етіледі: «Арштың етегінде былай деп жазылған: Мен (Алла) маған мойынсұнғанның тілегіне жеткізіп, істеріңді игілікті қылам. Мені сүйгенді сүйем. Маған дұға қылған пендеге тілегін берем. Кешірім тілегенді кешірем».
Ақылды мұсылман Алладан қорқып, оған мойынсұнады. Оған ғана құлшылық жасайды. Оның үкіміне және тағдырына разы болады. Басына түскен қиыншылықтарға сабыр қылады. Ие болған жақсылықтарына шүкіршілік етеді. Алланың бергеніне қанағат қылады. Алла Тағала құдси хадисте былай деген: «Кім Менің үкіміме разы болмаса, сынақтарыма сабыр қылмаса, берген нығметтеріме шүкіршілік етпесе, ол өзіне Менен басқа құдай тауып алсын!»
Бір кісі Хасан Басриге келіп: «Мен Аллаға ғибадат жасаудан ләззат ала алмай жатырмын», – дейді. Хасан Басри (рахматуллаһи аләйһи) оған: «Сен Алладан қорықпаған біреуге қол жайып қойғанға ұқсайсың. Құлдық жасау – барлық нәрсені Алла үшін тастау», – деп айтады.
Тағы біреу Әбу Язидке: «Мен Аллаға құлшылық жасаудан ләззат ала алмай жатырмын», – дегенде, Әбу Язид: «Өйткені сен Аллаға емес, ғибадатқа құлшылық жасап жатырсың. Аллаға құлшылық жасасаң, ғибадаттың ләззатын татасың», – деп жауап берген екен.
Бір кісі намазға тұрып, «Саған ғана құлшылық жасаймыз» деген аятты оқығанда, шынында, өзін Аллаға ғибадат жасап жатырмын деп ойлайды. Сонда ғайыптан: «Жалған айтып жатырсың. Сен мақұлықтарға ғибадат жасайсың» деген үн естіледі.
Сол оқиғадан кейін ол елден аулақтап, намазын қайта басынан бастайды. «Саған ғана құлшылық жасаймыз» дегенде, «Жалған айтып жатырсың. Сен киімдеріңе сиынып жүрсің», – деп қайтадан баяғы үн естіледі. Сонда ол кісі үстіндегілерден басқа барлық киімдерін садақа қылып таратып жібереді. Содан соң намазға тұрады, «Саған ғана құлшылық жасамыз» деген аятты оқығанда, баяғы үн қайтадан естіліп: «Міне, енді тура айттың. Жалғыз Жаратқанға құлдық қыла бастадың», – дейді.
Бір кісі қаптарын кімге бергенін есіне түсіре алмай жүреді. Бір күні ол намазда тұрып кім алғанын есіне түсіреді. Нәтижеде қызметшісіне: «Пәленше кісіге барып қаптарды алып келші», – дейді. Қызметкері одан: «Оны қашан есіне түсірдіңіз?» – деп сұрайды. «Намазда тұрғанда», – деп жауап қайтарады әлгі кісі. Сонда қызметкері: «Қожайыным, сен намазда Алланы емес, қаптарды іздеген екенсің», – дейді. Бұл сөзді естіген қожайын, қызметшісінің иманы бекемдігін түсінеді де, оны азат қылады.
Ақылды пенде дүниені тастап, Аллаға ғибадат жасап, келешегін ойланып, ақырет бақытын тілеу керек. Құран Кәрімде бұл туралы былай деп айтылады: «Алланы ұмытқан, Алла да оларға өз-өздерін ұмыттырған бейбақтар секілді болмаңдар. Хақ жолдан тайған күнәһарлар, міне, солар».(«Хашыр» сүресі, 19)
Сол үшін Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) 40 мың динар құпия садақа, 40 мың динар жария садақа қылған. Үйінде байлық дегеннен еш нәрсе қалған емес.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) және оның бала-шағасы да бұл дүние ләззаттарынан бас тартқан еді. Сондықтан әзірет Фатима әзірет Алиге тұрмысқа шыққанда, оның үйінде бір қошқардың терісі мен ішіне құрма жапырағы салынған бір жастық қана болған.
материал «Жүрек сырлары» кітабынан алынды,
ummet.kz