25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Зұлхижжа – Рамазаннан кейінгі екінші мүмкіндік

Зұлхижжа — Рамазаннан кейінгі екінші мүмкіндік

Құрбан Айт
Жарнама

Зұлхижжа – Һижри жыл санауы бойынша ең қасиетті айлардың бірі. Әсіресе, бұл айдың алғашқы он күні – жылдың қалған күндерінен қайырлы һәм мүбәрак Рамазаннан кейінгі екінші мүмкіндік ретінде қабылданады.

Бұл мезгілдің ерекшелігі туралы Құранда: «Ағарған таңға, Құрбан айының алғашқы он кешіне серт», («Фәжр» сүресі, 1-2 аяттар) – деп айтылса, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Алла алдында Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде жасалған ізгі амалдардан асқан сүйікті амал жоқ» (Бұхари) деп келеді.

Биылда біз әлемді шарлаған пандемияға байланысты қажылық рәсімін атқара алмаймыз, дегенмен, өз шаңырағымызда (үйімізде) сансыз игіліктер мен мол сауаптарға кенелуімізге мүмкіндігіміз бар.

Сонымен, осы 10 күнді қалай тиімді пайдалансақ болады?

Алланы зікір етуді (еске алуды) көбейту

Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «…Осы күндерде көп тәһлил, тәкбир және тахмид айтыңдар!», деген.

Тәһлил: Лә иләһә иллаллаһ – Алла Тағаладан басқа тәңір жоқ;

Тәкбір: Аллаһу әкбар – Алла Тағала ұлық;

Тахмид: Әлһамдулиллаһ – Аллаға шүкір.

Сондай-ақ, тәсбихты қайталаған да абзал болады.

Тәсбих: Субханаллаһ – Алла Тағала кемшіліктен пәк.

Зікір – құлшылық-ғибадаттың бір түрі және сіздің Алла Тағалаға деген махаббатыңызды күшейтетін бірден-бір амал екенін ұмытпағаныңыз жөн.

 

Нәпіл ораза тұту

Аталмыш он күнде қате-кемшіліктеріміз үшін шынайы өкініп, тәубе етіп,  Алланың кешірім есіктерін қағудың тағы бір мүмкіндігі – ораза ұстау екендігі баршамызға мәлім.

«Алла елшісі зүлхижжа айының тоғыз күнінде, ашура күнінде және әр айда үш күн, сондай-ақ, айдың дүйсенбісі мен бейсенбісінде ораза ұстайтын еді» (Әбу Дәуіт).

Демек, осы айдың алғашқы тоғыз күнінде ораза ұстасақ, әрі бұл уақыт дүйсенбі және бейсенбі күндеріндегі сүннет оразамен сәйкес келетін болса сауабымыз еселенуі әбден мүмкін.

Сондай-ақ, «Арафа күнгі ораза өткен жылғы және келер жылғы күнәлардың өтемі болады» (Мүслим), деген пайғамбар (с.ғ.с.) хадисі бұл күнгі оразаның артықшылығын анық көрсетеді.

 

Құран оқу

Зұлхижжа айының алғашқы он күні Құранмен қарым-қатынасыңызды күшейтіңіз. Құран Кәрімді оқу әдеті екі дүниеде де бақытқа кенелтетін амал екенін есіңізден шығармаңыз.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алланың кітабынан (Құраннан) бір әріп оқитын болса, оған бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылық он еселенеді. Мен әлиф, ләм, мимді (бәрін қосып) бір әріп демеймін, әлиф – жеке әріп, ләм – жеке әріп, мим – жеке бір әріп. (Әрқайсысына жеке сауап жазылады)», деп айтқан.

Жай күннің өзінде бір әріптің сауабы он есе көбейсе, бұл мезгілдегі әр оқылған әріп үшін қанша сауап алатынымызды елестетіп көріңіз.

 

Дұға жасау

Меккеде болмасақ та, жүректеріміз және дұғаларымыз арқылы, қазіргі уақытта үлкен қажылықта жүрген мұсылмандармен біргеміз. Сол себепті осы күндері еліміз бен жеріміздің, күллі адамзаттың амандығы үшін дұға жасайық.

 

Садақа беру

Осы берекелі он күнде берілген әр садақаның сауабы да еселенетіні сөзсіз, сол себепті жомарттық таныту мүмкіндігін жіберіп алмаңыз.

 

Жақындарымызды, науқастарды, мұқтаждарды зиярат ету

Жақындарымызға көңіл бөлген кезде, өзіміз танитын науқас немесе мұқтаж кісілерді де есімізден шығармағанымыз жөн. Егер сіздің ортаңызда осындай адамдар бар болатын болса, мүмкіндігінше оларды да зиярат етіп, бір сәт болсын көңілдерін аулауға тырысыңыз. Біз үшін кішкене ғана нәрсе – олар үшін үлкен мағынаға ие болуы әбден мүмкін.

 

Құрбан айтқа дайындық жасау

Құрбан айт мерекесі – Зұлхижжа айының 10-шы күні басталып, үш күнге созылады. Бұл ретте осы күнге дайындықты алдын ала бастаған абзал.

  • Ибраһим (ғ.с.) және Исмаил (ғ.с.) пайғамбарлардың басынан өткен оқиғаны еске түсіру;
  • Зұлхижжа айының алғашқы тоғыз күнін мейлінше пайдалы өткізу;
  • Мерекелік жағдай жасау (тазалыққа көңіл бөлу, дәмді ас әзірлеу, мүмкіндік болса туған-туысқанға сыйлық дайындау және т.б.).

Осы қасиетті күндері Алла баршамызға рухани қуанышты және Өзінің мейірімділігін сезінуді нәсіп етсін! 

материал «Ислам діні» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: