Жүрек тазалығының белгісі – ислами тәрбие негіздеріне сусындау. Бұл тұрғыда Ардақты пайғамбарымыздың мінез-құлқын өнеге ету. Себебі, пайғамбарымыздың әрбір ісі үлкен үлгі-өнегеге толы. Осы орайда пайғамбарымыздың тәрбиесіне қарай отырып, өз мінезін түзегендер ғана таза (сәлим) жүрекке қол жеткізетінін білген жөн. Кері жағдайда адам өз-өзін алдатушылықтан аспайды.
Жүрек тазалығын тар ауқымда қарастырған дұрыс емес. Жүрек тазалығы – өзіңнен гөрі өзгелердің бақытын көбірек ойлау, мұсылман үмбеті үшін аянбай қызмет ету секілді кең түсініктерді де қамтиды. Неге десеңіз, бұл да сүннеттің жолы, сахабалардың дәстүрі. Сол себепті өзіне тиесілі ғибадаттарды орындай жүріп, ішкі жан дүниесін кемелдендіре түсуге тырысатындар, дін үшін тер төгіп, еңбек ететіндер де жүрек тазалығына қол жеткізеді. Құрандағы аяттардың бірінде сәлим – таза жүрек дүние-мүлік пен бала-шағадан да жоғары қойылған: «Дүние-мүлік пен бала-шаға пайда бермейтін сол күні (қиямет) таза жүрек қана кәдеге жарайды». Ендеше, ақиретте мүминнің кәдесіне жарайтын дүние-байлық, бала-шағаның көптігі емес, жүрек тазалығы екенін ұмытпаған жөн. Мүминнің арманы өмірді жақсылықпен өткізу, артқа жақсы із тастау, ақыретте ізгі кісілермен бірге тірілу, Кәусар бұлағының бастауына бару, өзін ардақты Пайғамбарымыздың алыстан тануы болатыны белгілі. Сүйікті пайғамбарымыздан «Ақыретте үмбетіңізді қалай танисыз?» деп сұрағанда, ол «Дәрет алған мүшелерінен танимын, сіздер маңдайы қасқа, аяғы ала сәйгүліктеріңізді үйір-үйір жылқының арасынан қалай ажырата алсаңыздар, мен де үмбетімді басқалардан солай ажырата аламын», – деп түсіндірген.
Демек, «Олардың жүздерінде сәжденің ізі бар»167 деп Құранда айтылғандай, мұсылман үмбеті ақыретте маңдайдағы сәжде ізінен және дәрет алып тазаланған ағзаларынан танылмақ. Иманды болу – иманның талаптарын орындау арқылы ажарлана түспек. Ал иманның талаптары – діни міндеттер мен жауапкершіліктерден құралады. Өз кезегінде діни міндеттердің барлығы да адамды іштей әрі сырттай тазалауға негізделген. Айталық, дәрет алмастан намаз оқылмайды. Намаз адамды түрлі арсыздықтар мен жамандықтардан тыяды. Оразаның арқасында нәпсіні тыйып, құл екенімізді сезініп, жанымыз бен тәнімізді жаман әдеттерден қорғаймыз. Зекет адамның мал-мүлкін кірден тазартады. Қажылық ғибадаты болса адамдағы менменшілдік, тәкаппарлық, өзін басқалардан үстем көрушілік секілді сырқаттардан арылтып, оны анасынан туғандай пәк етеді. Осындай ғибадаттарды орындамаған адамның жүрегінің таза екенін айту қиын. Ендеше, жүрек тазалығының ең айқын белгісі, адам баласының өзіне парыз етілген ғибадаттарды мүлтіксіз орындауы болып табылады.
материал «Исламдағы тазалық» кітабынан алынды,
ummet.kz