Ибн Омардың күңін азат етуі туралы риуаят
Ибн Омардың (р.а) риуаяты бойынша, «Сүйген нәрселеріңді (дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім…) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде ізгілікке қол жеткізе алмайсыңдар» (Али Имран, 3/92) деген аятты естігенімде, Алланың берген нығметтерін көз алдыма елестеттім. Римдік Мәржана есімді күңнен басқа маған ешкім ыстық көрінбеді. «Мәржана, бүгіннен бастап Алла үшін азатсың», – деп оны еркіне жібердім. Егер де Алла үшін берілген мал-мүлікті қайтарып алуға рұқсат болғанда, оны өзіме өмірлік жар етіп алар едім», – деді.
Хакимнің риуаятынан да мына екі мағлұматты кездестіруге болады. «Ибн Омар бұл күңді өзінің азат еткен құлы Нәфимен үйлендірді. Кейін олар үбірлі-шүбірлі отбасына айналды».
Нәфи: «Ибн Омардың баланы құшағына алып тұрып бетінен сүйіп, анаңнан аумай қалыпсың», – дегеніне куә болдым», – дейді.
Ибн Омардың Алла жолында жасаған жомарттығы туралы
Нәфидің (р.а.) риуаяты бойынша, Ибн Омар мал-мүлкінің қайсысына көңілі құлай бастаса, оны сол сәтте Алла жолында жұмсайтын. Ибн Омардың бұл қырын жақсы таныған құлдар намазын жібермей, жамағатпен оқитын болды. Ибн Омар да олардың бұл ниетін байқап азат ететін. Бір күні ибн Омардың достары: «Ей, Әбу Абдуррахман! Құлдарың сені алдап жүр», – деп күдік келтіргенде, Ибн Омар: «Кімде-кім бізді Алла үшін алдаса, біз қуана-қуана алдануға бармыз», – деді.
Әбу Талханың айрықша жақсы көрген құрма бағын Алла жолында садақа етуі
Хазірет Әнәстің (р.а.) риуаяты бойынша, Әбу Талха ансарлардың арасында ең үлкен құрма бағына ие еді. Алайда оның ішінде Бәйруһа деп аталатын бақты өзгеше ұнататын. Құрма бағы мешіттің дәл қарсысында еді. Кейде Алла елшісі сол баққа соғып, бұлақтан су ішетін. «Сүйген нәрселеріңді (дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім т.б.) Алла жолында жұмсамайынша,
шынайы түрде игілікке қол жеткізе алмайсыңдар» (Али Имран, 3/92) деген аят түскен кезде, Әбу Талха Пайғамбарымыздың алдына барып: «Уа, Расулаллаһ! Алла тағала: «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша шынайы түрде игілікке қол жеткізе алмайсыңдар», – дейді. Дүние-мүлкімнің арасынан Бәйруһа бағын жанымдай жақсы көруші едім. Оны енді Алла жолында жұмсағым келеді. Иншалла, Алла тағала менің бұл садақамды қабыл етер», – дейді, со- дан соң аз-кем тыныс алып: «Уа, Расулаллаһ! Ол бақты Алланың қалауы бойынша, жұмса», – дейді. Бұған риза болған Алла елшісі: «Бұл – неткен олжалы сауда!» – деп ілтипат көрсетті.
Басқа бір риуаятта Алла елшісі Әбу Талхаға: «Ниетіңді құптаймын. Алайда оны туыстарыңа таратқаның абзал» –дейді Әбу Талха «Жарайды, айтқаныңыздай орындаймын», – деп, құрма бағын ағайын-туыстарына теңдей бөліп береді.
Әбу Зәррдің ең жақсы көретін түйесін садақаға беруі
Әбу Зәррдің (р.а.) риуаяты бойынша, «Дүние-мүлікке мына үш нәрсе ортақ болады. Біріншісі – тағдыр. Қандай да бір апат не өлім келгенде, айырылып қалған мал-мүлкің саған жақсылық немесе жамандық әкелетінін айтпайды. Яғни, дүние-мүліктің саған жақсылық не жамандық алып келетінін біле алмайсың. Екіншісі ─ мұрагерің. Артыңдағы мұрагерлер сені қашан өледі екен деп дүние-мүлкіңе ие болғанша асығады. Үшіншісі – өзің. Сен осы бәсекелестеріңнің алдында қауқарсыздық танытпауға тырыс, өйткені Раб-бымыз «Сүйген нәрселеріңді (дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар» (Али Имран, 3/92) деген. Қараңдар, бұл түйе менің ең жақсы көретін малым еді. Мен оны Алла үшін садақа еттім».
Ал сіздің қандай сүйікті дүниеңіз бар? Оны дәл қазір Алла үшін садақа ете аласыз ба?!
материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,
ummet.kz