Қасиетті Құранда күлу мен жылау туралы: «Күлдіретін де, жылататын да Ол (Алла)», дейді («Нәжм» сүресі, 43-аят).
Күлу мен жылау – Алла Тағаланың адамға берген қасиеттерінің бірі. Адам баласы кейде бір нәрседен қуанып күледі, кейде қайғырып жылайды. Тіпті, қуанғанда көзі жасқа толады. Қалай болса да, адам өзінің ішкі сезімдерін осылай білдіреді. Бірақ, себебін өзі түсіндіре алмайды, оны ойлап түбіне жете алмайды. Алайда, Алла оны солай жаратты, бұл қабілетті жүрегіне осылай орнатып қойды. Тәпсір кітаптарында бұл аят жайында: «Күлкәіні де, жылауды да жаратқан – Ол Алла. Алла Тағала Жәннат иелерін Жәннатқа кіргізіп күлдіреді, тозақ иелерін тозаққа тастап жылатады, ал бұл дүниеде қалаған адамды күлдіріп, қалағанын жылатады» деген.
«Тәубе» сүресінде мұнафықтар жайында: «Енді олар істеген күнәлары үшін аз күліп, көп жыласын», делінген. («Тәубе» сүресі, 82-аят). Яғни, олар істеген қылмыстары, екіжүзділігі үшін аз күліп, көп жыласын деген сөз. Аятта күлу, жылау сөздері бұйрық раймен келсе де, оны қорқыту, ескерту мағынасында түсіну қажет. Бұл аят Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Табук шайқасына көптеген сахабалармен шыққан кезде сол шайқасқа олармен бірге бармай қалып, қуанған мұнафықтар туралы баяндалады.
Ал мүміндерге Құранда сүйінші хабар айтылады. Сондықтан мүмін әрқашан жақсы нәрсені үміт етіп, көңілін көтеріп, қуанып жүруі керек. Дегенмен, жақсы көңіл-күй сәттілік пен түрлі табыстардың кілті, ал мұң-қайғы – қателік пен адасулардың себебі. Сондықтан, Алла Елшісі оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әрдайым барлық нәрседен жақсылық іздеуге ұмтылатын, әр нәрсеге ашулануды, долдануды ұнатпайтын, әрі қашан да жарқын жүзді, көңілі көтеріңкі болатын. Орнымен әзілдесіп, күлетін.
Күлімдеп жүрудің сүннет екенін жақсы білеміз. Бірақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қарқылдап, аузын ашып, қатты күлмейтін. Дауысы қатты да, бәсең де шықпайтын. Өзіне қатысы жоқ нәрсеге араласып, сөз шығындамаған. Сөйлесіп тұрған адамынан ол бетін бұрмайынша назарын басқа жаққа аудармаған.
Ислам дінінде барлық нәрсе өз мөлшерінде болуы талап етіледі. Мысалы, күлкі де өз орнымен, әдеппен болуы керек. Өз мөлшерінен аспай, әдепсіздікке тартып кетпесе, күлудің еш әбестігі жоқ. Әр нәрсенің бір шегі болғандай, көп күлудің де өз зияны бар. Олар:
- Көп күлу жүректі қатайтады.
- Орынсыз күлу адамды құрметтен айырады.
- Көп күлу адамды жеңіл ойлы, жауапсыз етіп қояды. Мұндай адам қоғамдық мәселелерді ойламайды, түзете алмайды, түйінді мәселелерді орындауға жарамай қалады.
- Көп күлу денсаулыққа зиян, жүректі талдырады, денені шаршатады.
Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) имансыздарға Алланың құдіреті мен мейірімі, қаһары мен ашуы жайында айтып, иманға шақырса, олар мазақ етіп күлетін. Құранда осындай жағдайға қатысты былай баян етіледі: «Сөйтіп, Мұса оларға аяттарымызды көрсеткенде, олар күліп, мазаққа айналдырды» («Зұхруф» сүресі, 47-аят). Осы аятта да күлкінің жаман қасиет екеніне ишара бар. Сол секілді тәубе еткен пенделердің жылаған сәтіне қатысты былай баян етеді: «Сөйтіп, олар жылаған күйде тағы да сәждеге жығылады. Міне, Құран олардың Аллаға деген сый-құрметін осылайша арттыра түседі» («Исра» сүресі, 109-аят). Яғни, аятта күнәға тәубе етіп, жылаудың артықшылығы айтылуда.
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көп күлудің зиянын ескертіп, былай деген: «Көп күлуден сақтаныңдар, өйткені көп күлу жүректі қатайтып, жүздің нұрын кетіреді». Жаратқан Алла Тағала әдепсіз күлкіден сақтап, шынайы өмір нәсіп етсін!
материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,
ummet.kz