08
Жұма,
Қараша

һижри

Тәйәммүм деген не? Ол қалай жасалады?

Тәйәммүм деген не? Ол қалай жасалады?

Иман келтіру

Тәйәммум сөзінің анықтамасы қандай?

Тәйәммум араб тілінде бағытталу, ниеттену деген мағынаны білдіреді. Шариғаттағы терминдік мағынасы: екі хадестен тазалану ниетімен су болмаған жағдайда топырақты немесе басқа жер жынысын пайдалану. Оның дәлелі мына аят: «Су таба алмасаңдар таза жерге тәйәммум соғыңдар: онымен жүздеріңді,қолдарыңды сүртіңдер» (Мәида сүресі, 6-аят).

Дәреті жоқ кісіге қашан тәйәммум алуға болады?

Егер дәреті жоқ адам қаладан тыс жерде жолаушы халінде болса және су бір милдей не одан да қашық жерде болса, хадестен тазару үшін тәйәммум алуына болады.

Ауру адамның су бола тұра тәйәммум алуына бола ма?

Иә, егер науқас кісінің су мен дәрет алса дерті асқынатын болса немесе жүніп адам суық сумен ғұсыл алса ауруға ұшырайтын болса, ия, болмаса суға құрал таппаса тәйәммум алуына болады.

Тәйәммумды қалай алады?

Бірінші үлкен немесе кіші хадесті кетіруге ниет етеді. Сонан соң жерді алақандарымен ұрып, бүкіл бетін қалдырмастан сипайды. Осыдан кейін жерді екінші рет ұрып,әуелі оң қолын, сосын сол қолын шынтағына дейін сипайды.

Бұл тәйәммум үлкен хадес үшін бе, әлде кіші хадес үшін бе?

Бұл айтылған үлгі екі хадеске де бірдей. Айырмашылығы жоқ. 

Немен тәйәммум алса болады?

Таза топырақпен және жер жынысы деп есептелетін құм,бор,әк,сүрме сондай-ақ, тас сияқты заттармен де (тіпті жып-жылтыр болса да) тәйәммум алуға болады. Негізгі – шарты таза болу. Бұл Әбу Ханифа мен Мұхаммедтің пікірлері. Ал, Әбу Юсуф топырақ пен құмнан басқа нәрселермен тәйәммум алуға болмайды деген.

Жұмыс істеп жатқанда беті-қолына шаң-тозаң тисе тәйәммум алған болып есептеле ме?

Жоқ. Тәйәммум алған болып есептелмейді. Өйткені тәйәммумде ниет ету парыз іс. Алайда, ғұсылға ниеттенбестен суға сүңгіп шықса ғұсыл алған болып есептеледі. Сол сияқты жауған жаңбыр денесінің дәрет алатын мүшелеріне тисе дәрет алған болып есептеледі. Мұның себебі ниет ету ғұсыл мен дәретте парыз емес сүннет, ал тәйәммумде парыз.

Тәйәммумен нәпіл намаздарын оқыса бола ма?

Тәйәммуммен қалаған намаздарын оқиды. Мұның жағдайы ғұсыл алған жүніп пен дәрет алған дәретсіздің жағдайымен бірдей. Бұл тұрғыда сумен тазару және топырақпен тәйәммум алудың арасында айырмашылық жоқ. Тәйәммум алушыға Құранды ұстауға,мешітке кіруге, Құран оқып, су болмаған  жағдайда  Қағбаны  тауап  етуіне  болады.

Тұрғылықты, сау кісіге тәйәммум алуға бола ма?

Егер жаназа намазын оқиын болып, дәрет алса намаз өтіп кететін болса, онда оның тәйәммум алып оқуына болады.

Осындай жағдай айт намазында болып қалса ше?

Иә, айт намазы өтіп кететіндей болса тәйәмум алып оқуына болады.

Бір адам дәрет алсам жұма намазын өткізіп аламын деп қауіптенсе оған да тәйәммум алуға болады ма?

Оған тәйәммум алуға болмайды. Дәрет алып, егер үлгерсе имаммен бірге жұма намазын оқиды, үлгермесе бесін намазын оқиды.

Ал, егер уақыт тығыз болса, мысалы таңертең ұйқыдан тұрғанда дәрет алса таң намазының уақыты өтіп кететіндей болса тәйәммум алуға бола ма?

Ондай жағдайда тәйәммум алуға болмайды. Оған дәрет алу керек. Жүніп болса ғұсыл алуы тиіс. Күн найза бойы көтерілген соң қазасын оқиды. Өйткені, уақыттың тығыздығы тәйәммум алуға себеп бола алмайды.

Намаз уақытының басында су таба алмаған адам су намаздың соңғы уақытында табылады деп үміттенсе намазын кешіктіруі парыз ба?

Парыз емес. Мұндай да намазды кешіктіру мұстахаб. Егер су тапса дәрет алады,су таппаса тәйәммум алады.

Бір жолаушы көлігінде қойған суын ұмытып, тәйәммуммен намаз оқып, суы бары кейіннен есіне түссе, оқыған намаздарын дәрет алып, қайта оқи ма?

Әбу Ханифа мен Мұхаммедтің пікірінше қайта оқымайды. Ал, Әбу Юсуф намаздарын қайта оқиды деген.

Жолаушының дәрет алатын суы болмаса су іздеуі керек пе?

Егер жақын жерде су бар екендігіне сенімі аз болса су іздестіріп керегі жоқ. Ал, егер су бар екендігіне сенімді болса, тәйәммум жасамай тұрып, іздеуі керек.

Егер қасындағы жол серігінде су болса, тәйәммум жасамастан бұрын сұрап, талап етуі керек пе?

Иә, сұрап көреді. Тегін берсе де, сатса да одан су алып, дәрет алады. Егер бермесе тәйәммуммен намаз оқиды.

Тәйәммумды не бұзады?

Дәретті бұзатын барлық жәйттер бұзады. Судың табылуы немесе суға қол жеткізуі бұзады.

материал «Ислам тазалығы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: