Намаз адамға балиғат жасына толысымен парыз болатынына қарамастан, көбіміз «балиғат жасына зейнеттен шыққанан кейін толуды» әдетке айналдырдық.
Кейбіреулер тіпті зейнеттен кейін де, «балиғатқа тола қойған жоқ». Шайтан ешкімді «Намаз оқыма» деп азғырмайды. Олай болған жағдайда оның беті ашылып қалады. Сондықтан шайтан жастарды: «Сен әлі жассың, әлі қайда, өмірдің қызығын көру керек. Кейін отау құрып баларды аяққа тұрғыз, ұлыңды ұяға, қызыңды қияға қондыр. Сосын зейнетке аман есен шыққан соң оқисың» деп азғырса, кәріні: «Әй, денсаулығың анау, әзер жүрсің, Алланың ашуынан Мейірімі басым деген Алла кешіреді. Аяттарды миың қабылдамайды, тілің болса күрмеліп, белің бүгілмей сыр бергелі қашан» деп айналшақтайды. «Екі піл соғысса ортада шыбын өледі» дегендей, ортада оқылмай намаз қалады. Бұл сіздің емес, шайтанның мақсатына жеткені. Бүгін қолдан келетін игілікті кейінге қалдыруына болмайды. Себебі ешкімнің қолында қанша өмір сүретіндігіне кепілдеме қағазы жоқ.
Ал адам дүниеден озғанда ең алдымен намаздан сұралады. Және оның ары қарайғы жағдайы да намазына қарап өлшенеді. Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамның амалдарынан ең алғаш сұралатыны – намаз. Егер де намазы толық болса, онда ол жетістікке жеткен болып саналады. Ал егер де толық болмаса, онда ол анық шығынға ұшыраушы болады» деген. (Тирмизи).
ummet.kz